Пандемия білім саласына серпін бере алды ма?

Еркежан АРЫН

24.09.2020, 10:25

487

      Әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру туралы стратегиялық мақсатына Қазақстан экономиканы дамытып қана қоймай, ең алдымен білім беру жүйесін дамыту арқылы адами капиталды жақсарта отырып қол жеткізе алады. Биылғы қашықтан оқу форматына байланысты білім саласына бірсыпыра өзгерістер мен жаңартулар енгізілді.

      Бұған қатысты  «TALAP» орталығының директоры Рахым ОШАҚБАЕВ:

     – «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын қарастыру кезінде біз жаңа ереже жасауды ұсындық, оған сәйкес, тәжірибесі жоқ мұғалім ең төменгі жалақыны облыстағы орташа жалақыдан төмен емес мөлшерде алуы тиіс, қалған үстемелер үстінен қосылады. Біз салаға жақсы кадрларды тарту үшін мұғалімдерге қатысты оң дискриминация қалыптастыруымыз керек. Ал қазіргі дағдарыс қаражаттың ең маңызды қажеттіліктерге дұрыс жұмсалғанын ойлап, саралайтын мүмкіндік, – деп есептейді.

       Жалпы, мемлекет басшысы елдегі мұғалімдердің мәртебесін өсіру, педагогика мамандығына оқуға түсушілер үшін талаптарды жоғарылату сынды мәселелерді алға қойып келеді. Мамандық беделі жоғары жалақыдан, осы кәсіптегі қызметкерлердің жоғары әлеуметтік жағдайынан, жақсы өсу перспективаларынан қалыптасады. Биыл «Педагог мәртебесі туралы» заң күшіне енген кезде мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көтерілді, сарапшылардың пікірінше, салыстырмалы түрде бұл әлі де төмен көрсеткіш болып қалады. Үш жылдан кейін мұғалімдердің жалақысы екі есеге көбейгенде, мұғалімдердің жағдайы  жақсарады деген сенім бар.

     

                     Қашықтан оқыту арқылы білімді тоқыту  

       Биылғы жаңашылдықтың бірі – Қазақстанда оқыту көптеген басқа елдердегідей ішінара немесе толықтай қашықтағы форматқа көшті. Әлемдік білім беру жүйелері түзетілуде: оқушылардың компьютерлік сауаттылығы жоғарылап, байланыс арналары оңтайландырылуда, ең бастысы, реттеу бір қалыпқа келтірілуде. Сарапшылардың пікірінше, ғаламдық білім беру платформаларының әлемдік нарығы жыл сайын 41 пайызға өседі және 2026 жылға қарай 65 миллиард доллардан асады. Былтырғы кемшіліктер ескеріліп, оны барынша ыңғайластыру шаралары жүргізіліп жатыр. Оқушылар мен мұғалімдерге интернет желісіне байланыс, техникалық жабдықтармен қамтамасыз етумен қатар, оқу жүйесі де барынша «жеңілдетіліп» жатыр. Қазақстандағы коронавирус жағдайына байланысты мектеп оқушыларын бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) бойынша бағалау жүйелеріне өзгертулер енгізіліп отыр. Ол бойынша жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында бір БЖБ және бір ТЖБ ғана орындалады. Ал тоқсандық бағалауға күнделікті, БЖБ және ТЖБ бағалау көрсеткіштері әсер етеді.

   

                  Қазақстандық дипломдар шетелде мойындалды

      Білім саласындағы жаңалықтардың тағы бірі – 2021 жылдан бастап отандық жоғары оқу орындарының түлектеріне жаңартылған дипломдық қосымша беріледі. Қазақстандық жоғары білімнің біліктілігін еуропалық деңгеймен салыстыру фактісі атап өтіледі. Бұл Болон процесінің хатшылығымен ҚР жоғары білім берудің ұлттық біліктілік шеңберінің өзін-өзі сертификаттау есебін қабылдауының арқасында мүмкін болды. Басқаша айтқанда, қазақстандық университеттердің дипломдары Еуропа елдерінде танылатын болады. Бұл шетелдік студенттер үшін отандық жоғары білімге деген қызығушылықтарын арттыра түсетіні анық. Сондай-ақ қазақстандық ЖОО түлектерінің біліктілігі еуропалық біліктілікке сәйкес келетін болады.

