Өзгені жарылқап, өзімізді өзекке тепкеніміз қалай?

Елеусіз МҰРАТ

13.10.2020, 11:14

1334

Елбасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі қолымен бекітілген   «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы»  №2247  заңымен қарастырылған  жеңілдікке ие тұлғалардың тізіміне  қарап отырсаң,  құжат  Қазақстанда әзірленгенімен   оның  түпкі мақсаты – көрші Ресей елінің аумағындағы  оқиғаларға қатысқан  азаматтардың мүддесіне қызмет ететіндей   әсер қалдырады.  Сөзіміз дәлелді болу үшін  ескі заңның мән-мазмұнына  үңілейік. Онда оның  «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің және жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан соларға теңестірілген адамдардың мәртебесі»  деп аталатын  2-тарауындағы жеңілдігі бар адамдардың санатына бірінші дүниежүзілік, азамат және Ұлы Отан соғыстары кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСРО Одағын қорғау жөніндегі басқа да ұрыс операциялары кезінде майдандағы армия флот құрамына кірген бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет еткен әскери қызметшілер, азамат және Ұлы Отан соғыстарының партизандары мен астыртын күрес жүргізушілері соғысқа қатысушылар деп танылып,  Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген  тұлғаларға соғыстың сұрапыл жылдарында  еңбек еткен мемлекеттік қауіпсіздік органдарының  қызметкерлері мен  Флот жауынгерлері  қоршаудағы Ленинград қаласының кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен әрі «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталғандар.  Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде  фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердің, геттолардың  және басқа да еріксіз ұстау органдарының жасы кәмелетке толмаған  бұрынғы тұтқындары  тағы басқалар жатқызылған. Сипатына қарасаң,  заң тәуелсіз Қазақстанда   қабылданғанымен,  мазмұны Ресейдің мүддесін көздейді. Дәл осы жерде  егеменді ел екеніміз рас болса, Ұлы Отан соғысына қатысқан тұлғалардан  басқалары  оты мен Отаны бөлек  тәуелсіз Қазақстан үшін  артық. Бірақ оған  кезінде  заңды асығыс-үсігіс қабылдай салған депутаттарымыз  мұндай құжатты қабылдаудың  ошағы басқа  тәуелсіз елімізге  үлкен сын екендігіне  ой жүгіртпеген тәрізді. Сорақысы аяққа тұсау салып, шідерлеген  осы заң егемендігімізді алғаннан кейін бес жылдан  соң  қабылданса да  кешегі күнге дейін тәуелсіз еліміздің жаңа сипаттағы «Ардагерлер туралы» заңының  қабылдануына кәдімгідей  кедергі келтіріп келді. Кімнен, неден жасқандық? Әлде, билік  жемқорлардың қанжығасында кетіп жатқан қыруар қаржының  бір бөлігін  өз еліміздегі ардагерлерге жұмсасақ, қазынамыз ортайып қалады деп ойлады ма екен? Сол баяғы санаға сіңіп, орнығып қалған құлдық түсінік. Ал биыл  билік басындағыдар әлдеқашан күні өткен ресейлік  заңды  ары қарай  жұлмалап, сүйрей берудің  қисынсыз екендігін сезді ме екен, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің   бұрынғы  заңның мазмұнынан  көшіріп алған жобасын   талдап, талқылаусыз  парламенттің қос палатасынан қамшы салдырмай өткізіп жіберді. Халық қалаулылары жаппай қол көтеріп қарсы, қалыссыз бірауыздан қабылдады демесең, бұл  сол баяғы 1995 жылы қабылданған ескі   заңның   ептеп, мұрты басылған көшірмесі болып шыққан.  Заң – қазақтікі, мазмұны  – орыстікі. Сонымен  бұл жолы  қазақстандық ардагерлердің  қатарына  кімдер енген дейсіздер ғой,  айтайық,   Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері,  Ауған соғысына  және  Украина аумағындағы Чернобыль апатын жоюға  қатысқандар. 1969 жылы Чехословакия жерінде әскери борышын өтеп, тәуелсіздік үшін бас көтергендерді аяусыз басып жаншыған сарбаздар  мен  Тәжікстан шекарасы мен  Таулы Карабахтағы қақтығысқа  қатысқандар   және көбісі дүниеден өтіп кеткен Социалистік  Еңбек ерлері  ғана іліккен.  