Өзге елдер вируспен, ал біз жемқорлықпен күресіп жүрміз

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

23.07.2021, 08:49

1568

     Былтыр шілдеде талай шаңыраққа қара жамылдырған індет биыл тағы өршіп барады. Соған қарамастан, екпеге қарсылық білдірушілер көбейіп тұр.  Екпе салдырмай-ақ,  жалған вакцина паспортын сатып алуға тырысушылардың, медбикемен келісіп, пара арқылы «өтірік егілушілердің» қулығына құрық бойламай тұр. Әсіресе ауылдық жерде медбикені «майлап», екпе паспортын жасатып алатындар өте көп. Мұндай жағдайда біз ұжымдық иммунитет қалыптастыра аламыз ба?

       Шыны керек, дәл қазір ұлттың қауіпсіздігі таразы басына тартылып тұр. Індетпен оңтайлы күрестің бірден-бір жолы екпе алу екені бірнеше мәрте айтылса да, халықтың екпеге қатысты күдігі   күшейіп тұр. «Чип», «басты мақсаттары – халықты қыру» сипатындағы «ертегіге сенгіштер» екпенің халықтың денсаулығы үшін егілетініне сенгісі жоқ. Осы орайда, айта кетер жайт, көктемде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом біздің елдегі екпе алу көрсеткішін жоғары бағалаған болатын. Ал шын мәнінде жалған паспорт жасатушылар мен өтірік егілушілер көбейген жерде көрсеткіш жоғары деңгейде деп айта аламыз ба? Қоғамды алдағанымен, вирусты алдай алмай, індетті өршітіп жібермейміз бе?! Басты мәселе осы болып тұр.

         Бұл жағдайға алаңдаған әлеуметтік желі қолданушысы Есет Қалманов: «Адамдардың екпе алған-алмағанын қолындағы қағазына қарап емес, денесінде екпе бар-жоғын анықтайтын алкотест сияқты құрылғы пайда болып, сол арқылы тексеретін болса, медицина саласының біраз былығы ашылып қалар еді. Осы біз кімді алдап жүрміз?» – деген жазба қалдырыпты. Жемқорлықтың кесірінен коронавируспен күрес көзбояушылыққа айналғанын бәріміз біліп отырмыз.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Вакцинация төлқұжаттарын қолдан жасауға жол берген адамдарға қатаң жаза қолдануды тапсырамын. Бұл жерде елдің, ұлттың қауіпсіздігі мәселесі қозғалып отыр», – деді. Бірақ жемқорлық бар жерде ол күрес қаншалықты нәтижелі?

Жақында Алматы қаласындағы үш бірдей медициналық мекеменің қызметкерлері ПТР нәтижелері мен вакцинация төлқұжаттарын қолдан жасағаны үшін сотталды. «Достар Мед» және «Сұңқар» медициналық орталықтарының қызметкерлері жалған құжаттар жасағаны үшін істі болса, №4 қалалық емхананың қызметкерлері үстінен вакцинация паспорттарын сатқаны және вакциналарды заңсыз жойып жібергені үшін қылмыстық іс қозғалды. Қазір аурудың қайта өршуі мен «дельта» штамының көбеюі жағдайды ушықтыра түсуде. Соңғы 10 күнде ауруханалардағы науқастардың саны 2,5 есе өскен. Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты ведомствоаралық комиссия «қызыл аймақтағы» өңірлерде карантиндік шектеулерді күшейту бойынша шаралар қабылдауда. «Қызыл аймақтағы» өңірлердің саны да күрт артып кетті. Жалпы, жыл басынан бері вакцина паспорты мен ПТР тест нәтижесін қолдан жасау бойынша елімізде 65 қылмыстық іс қозғалыпты. Жазаның қатаңдатылуы оларға қаншалықты тосқауыл бола алады, оны уақыт көрсетеді. Бұл реттемедицина ғылымының докторы, профессор Белгібай ШАХМЕТОВ былай дейді:

– Жүйедегі жемқорлық індетті ауыздықтауға кері әсерін тигізіп тұрғаны рас. Былтыр да індетке қарсы күреске бөлінген талай миллиондар жемқорлардың жемсауында кетіп, індеттен гөрі жемқорлармен күресіп кетіп едік. Биыл да екпе алу кезінде медицина қызметкерлерінің жемқорлыққа баруы, екпені көзбояушы бір әрекетке айналдырып отыр. Қазір аурудың қайта өршіп бара жатқанын көріп отырмыз. Вакцинациялау осылай көзбояушылықпен жалғаса берсе, біз індетті ешқашан жеңе алмаймыз. Вакцина паспортын, вакцинацияны сатып алу, одан қалды, екпеге жарамсыздығы туралы жалған анықтама алушылар көбейе берсе, індет те біздің елімізден кетпей, көбірек тұрақтайды. Өлім-жітім қаупі де арта береді. Бұл – медицина қызметкерлерінің жауапкершілігінің төмендігінен орын алып отырған мәселе. Сондықтан медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру керек. Өткен жылы ауру қатты өршіген кезде тұншыққан талай жанның өлімінен сабақ ала алмағанымыз өкінішті. Жалпы, жемқорлықты ауыздықтамай, қоғамдағы кез келген мәселенің өрге басуы қиын болмақ.

Тегтер: медицина коронавирус ПТР тест анықтама

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 13:06
Баланың мұңын кім тыңдайды?
Жарлы БАЙҒАНИН 10:08
Солтүстік қазақылана бастады
Әдина ЕРҚАРАЕВА 23.09.2021, 17:30
Құл ететін құмар ойындар
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?
Батыр ЖАСҰЛАН 22.09.2021, 12:00
Заң астарындағы «жасырынған жоба»

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39