       Осы баяндаманы дайындау үшін білім және ғылым министрінің бұйрығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, оның құрамына білім және ғылым министрлігінің, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтар мен қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері кірді.

Өзін-өзі сертификаттау туралы есеп жоғары білім берудің ұлттық біліктілік шеңберінің Еуропалық жоғары білім беру аймағының (EHEA) біліктілік шеңберімен үйлесімділігі мен салыстырмалылығын көрсетті.

Бұл Қазақстандағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің еуропалық жоғары білім беру аймағының білім жүйелерімен сәтті үйлесетінін куәландырады.

     Жалпы, Болон процесі 29 елдің білім министрлерінің бастамасымен 1999 жылы азаматтардың еңбек нарығында ұтқырлығын дамыту, еуропалық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ұлттық жоғары білім беру жүйелерін үйлестіру мақсатында басталған болатын.

                     «Болашаққа» – миллиондаған қаражат

      Сондай-ақ пандемия кезінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша оқуға 280 миллионнан астам теңге бөлінген екен. Нақтырақ айтар болсақ, 2020 жылғы 28 наурызда шығындар нормаларына, «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде оқыту мен тағылымдамадан өтудің үлгілік шарттарына өзгерістер енгізілді. Яғни мемлекет тарапынан бағдарламаның стипендиаттарына COVID-19 пандемиясы кезінде қолдау көрсетіліп отыр.

        Атап айтқанда, оқуын аяқтаған, бірақ шекаралардың жабылуына және әуе байланысының тоқтатылуына байланысты оқитын елдерде уақытша тұрақтауға мәжбүр болған 84 стипендиатқа 66,4 миллион теңге көлемінде стипендия төленді. Бүгінге дейін олардың ішінде 45 адам Қазақстанға оралды, ал қалған 39-ы жақын арада оралуды жоспарлап отыр.

      Аталып өткендей, COVID-19 пандемиясы кезінде Қазақстанға оралған 147 стипендиат оқуды Қазақстанда қашықтан жалғастыруда. Оларға 192,8 миллион теңге стипендия төленіп, оқитын елден Қазақстанға қайтаруға 20,5 миллион теңге көлемінде әуе рейсі үшін төленді. Сонымен қатар орталық коронавирустық пандемия кезінде шығындар оңтайландырылғанын атап өтті.

Әлемдік пандемияға байланысты наурыз айынан бастап «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары оқитын шетелдік университеттер қашықтан оқыту форматына көшірілді.

      Бюджеттік қаражатты үнемдеу мақсатында Халықаралық бағдарламалар орталығы жоғары оқу орындарымен стипендия төлемін төмендету туралы келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде 25 білім беру мекемесінде оқитын 343 стипендиаттың оқу ақысы 10 пайыздан 50 пайызға дейін төмендетілді. Бюджет қаражатын үнемдеу 325,1 млн теңгені құрады.

     Орталық мамандарының хабарлауынша, осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда. «Болашақ» стипендиясының иегерлеріне әртүрлі жеңілдіктер алу үшін басқа университеттермен келіссөздер жүргізілуде. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде олардың білім алу құнын төмендету.

Қазіргі уақытта шетелдерде 592 «Болашақ» стипендиясының иегерлері білім алып жатыр.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.10.2020, 14:28
Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 20.10.2020, 11:03
Қару-жарақ ұрлау оқиғасының құпиясы
Айжан БҮРКІТБАЕВА 20.10.2020, 10:38
ҚазАТК кімнің "жеміне" айналмақ?
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 11:17
Уланған маскалар туралы фейк таратылуда
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 10:16
ПТР тест тапсыру бағасы арзандады
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 09:52
Коронавирус бойынша ең көп өсім тіркелген өңірлер аталды

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38