Әйтеуір Қазақстан  ардагерлерін ұмытпапты деген оймен шығарыла салынған  заң.  Сондықтан да министрлік пен заң шығарушы органның   ардагерлер санатына лайық деп тапқан  кейбір   тұлғаларына мұндай мәртебе беруге   келіспейтін наразы азаматтар  көп. Белгілі журналист Марат Тоқашбаев  жуырдағы бір сұқбатында  Ауған соғысының  ардагерлері деген атақты  иеленген сарбаздарымыздың әрекетінен   он жылға созылған соғыста  мыңдаған бейбіт халықты қынадай қырып салғанынан басқа ізгілікті  қасиетті  көре алмай отырғанын,  оларды   бүгінгі   ұрпақтың  не үшін қастерлеп, қадірлеуі тиіс екендігін  түсіне алмайтындығын айтты. Ауғанстандағы соғыста  жүздеген жерлестеріміз одақ басшылары жүргізген  сайқал   саясаттың    құрбандығына ұшырап, жат жерді жамбастарына басты демесеңіз,  адами тұрғыдан қарап, ой түйсең, расында да Марат Тоқашбаевтың пікірінің  жаны бар.  Ұлы Отан соғысының қодірен бидайдай селдіреп қалған көзі тірілері  неміс фашистерімен қалай соғысқанын айтар. Ал Ауған соғысына қатысушылар  бүгінгі жас ұрпаққа не айтады?   Мыңдаған халықты оққа байладық дей ме?  1969 жылы кеңестік режимге қарсы бас көтерген  Чехословакия халқын  тұншықтырғандар қандай «ерліктерін» өзгелерге үлгі етеді?  Бұларға қарағанда Чернобыль апатын жоюға қатысқандардың әрекеттерін ақтап алу оңай. Соған қарамастан,  бұл жерде де  келіспейтін  тұстар бар.  Ол чернобылдіктер енген «Ардагерлер туралы» заңның  жеңілдігінен  залал-зардабы Нагасаки мен Хиросима қалаларына тасталынған атом бомбалары мен Чернобыль апаты орын алған жердегі  радиация апатынан   бірде бір кем емес, керісінше, қауіп-қатері  әлденеше есе  жоғары  Семей полигонында әскери борышын өтегендердің   өгей бала сияқты  шет қалып кеткендігі.   1995 жылы қабылданған заңда да   құзырлы органдар  Ұлы Отан соғысына  қатысушылардың қатарына Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер мен Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысқандарды  ғана теңестіріп,    Семей полигонында азаматтық борышын өтеп, радиацияның уын татқан  өз  сарбаздарымызды қасақана іліктірмей тастаған еді.   Заң шығарушы органның  бұдан бұрынғы жобада да  «1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы обьектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар» деп  ұшын ұстатпайтындай етіп, аса  сақтықпен жазған    жалпылама анықтамасының астарында да  Семей полигонында әскери борышын өтегендердің құқықтарын қарадай    қасақана  шектеп, шеттету пиғылының   жатқандығы көрініп тұрады. Әйтпесе, сол кездің өзінде ескі  заңдағы басқа да сынақтар деген ұшы ұстатпайтын    сөздің орнына   «Семей полигонындағы ядролық сынақтарды жоюға қатысқандар» деп жазуға не кедергі болды екен?   Осы тұжырымдама    1949 жылдан бастап полигон жабылған 1991 жылға дейін Семей өңіріндегі қауіпті радиациялық аймақтарда  әскери борышын өтегендердің  құқығын  күні бүгінге дейін  шектеп  отыр.  Өзгені жарылқағанда алдына жан салмайтын қазақ  бұл жолы да  өзімізді  көкіректен итеріп, өзекке тебуде.   Бұл «аспаннан киіз жауса да құлға ұлтарақ тимептінің» кері сияқты. Біздіңше, бұл жерде   заңның  ескі және жаңа жобаларын  әзірлегендер   қатары селдіреп азайып кеткен Семей полигонында әскери борышын өтегендердің заңды құқығын қорғауды емес,  оларға жұмсалынатын қаржыны салмағын ойлаған тәрізді. Себебі, ескі заңда Семей полигонының атының аталмай, «басқа да  ядролық сынақтарды жоюға қатысқан» деп  екіұшты жазылуының өзі семейлік сарбаздарды   маңайлатпауға  табылған сылтау тәрізді.   Заңдық тұрғыдан қарасаң, ұлықтардың  уәжі  орынды.  Министр Біржан Нұрымбетов «ақыры Семей полигонында әскери борыштарыңды өтеген екенсіңдер,  ендеше,   радиациялық зардаптарды  жоюға қатысқандарыңды дәлелдеңдер» дейді.   