Өзге тілге үйірлер, өзге емес, өзіміз!

Бифат ЕЛТАЕВА

22.07.2022, 16:42

1403

Қазақ тілі – сөздік қорға бай, құнарлы тіл деп айтып жатамыз. Алайда біз ана тіліміздің қадірін қаншалықты қадірлеп, бағалап келеміз деген сұрақ қалың елді толғандырып келеді.

Қазір үлкендерден гөрі тілі енді шығып келе жатқан бүлдіршіндердің тілі орыс тілінде шығып келе жатыр. Оның себебін, ютуб желілерінен көріп, ақталатынымыз рас. Алайда кішкентай баланың тілін өзіміз түзетуге күшіміз жетпегені ме?  Өйткені бала шыбық секілді иілгіш, сынғыш келеді. Оны қай бағытқа бұрып, өсірсең сол жаққа қарап өсетінін де білеміз. Бірақ соны біле тұра, баланың тілін әлеуметтік желі тәрбиелейді деп сынықтан сылтау тауып отыратынымыз жасырын емес. Сылтау іздейтініміздің себебі, өзіміз ана тілін дұрыс қолданбаймыз. Мәселен, күнделікті өмірде тілімізге орекеңдердің тілін қыстырып сөйлеу дағдымызда бар қасиет. Осылайша, ана тіліміз шұбарланып, ақырында қазақ тілінің қандай екенін ұмытып бара жатқан жағдайымыз бар. Шұбарланған тілден бөлек, өмірде қолданып жүрген сөздеріміздің көбін қысқартып, қате айтып, қате жазып жүргенімізге де мән бермейтін жағдайдамыз. Мысал ретінде, бара жатырмыз деген сөзді баратырқ, келе жатырмыз – келатрық, отырмыз – отырқ деп ауызша да, жазбаша да қолданып жүргеніміз белгілі. Бұл мәселенің бергі жағы ғана.

Тағы бір айта кетерлік, көпшілікті көптен бері толғандырып жүрген жағдай – ана тіліміздің өзге тілден кейінгі соңғы статусқа түсіп кеткендігі. Олай дейітініміз, қазір балаларға арналған көптеген курстар орыс тілінде жүргізілетін көрінеді. Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында жеке үйірмелердің басшыларымен сөйлесіп көрдік. Олардың айтуынша, қазақ тілді үйірмелерге келетін балалар жоқтың қасы екен. Мәселен, былтыр ғана жеке үйірмеде қазақ тілінде топ ашылған. Бірақ ол топқа 2-3 бала ғана келіп, топтың жабылуына тура келген көрінеді. «Біз қазақ тіліндегі топтардың ашылуына қарсы емеспіз. Тіпті оған арнайы қазақ тілді маманды жұмысқа алған болатынбыз. Бірақ нәтижесі біз ойлағандай болмады. Яғни қазақ тіліндегі топтарға 2-3 баладан ғана келіп жүрді. Оның себебі, аралас мектептердің таза орыс тіліндегі мектепке ауысып кетуінде болып отыр. Соған сай, ата-аналар да балаларын тек орыс тіліндегі мектепке дайындау үшін, әрине орыс тіліндегі мектепке дейінгі дайындыққа арналған үйірмелерге береді» – дейді «Дарвилль» үйірмесінің психологы Нина Владиморқызы.

Бұл мәселе бұдан әрі ушыға берсе, ертеңгі күні қазақ тіліне сұраныс жоқ деп барлық үйірмелерді, мектептер мен балабақшаларды жауып тастай берсек, ана тіліміз құрдымға кетпейді ме? Сондай-ақ кейінгі кездері латын тіліне де қатысты біршама мәселелер де там-тұмдап көтеріліп жатқаны рас. Осыған қатысты қазақ тілінің жанашыры Асылы Осман пікірімен бөліскен еді.

