Өзгенің қаңсығын қашанғы таңсық көреміз?!

Ерзия ЕРСҰҢҚАР

23.11.2022, 11:22

407

Ресейден басталған ұлы көштің жалғасы олардың шоу бизнес өкілдерінің елімізді жағалап, ақша «сауып қалуға» ұмтылуына ұласуда. Негізі, ресейлік эстрада жұлдыздарын «тойшыл» қылған өзіміз. Алдымен билік түрлі іс шараларға ресейлік әнші шоумендерді көп шақырды, артынша, байшыкештеріміздің тойы ресейлік жұлдыздарсыз өтпейтін болды. Нәтижесінде, ресейлік шоу бизнес өкілдерінің елімізді «майшелпекке» айналдырып алғанына біраз уақыт болды.

 Рас, Ресей мен Украина арасындағы соғыс та шоу бизнес әлеміне өз әсерін тигізді. Ресей саясатын қолдамайтын кейбір елдер олардың әртістерін еліне кіргізбей қойғандықтан, біздің елімізді жағалайтын ресейлік шоу бизнес өкілдері бұрынғыдан да көбейіп кетті. Соның дәлелі биылғы жылдың өзінде елімізде ресейлік жұлдыздардың қатысуымен бірнеше концерт өтіпті. Билеттерінің бағасы 15 000 теңгеден басталып, 85 000 теңгеге дейін жетсе де биылдың өзінде Валерий Меладзе Қазақстанда бірнеше ауқымды жеке өнер көрсетіпті. Жақында танымал Ресей әншісі Филипп Киркоров та елімізде екі концерт беріп, тіпті сол концертінде қазақша сөйлеп халық көңілінен шығуға тырысты. «Сплин», «Би-2», «Машина времени», Лайма Вайкуле, Кай Метов, «Винтаж» секілді топтар да елімізде концерттерін қойды. Бірақ әлеуметтік желілерде халықтың ресейлік әртістерге қарсылығы анық байқалуда. Мәселен, Украинадағы соғысты қолдайтынын ашық айтқан ресейлік әнші Полина Гагаринаның елімізде концерт өткізуіне халық тарапынан қарсылық байқалған соң ғана билік оның «тәртібін майшаммен» қарай бастады. Нәтижесінде, 2023 жылы 14 ақпанда Алматыда Полина Гагаринаның өтуі керек болып жоспарланған концертіне билеттер сатылуы тоқтатылды. Дегенмен көп жерде халықтың пікірі ескеріліп отырған жоқ.

          «Өнерде шекара жоқ» десек те ресейліктер өздеріне пікірі жақпаған әртістерге елінде концерт беруге тыйым салып отыр. Мәселен, қарулы қақтығысты тоқтатуға шақырып, бейне хабарлама жазған украиналық әнші Лобода Ресейде концерт беруге тыйым салынған әртістер тізіміне кірген. Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсы пікір білдірген MANIZHA да Ресейде өнер көрсете алмайды.

Ал біз бұл тұрғыда ұстанымымызды айқындай алмай отырмыз. Мемлекет басшысының өзі Ресей мен Украинадағы жағдайға орай халық пікірін анық жеткізсе де соғысты қолдаған небір әншілер елімізге келіп, әнін айтып, теңгесін санап кетуде. Мәселен, ресейлік басқыншылыққа демеу болып, халықты «арнайы әскери операцияны» қолдауға шақырған іс-шараларға белсене атсалысқан Филипп Киркоров та, Мәскеудің империялық пиғылын дәріптеген басқа әртістер де концерттерін елімізде емін-еркін өткізуде. Демек, олардың елімізде өнер көрсетуі – ел идеологиясына да өз әсерін тигізуде. Халықтың қарсылығы мен қоғамның пікірі ескерілмеді.

Дегенмен ресейлік «Новая газета. Европа» басылымы «елде қазақ халқына тіл тигізген немесе Украинадағы соғысты үнсіз әлде ашық қолдайтын ресейлік танымал тұлғаларға қарсы халықтық қозғалыс дамуда. Оның өкілдері салалық министрлікке хат жазып, ол адамның елге келуі, концерт беруі, не жұртшылықпен кездесуі ел ішінде әлеуметтік кернеуді өршітуі мүмкін екенін алға тартып, бұл іс-шараға тыйым салуды сұрайтынын» атап өткен болатын. Яғни халық қарсылығы өрши бастаған кезде ғана ресейлік әртістерге – тосқауыл қойылып, ал биліктің бұл тұрғыдағы ұстанымының тайғанақтығы аңғарылып отыр.

Халық қарсы шығып елге кіруіне қарсы болғандардың бірі ресейлік жазушы Алекс Лесли. Өз курсында оргия мен секс-кештер болады деп жариялаған ол қазақ қыздарына қатысты анайы сөздерін де ашық айтып үлгерген. Заңсыз секс-тренингі үшін 2019 жылы Тайланд түрмесінде отырып шыққан, Ресейге депортацияланған әлдебіреудің, өзге елдің қаңсығын, таңсық көріп, елімізге қабылдауымыздың өзі өкінішті. Сондықтан елдің теңгесіне ғана қызығып келіп, ойына келгенін айтатындарға қатысты қадағалауды күшейтетін кез жеткен секілді.

Осы орайда, жақында бұл мәселе Сенат отырысында да қозғалды. Журналистер қауымы Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкоға мәселені төтесінен қойып, «соғысты жақтайтындардың елімізде өнер көрсетуіне қатысты» алаңдаушылығын білдірді. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко: «Жалпы, біз, әлбетте, Ресей Федерациясының ресми тұлғаларының сөзіне талдау жасап отырамыз, жекелеген азаматтардың да сөзіне қараймыз. Мемлекет ретінде басқа елдердің ресми мәлімдемелеріне баса мен береміз. Мәселен, Ресейде 140 млн адам тұрады. Егер солардың әрбірінің сөзіне қатысты пікір білдіре берсек, ол қаншалықты дұрыс болады», – деп екіұшты жауап берді. Демек, әлі де болса құзырлы орындарда жалтақтық байқалып отыр.

Дәл қазіргі таңда Ресейде ойын-сауыққа сұраныс күрт азайғанын ескерсек, көрші елдің әртістері үшін еліміз әлі де нан табу мен жан бағуға қолайлы ел болғалы тұр. Әсіресе, жаңа жыл қарсаңында ескі Қазақстанның әдісімен ресейлік әртістерді елімізге үйір қыла бермесек екен. Әйтпесе, тек теңгеміз қызықтыратындардың елімізге пайдасынан зияны асып тұр...

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:27
Валюта алып өту тәртібі туралы
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:06
Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 17:17
Рудный тұрғындары жылусыз қалды
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 16:12
Ертеңнен бастап жазғы доңғалақпен жүргендер жазаланады
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 15:07
Жұмыс берушілер көше сыпырушылардың ақысын жеп отыр
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 10:54
Екібастұздағы көппәтерлі үйге бүгін жылу беріледі – жедел штаб

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43