Отыз ел сенің не теңің...

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

12.08.2021, 09:04

1611

Былтыр денсаулық сақтау саласы, биыл спорт саласы еліміздің қаншалықты деңгейде дамып жатқанын көрсетіп берді. Қанша жерден  «алтынға бергісіз қола» деп өзімізді жұбатсақ та, медальді бөліске салған 86 елдің арасында 83-орында тұрғанымызды көргенде медаль күткен елдің еңсесі түсіп, көңіліміз қоңылтақсып қалғаны рас. Талай жанның жанкүйерлік рухы сынып, еліміздің дамып бара жатқанына күмәнмен қарай бастағандар көбейді.

Алдыңғы олимпиадада 22-орынды алсақ, қазір 82-орында тұрмыз. Есепке салсақ, бес жылда төрт есе құлдыраппыз. Тіпті осы жылдар ішінде бірнеше рет дүрбелеңге түсіп, ел тыныштығын алған оқиғалар  орын алған елдерден де артта қалыппыз. Айдың күні аманда мақтанышпен айтатын «соғыссыз, бейбіт еліміз» даму орнына кері кетіп бара жатқаны қалай?

        Айтпақшы, біз қатарынан көрінуді мақсат етіп қойған дамыған 30 елде көрсеткішті адам дамуы индексіне қарай өлшейді. Яғни елдердің даму деңгейі әл-ауқаты, өмір сүру деңгейі, сауаттылығы, білімі, өмір сүру ұзақтығы, медициналық қызмет көрсету сапасы секілді сипаттамаларына сәйкес жасалатын интегралды көрсеткіш негізінде анықталады. Осы орайда айтар болсақ, еліміздің денсаулық сақтау саласы тіпті кері кетіп барады. Міндетті медициналық сақтандыру қорына қаржы жинап, жүйе іске қосылғалы да екі жыл болды. О баста осы жүйе жұмыс істесе, «халық медициналық қорға аударған салымының есебінен қалаған жерінен медициналық көмек алады, медициналық қызметтің қолжетімділігі артады, салада бәсекелестік артады» деп, сан түрлі артықшылығын айтып қарық қылып тастап еді. Жеме-жемге келгенде халық қорға да қаржысын аударып, денсаулығы үшін қалтасынан тағы ақша шығарып ем алып жүр.

        Сонда медициналық сақтандыру қорына ай сайын жалақыдан аударатын қаржыдан не қайыр? Былтыр бір жұтым ауаға зар болған талай жан о дүниелік болып жатқанда, қордағы қаржысының есебін сұрамақ түгіл, медициналық қызметке зар болғаны әлі есте. Тіпті кейбір елдер індетті жеңіп, соңғы науқасын ауруханадан салтанатпен шығарып салып, уақытша бірнеше ай болса да, індетсіз өмір сүруге шамалары жетіп жатыр. Ал біз індет елімізге кірген сәттен бастап бүгінгі күнге дейін, індет жұқтырмаған бір күніміз болмады. Індетті жеңу ойда жоқ, қайта бөлінген қаржы талан-таражға түсіп, салған ауруханамыз сапасыз болып, дәрі-дәрмектің қолдан тапшылығын тудырып, одан масканың бағасына ие бола алмай, жемқорлыққа жол беріп, өз-өзімізбен  әуреміз, әйтеуір. Емханада айлап тегін қызметті күтіп, ауруы асқынып бара жатқан соң, амалсыздан жекеменшік емхананы жағалап жүрген халық көп. Міндетті медициналық сақтандыру қорындағы қаражаттың қызығын сонда қашан көреміз?

Дәл қазір індет тағы күшіне мініп тұр. Ауруханалар күн санап толуда.   Былтыр жыр болған өкпені желдету қондырғысы биыл тіпті ғаламторда алыпсатарлар арқылы саудалануда. «Соңғы екі данасы қалды, 280 мыңға алып қал, келер жолы 400 мыңнан келеді» деген саудагерлерден көз сүрінеді. Оған тосқауыл болып жатқан мемлекет жоқ. Медициналық қызметтің қолжетімділігіне сенбеген халық тағы саудагерлерге жем болуда. Өкпені желдету қондырғысын жалға берушілер де күн сайын бағаны өзгертіп, құбылуда. Мемлекет жеткілікті деңгейде қамтып қойса, халық алыпсатарларға жем болмасы анық. Дәстүрлі медицинаның мүмкіндігіне сенбегендер құйрық май жеп, арақ ішіп сақтануда. Бұл қалпымызда 30 елдің маңына бара да қоймаспыз.

Айтпақшы, басқа елдер олимпиадада алған медальдарын санамалап сүйіншілеп жатқанда, біз биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында 19 миллионға жеткенімізді айтып қуандық. Алматы қаласының халқы 2 миллионнан асқанын да есептеп тастадық. Мейлі ғой, көбейгеніміз жақсы. Бірақ көбейгеннен не пайда, сол халыққа жағдай жасап, дамыған 30 елдің қатарына ұмтылған мемлекет ретінде өмір сүру көрсеткішін жоғарылатып, ең болмаса медициналық қызметті қолжетімді ете алмасақ… Дамыған 30 ел дейміз тағы...

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17.01.2022, 10:30
ТЖ кезінде 68 жанармай құю станциясы зардап шекті - Алматы әкімдігі
Сайт әкімшілігі 15.01.2022, 22:02
Ө.Шөкеев: «Сайрам ауданының тәжірибесін қолдану керек"
Сайт әкімшілігі 14.01.2022, 09:02
Бір тәулікте 10 мыңнан аса COVID-19 жұқтырған
Сайт әкімшілігі 13.01.2022, 18:02
Алматыда өртенген әкімдік ғимараты тазартылып жатыр
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 13.01.2022, 11:17
Қарағандыда жедел жәрдем дәрігерлері Президенттен көмек сұрады.
Сайт әкімшілігі 12.01.2022, 16:06
Алматыдағы бүлік суреттері мен видеоларын қайда жіберу керегі айтылды

Аңдатпа


  • "Қазақстан халқына" қорына білім беру ұйымдары ақша аударуға міндеті емес
    17.01.2022, 14:00
  • Алматы трагедиясы: Бас прокуратура қылмысты толық аша ала ма?!
    14.01.2022, 08:54
  • Сағынтаев Алматыдағы бүлік кезінде қайда болды? (видео)
    13.01.2022, 09:30
  • Эпид ахуал күрделеніп барады. Бас санитардың қаулысы жарияланды
    14.01.2022, 08:39
  • Бүліктен бизнеске келген залал 100 миллиард теңгеден асты
    13.01.2022, 09:08