Өтірік соғу – қазақтың ұлттық бренді

Олар бұрын боқ болған. Комсомолдың қатқан тезектеріне бекер сендік

Әділ КЕМЕҢГЕР

03.06.2021, 14:54

3796

       «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар еді қазақта. Жалпы, дұрыс қойылған сұрақ жауаптың жартысын өзі-ақ береді деседі. Режиссер Ермек Тұрсынов әлеуметтік желіде тағы бір толғанысын жазған екен. Ол былай дейді:

   – Мен бір нәрсені түсіндім. Осы күнге дейін менің ойлап келгенім, ойбайлап келгенімнің бәрі жалғыз-ақ сұраққа келіп тіреледі екен: құдай-ау, осы қазақтың қай жері кем? Одан кейін басқа сұрақтар да шығады. Неге біз қай тірлікті қолға алсақ та, онымыздан түк шықпайды? Қолымыздан бірдеңе келе ме, өзі? Осы қазақ, жарайды, керек десеңіз, қазақстандықтар дейік, қазір қалай өмір сүріп келеді?

        Есті адамдар өзіне мұндай сұрақтарды қоймайды. Олар үндемей құтылады. Дұрыс істейді. Ессіз адамдар әлемінде кемеңгерлер өмір сүре алады. Менің оған миым жетпейді екен.

      Ал енді не істейміз? Бүкіл өміріміз жаппай алдаудан, жалғандық пен өтіріктен ғана тұратын болды. Өтірік соғу қазақтың ұлттық брендіне айналды. Арамызда ақымақ біреу еркін ойлап қойса, жағдайға шынайы қарап, өткір сын айтып қойса – әлгіні түтіп жейміз. Мен біліп отырмын, осындай ойларым үшін менен де көпшілік теріс айналар. Бірақ маған көпшіліктің шындығы ұнамайды. Ақиқатын айтайын, олардыкі ешқашан «шындық» болған да емес. Санасына сіңірілген өтірікке кәдімгі қарапайым шындықтан да шынайы сенетіндерді көз көрген.

       Неге бұлай деген сұрақтың жауабын табуға, мүмкін,  Черчилль көмектесер. Ол кезінде Ресей туралы былай деп жазған екен: «Бұл орыстарды ұғу қиын. Олар ертең өздерін асырайтын шаруаларды аштан қырып тастады. Халқының тығыздығы тым төмен болғанына қарамастан, ел жерін бүлдіріп тастағаны сонша – енді сырттан бидай сатып алуға мәжбүр. Мен кәріліктен өлетін шығармын дегем. Бірақ бұрын бүкіл Еуропаны астықпен асыраған Ресей бидай сатып ала бастады дегенді естігенде, мен күлкіден өлетінімді ұқтым.

       Сталин аграрлық алып елді басып алды да, оны шикізат сататын ел етті, ядролық қоқысқа айналдырды. Алда оларды деградация күтіп тұр. Енді бір екі-үш ұрпақтан кейін олар пайдалы қазбаларды да өз бетінше өндіре алмайтын ел болады. Халық әбден кедейленіп аштан өле бастайды, ал олардың диктаторы мен оның құлдары бізден жылтыраған дүниені сатып алып, оны өздері сияқты сыбайлас-көршілес елдеріне сатады. Ресей басшылары үшін бұл ең тиімді бизнес болады. Сондықтан біз олардың әскери агрессиясының алдын ала алатын болсақ, онда Ұлыбритания мен басқа да батысеуропалық елдер үшін КСРО-ның барынша ұзақ өмір сүргені тиімді: Советтер елі арзан шикізат көзі һәм ескірген технологиялық өнімдерді қымбатқа өткізуге қолайлы нарық. Сонымен қатар аздаған тиын-тебенін берсең – Ресейге ядролық қалдықты да төге беруге болады. Советтік экспансияны тоқтатсақ болды, олар бізсіз-ақ өздерін-өзі жояды...»

       Оның осындай тым ұзақ цитатасын келтіргенім үшін кешірім сұраймын. Бірақ деймін, қарап отырсақ, Черчилль тура біз, Қазақстан туралы жазып кеткендей әсерде қаласыз. Ендеше бұл арада біз туралы бірнеше дерек келтіре кетейін.