  • Қазақ тіліне өз елінде, өз жерінде онша орын болмай тұр. Қазақ тілі түркітілдес ұлттардың ішіндегі ең бай, ең шұрайлы, ең құнды тіл саналады. Бірақ сол тілдің қадіріне жете алмай тұрмыз. Дегенмен бұрынғыға қарағанда тілімізде алға ілгерілеу, жылжу бар болғанымен, өмірдің барлық саласында толық қолданыс жоқ. Яғни өзінің тұғырына қонбай отыр. Өзге тіл арқылы нан тауып жүрміз, бірақ өз тілімізге келгенде өзегіміз басқа жаққа бұрылып кетеді. Ал қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қазақ топырағында, Қазақстанда, қазақтың киелі жерінің топырағының иесі де, киесі де қазақ болып тұрып, қазақтың өзінің тілі бола тұрып, соған немқұрайлы қараймыз. Бәріне топырақ шашпаймын. Десек те, басшылардың сөйлеу тілі басқа да, мен сияқты қаратабан қазақтың сөйлеу тілі басқа болып отыр. Сондықтан қазақ тілі өзінің тұғырына қонуы үшін не керек? Ең алдымен, тілге қажеттілігін арттыру қажет. Сұраныс болып, әрі тілге талап қоя білу қажет. Ал бізде не сұраныс жоқ, не талап жоқ. Мемлекеттің тілі басқа жерде қолданбайды, осы жерде ғана қолданады. Қазақ топырағында ғана, Қазақстанда ғана мемлекеттік тіл бола алады деген алдымызға мақсат қойып отырған жоқпыз. Сондықтан бұл тілге сұраныс, талап болмағаннан кейін өзгенің немқұрайлы қарап, тіліміз өз дәрежесінде болмай жатыр. Әйтпесе 30 жыл болды. Сол 30 жылдың ішінде еш болмаса, қазақтың тілі орыс тілінің дәрежесіне көтерілмесе де, өзінің тұғырына қондыруға болар еді ғой.

Ал енді қазақ тілін өз дәрежесінде қолданысқа енгізу үшін қоғам болып, ел болып, өмірдің барлық саласында осы тілді қолдана білу керек. Тілді қолданбаса, басқасының бәрі бос нәрсе» – дейді Асылы Осман.

Қазақ тілі деп жаны ашып, шырылдап келе жатқан Асылы апамыздың сөзінің жаны бар. Ол айтпақшы, тіліміз үшін қоғам болып күреспесек, ертеңгі күні тілімізбен қатар ұлтымызды жойып алу қаупіміз бар. Сол себептен, қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін алдымен жаңа техникалардың дамуын пайдалана отырып, сол техникалар арқылы тілімізді көбірек дәріптесек. Яғни көшедегі банкоматтар мен терминалдарда қазақ тілін ғана қалдырып, өзге тілде қызмет ететін функцияларды алып тастау қажет. Ал шетелден келген қонақтар өздеріне арнайы ашылған шетелдік банктерден ақшаларын онсыз да ала алады. Ал күнделікті қоғамдық орындары мен ірі сауда үйлеріндегі қолданыста тұрған банкоматтардың тілін тек қазақ тілінде ғана қалдыру қажет. Өйткені қазіргі таңда адамдардың санасы ұялы телефонда болсын, банкоматта немесе т.б техникада болсын, өзге тілдің құлына айналып бара жатыр. Орыс тілін білмейтін қазақтың өзі банкоматта қазақ тілін таңдамай, орыс тілін басып тұрғаны күлкіңді де келтіреді. Осындай жағдайлар орыс тіліне шорқақтау құрбыларымның арасында жиі кездеседі. Олардан «неге орыс тілін таңдайсың?» деген сұрағыма, бірі «қазақ тілін таңдасам, мынау осы жасқа дейін орыс тілін білмей ме? – деп күледі ғой десе, бірі «қазақ тілі арқылы ақша алу қиынырақ, яғни аудармасы түсінікті, әрі қолым еріксізден орыс тілін таңдап кетеді» деп ақталғансиды. Мүмкін, олардікі де жөн шығар. Өйткені банкоматтағы қазақ тіліндегі аудармалар тікелей аударылғандықтан, халыққа түсініксіздеу екені рас. Сол себепті, халық пайдаланатын бағдармаларда не қоғамдық орындардағы қазақ тіліндегі жазуларға мән беретін арнайы филолог мамандардың болғаны дұрыс. Тағы бір ұсыныс, көшедегі аялдамаларға қазіргі таңда көптеген кітаптар қойылып жатыр. Бірақ аңдап қарасақ, кітаптардың көбісі орыс тіліндегі энциклопедиялар мен роман-эпопеялар. Неге сол кітаптардың орнына қазақ тіл білімінің энциклопедиялық кітаптарын қоймасқа? Одан бөлек, қазақ тіл білімінің зерттеушілерінің жаңалықтарынан хабардар болып отыруымыз тіліміздің қалыпты орнығуына көп септігін тигізер еді.

Тегтер: тіл қазақ тілі мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:27
Валюта алып өту тәртібі туралы
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:06
Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 17:17
Рудный тұрғындары жылусыз қалды
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 16:12
Ертеңнен бастап жазғы доңғалақпен жүргендер жазаланады
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 15:07
Жұмыс берушілер көше сыпырушылардың ақысын жеп отыр
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 10:54
Екібастұздағы көппәтерлі үйге бүгін жылу беріледі – жедел штаб

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43