Парадокс! Қырғыз құрлы болмадық...

Әділ АҚЫЛБАЙ

18.05.2022, 06:15

1047

«Ақша айырбастау орнына кіріп, жағамды ұстадым: қырғыз сомының құны ендігі 6 теңгеге жетіп қалыпты», дейді саясаттанушы Санжар Боқаев.

Рас-ау, бұл қалай болғаны? Қырғыз сомы бір кездері 2,5 теңге еді ғой?

Естеріңізде болса, 2010 жылы бір доллар 47 сом болған, ал 2022 жылы 82 сом болды. Қысқасы, қырғыздың валютасы соңғы 12 жылда долларға қарсы небәрі 1,7 есеге әлсірепті.

Ал енді қазақтың теңгесін алайық: 2010 жылы бізде бір доллардың бағасы 147 теңге еді. 2022 жылы бір доллардың құны орта есеппен 444 теңге боп тұр. Теңгеміз соңғы 12 жылда үш есеге құлдыраған.

Сол аралықта Ресей рублі 2,3 есеге арзандапты.

Ендеше, өзгелермен салыстырғанда, біздің ұлттық теңгеміздің ғана тым қатты арзандағанын көреміз.

– Бұл арада бір қызықты парадокс жатыр. Қырғызстанның экономикасы Қазақстанның экономикасынан 22 есеге төмен! Бірақ олардың ұлттық валютасы біздің валютамыздан әлдеқайда тұрақты. Мұның себебін мен түсіндіре аламын. Бірнеше фактор бар-ау, бірақ меніңше, ең маңызды фактордың бірі – қырғыздың өз өндірісі бар. Қырғызстанда жеңіл өнеркәсіп өте жақсы дамыған. Қырғыздың жеңіл өнеркәсібінде текстиль өндірісі мен киім-кешек өндірісі жолға қойылған. Қырғызстанда текстиль мен тігін саласы жалпылай алғанда, елдің өнеркәсіптік өндірісінің 7,1 пайызын құрайды екен. Текстиль тігін өнімдерінің айналымы, шамамен, 200 миллион доллар, ал бұл өндірісте жұмыс істейтін адамдар саны, шамамен, 150 мыңнан асады. Тігіншілікпен 900 кәсіпорын айналысады, олардың 80 пайызы жеке кәсіпкерлер басқаратын шағын кәсіпорындар.

Ал енді Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің жайы қалай екенін көрейікші?! Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп ішкі жалпы өнімнің 0,1 пайызын құрайды! Қырғызстанда бұл көрсеткіш 7 пайыз. Сонда біздің, қазақстандық жеңіл өнеркәсібіміздің өз экономикамыздың құрылымындағы үлесі көршіміз Қырғызстанмен салыстырғанда, 70 есеге төмен екені айдан анық көрінеді, – дейді сарапшы.

Айтпақшы, кешегі кеңес заманында Қазақ ССР-інің жеңіл өнеркәсібі ішкі жалпы өнімнің 16-17 пайызын қамтамасыз еткен. Алматының атақты АХБК-сы, кілем фабрикасы, трикотаж фабрикасы, аяқ киім тігетін Жетісу фабрикасы, Семейдегі екі фабрика, аяқ киім жасайтын Қарағанды фабрикасы, Қарғалының, Қостанайдың мата комбинаты, жіп есетін, тері илейтін, шұлық өндіретін Шымкенттегі 5-6 фабрикамыз бар еді, ә? Бұл деген экономикаға орасан зор үлес еді.

– Ал енді тәуелсіз Қазақстанның соңғы отыз жылында біздің жеңіл өнеркәсібіміздің экономикадағы үлесі ендігі жоқ бола жаздады. Қазір Қазақстан жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің басты импорттаушысы атанды. Үкімет пен депутаттар ойлансын. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту керек, айналайындар, – дейді Санжар Боқаев.

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлия ТАУКЕНОВА 24.06.2022, 12:50
Мерғалиға ауылдың бір көшесін неге қимадық?
М.СӘУЛЕБЕК 23.06.2022, 16:40
Түркістан медицинасы үздіктердің қатарында аталды
М.СӘУЛЕБЕК 22.06.2022, 16:50
Мегаполис атанған Шымқалада не өзгерді?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.06.2022, 11:00
Флораға жұтаң Қарағанды шөлейттегі шаhар ма?
М.ЖӘНІБЕКҰЛЫ 22.06.2022, 08:36
Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 21.06.2022, 11:40
«Билайн» балаларды неге соттайды?

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33