      Ұжымдастыру жылдары мен ашаршылық кезінде, қуғын-сүргін кезінде 5 миллионнан астам қазақ қырылды. 1956 жылы «Отан үшін отқа түскіш» еліміз тұңғыш рет Мәскеуге миллиард пұт бидай тапсырды. Енді ше, жаңағы Черчилль айтқан шикізат экспортына тәуелді елміз. Семей полигоны маңындағы жер қазір ядролық қоқыс алаңы, пайдаланылған ядролық шлакты көму үшін Қазақстанға әлі де әкеліп жатыр. Ескірген технологиялық өнімдерге келсек те, рас, 90-жылдардан бастап шетелдік ескірген көліктің бәрін өзімізге кіргізіп алдық. Еуропа мен Шығыс Азияның дамыған елдерінің ескірген қоқысын алып, оларға тағы ақшамызды бере салдық. Ол елдер шынымен тозған техникасын қайда жіберерін білмей тұрған еді. Әлгі техникалық қоқысты қазақтар әлі пайдаланып, жаппай қолданып келеді. Біз қазір дүниенің бәрін Қытайдан сатып алатын елміз. Өзіміз шындап келгенде тек қазы-қарта мен бауырсақ қана жасай аламыз.

       «Олар өздерін-өзі жояды» деген тұсында сэр Черчилльмен дауласуға болар ма еді, бірақ мен дәл қазіргі әбден қажыған халықтың ашу-ызасының осынша жоғары деңгейін, халықтың дәл қазіргідей торығуы, немқұрайдылығы мен елдегі оқиғалардың бәріне тек теріс көзбен қарайтынын бұған дейін байқамаған едім.

        Айтпақшы, Черчилль мұның бәрін сонау Шыңғыс хан заманында емес, кеше ғана жазып кеткен. Ол кісіні ақымақ немесе экстремист дей алмайсың. Ұлыбритания премьері шындықты айтатын, қатты айтатын, басқаларға батырып айтатын. Өйткені ол – саясаткер. Ол қанша батырып айтса да, оныкі дұрыс.

       Рас, Қазақстанда өмір сүру жақсарып қалды, бірақ оның қызығын кім көруде?

       Біз кеңес заманында құл едік. Оған дейін де құл боп келгенбіз. Сосын, тәуелсіздік алып, өз тағдырымыз өз қолымызға тиді. Бір мүмкіндік берілді, негізі. Бірақ кеше құл болғандар мен кеше еркін болғандар – екі түрлі адамдар екен. Тәуелсіздікке дайын болмай шықтық. Оны түсінген де жоқпыз, дұрыс қабылдай алған да жоқпыз. Біз тәуелсіздік дегенді ойыңа келгенді істеу екен деп ұғыппыз. Ақымақ болып, ел тізгінін ұстағандарға тым қатты сендік. Сөйтсек, олар ешқандай да беткеұстарлар емес, кәдімгі шөпкетышарлар болып шықты. Тым қарабайыр, қу құлқынның құлы болған кәкір-шүкірлер мен кәдімгі ашкөз ұрылар екен. Сұмдық-ай, комсомолдың қатқан тезегі кезінде кәдімгі боқ болғанын біз қалайша ұмытып кеттік? Қатқан тезектер қазір әбден қатайып, тастай берік болып алды. Енді қайтеміз?

       Енді біз қандай қадам жасасақ та, бір орнымызда тапжылмай тұрмыз. Бір тасына тиіспей-ақ, бірден тау қопара салғымыз келеді. Біз жоғымызды жоғалтқан жерден емес, біреу лампочка бұрап, жарық түсіп тұрған жерден іздеп жүрміз. Күлкіліміз. Ақымақпыз. Көліктің белбеуін өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін емес, гаишниктер үшін тағып аламыз. Бәріміз асығыспыз өзімізше. Өйткені көш соңында келе жатырмыз. Сырт көзге біз үлкендердің арасында жүрген бала сияқтымыз, әлгі үлкендерге барынша еліктеуге тырысатын. Ұнағымыз келеді үлкендерге. Біреулерге қызық шығар бұл, бірақ мен үшін бұл еш күлетін жағдай емес, – деген екен Ерекең.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 24.09.2021, 19:47
Байбек: Nur Otan-ның сайлауалды уәделері өңірлерде 14%-ке іске асырылды
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 24.09.2021, 13:06
Баланың мұңын кім тыңдайды?
Жарлы БАЙҒАНИН 24.09.2021, 10:08
Солтүстік қазақылана бастады
Әдина ЕРҚАРАЕВА 23.09.2021, 17:30
Құл ететін құмар ойындар
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39