Қазақстаннның Қорғаныс министрлігі  Ресейдің Подольскі қаласындағы  әскери мұрағаттың    мәліметіне  сүйеніп, сол  жылдары  Семей өңірінде қандай   бөлімде әскери борышыңды өтегеніңді растайтын анықтама бергенімен,  ресейлік   мұрағаттар  полигонда жүргізілген   жарылыстар аса   құпия болғандықтан,   сынақ зардабын жоюға қатысқандардың атқарған міндеттері мен олардың ағзасына    радиацияның  қаншалықты уыты мен уы  сіңгендігі жөніндегі мәліметтерді  ұстата бермейді.   Ядролық сынақтың ауа арқылы тарап, адам ағзасына тигізетін  зардабының тау-тасты паналап жүріп  оқ шығаратын дұшпан сияқты емес, көрінбей  жүріп  айықпайтын кеселге душар ететін тілсіз жау екендігін, сондықтан да  ондай құпия деректердің құлпын ашып, құпиясын жариялай бермейтіндігін  министр Біржан Нұрымбетов те   жақсы  түсінеді. Тек Ресейдің сесінен жасқанады жазған. Заң талабында көрсетілгеніндей,  Ұлы Отан соғысының қатысушысына теңестірілген деген мәртебеге ие болу үшін  міндетті түрде қару ұстап, соғысу  шарт емес,  түсіне білген адамға  полигондағы  радиацияның қауіптілігі  одан да жоғары.  Көптеген    сарбаздар  радиациялық қауіптілігі жоғары нүктелерде қызмет етіп, у жұтты.  Жарылыстан кейінгі қалдық жинау секілді лас жұмыстарға тартылғандар елуге  жетпей дүниеден   озып кетті.  Көзі тірілерінің өздері  айықпас дерттерге  ұшырап, жылдан жылға  сиреп барады.  Қазір 1949 жылы алғашқы ядролық  сынаққа қатысқандардың  көздері тірілері  сексенге таяпты  Тіпті бертінде  жетпісінші жылдары әскери борышын өтегендердің өздері жетпіс жаста. Соңғы тоқсаныншы жылдары әскерде болғандардың алды елуде. Олардың   тартқан тауқыметі  пен жұтқан уы  Чернобыль апатының зардабынан   жоғары бола тұрса да  полигон жауынгерлері қамқорлықтан ада.   Тіпті  қазақстандық заң шығарушы орган    өз қалауларына салып, полигонда әскери борышын өтегендердің мәртебесін Семей облысы тұрғындарының мәртебесімен теңестіріп жіберген. Мәселен,  Алматы қалалық мәслихатының  2015 жылғы 23 шілдедегі №347 шешіміне қосымша жасалынған  ережесіндегі тізімде  Семей полигонының жауынгерлері туралы мағлұмат жоқ. Айтылатыны сол баяғы бір жауап.     «Сіздер заңның 6 және 8 баптарында қарастырылған тұлғалардың санатына жатқызылмағандықтан, мәртебелеріңіз Семей облысы тұрғындарының мәртебесімен теңестіріліп кеткен». Мұндай масқаралыққа не айтасыздар?    Отанды қорғап, әскери борышты өтеу міндеттілік, ал одан жалтару заңмен қудаланады.  Жергілікті тұрғындар өз еріктері өздеріндегі адамдар. Әскери міндеттілер мен қарапайым халықтың арасында  жер мен көктей айырмашылық бар емес пе?  Семей полигонында әскери борышын өтегендердің мәртебесін анықтауға келгенде ала қойды бөле қырқып, ауыл баласының аузы сасық деген ұстанымды ұстап отырған  жалғыз   Қазақстан ғана.  Кезінде Семей  полигонында әскери міндетін өтегендер   Ресей мен Қап тауындағы кейбір  мемлекеттер мен көршіміз Өзбекстан мен Қырғызстанда  ардагерлер санатына  ие. Ал бізде....

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 24.10.2020, 10:21
Өткен тәулікте 164 адамнан коронавирус табылды
Сайт әкімшілігі 24.10.2020, 10:16
Пневмониядан тағы екі адам қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 24.10.2020, 09:11
ДДҰ басшысы "аса қиын" кезеңіне дайындалуға шақырды
Сайт әкімшілігі 23.10.2020, 13:27
Қазақстанның бас санитарының жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 23.10.2020, 11:11
Мысырдан келген астаналықтар ПТР-тест тапсырмай қашып кеткен
Сайт әкімшілігі 23.10.2020, 10:13
Биылғы қыс қазақстандықтарға жайлы бола ма? Қазгидромед жауап берді.

Аңдатпа


  • Қымбатқа түскен «ноу-хау»
    22.10.2020, 10:52
  • Д. Ахметов: «Азаматтың қазасына себепкерлер жазасыз қалмайды»
    22.10.2020, 09:42
  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16