Павлодардан құтылатын күн бар ма?

Мариям МАҚСАТ

14.04.2022, 05:20

2263

Павлодар облысындағы ең өзекті мәселелердің бірі – қала атауын ауыстыру. Бұған қатысты бастамалар жыл сайын көтерілгенімен, еш нәтиже жоқ. Сондықтан патша баласы Павелдің аты әлі күнге дейін асқақтап тұр. Бұл құлдық сананың шенеуніктер бойынан өшпегенін көрсетеді.

Елімізде Абай, Ұлытау, Жетісу деген ауыз толтырып айтарлық атаулармен жаңа облыстар құрылып жатқан тұста солтүстіктегі Павлодар өңірі осыдан ғасыр бұрын құлаған Ресей империясының көсегесін көгертіп келеді. Басқасын айтпағанда, тәуелсіздік алған 30 жылда ел билігінің облыс пен қала атауын ауыстыруға қауқары жетпей отырғаны өкінішті. Мұндайда жергілікті шенеуніктердің жаттанды түрде айтатын бір ғана жауабы бар: «Тұрғындардан қала атауын ауыстыруға қатысты өтініш түскен жоқ. Бұл мәселені қоғам болып талқылап, содан соң ғана шешім қабылдауымыз тиіс», дегенді басшы креслосына отырған әр әкім айтады. Ал бас қаланың атауын әп-сәтте Астанадан – Нұр-Сұлтанға, облыс орталықтарындағы басты көшелердің атауын Нұрсұлтан Назарбаевтың есіміне ауыстырған кезде тұрғындардан өтініш түсіп пе еді? Мұндай өзгерістер жұртшылықтың талқысына салынды ма? Жоқ! Олай болса, қала атауын қазақшаландыруда да осы «жүйені» қолданса болмас па? Қашанғы билік пен көрші елдің қас-қабағына қараймыз?!

Бұл мәселеге бел шешіп, білек сыбана кірісе алмай отырғанымызды әлеуметтік желілерде кейбір орысқұл топтар өз пайдасына шешіп, ел арасына іріткі салудың «тетігі» ретінде қолдануды әлдеқашан әдетке айналдырған. Жақында @vesti_pavlodar деген парақша осындай бүліктің тағы бір шетін шығарды. Оны жүргізіп отырғандар жариялаған жазбадағы мәліметке сенсек, Асылан Абдоллаев есімді азамат Павлодар атауын Ертіс, Петропавлды Қызылжар деп атауды ұсынған. Тіпті egov.kz порталында тиісті петиция жарияланған. Осы уақытқа дейін бастаманы 17 199 адам қолдап, 11 191 тұрғын қарсылық танытып қол қойған.

Сол жазбада Асылан Абдоллаевтың Павлодарды Ертіс деп ауыстыруына жергілікті JEBE қоғамдық бірлестігі мүшелерінің ұсынысы негіз болғаны айтылады. Қоғам белсенділері осыдан екі жыл бұрын мәжілісмендермен өткен кездесу кезінде дәл осы атауды ортаға салған болатын. Сөйтіп осы мәселе әлеуметтік желіде қайта көтерілгені сол еді, пікірлер қарша борап, тұрғындар өзара «қырық пышақ» болды. Жұрт ішіне бүлік салғандар сырттай бақылап отырды. Олардың көксегені не екені түсінікті. Қоғам арасында алауыздық тудыру арқылы біртұтастықты бұзу. JEBE қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділ де мұны арандатушылықтың нақ өзі деп санайды.

– Амалы таусылғандар оқтын-оқтын осылай ақпараттық шабуыл ұйымдастырып тұратыны бар. Оған үйреніп те кеттік. Өздері де жақсы ырым бастаған екен. Олай болса, қала, облыс атауын түптің түбінде өзгертеміз. Еш петициясыз-ақ, – дейді Данияр Жұмаділ.

Өзгелердің осы әрекеті қазақтарды да «қырқыстырып» қойды. Бірі Ертіс атауы дұрыс дейді. Енді бірі Кереку мен Сарыарқа деп өзгерту керек деген ойын айтады. Қазақ тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрін саралап жүрген блогер Диас Камеридановтың пайымынша, Ертіс атауы дұрыс.  

«Неге Қазақстанның қаласы мен облысы осыдан 100 жылға жуық уақыт бұрын құлаған империя басшысы ұлының сыйы ретінде аталуы керек? Ресей империясы патшасының баласы Павел Александровичтің біздің елге қатысы қанша? Мұндай атаулар басқа елдердің Қазақстан жеріне көз тігуімен де қауіпті. Ал Ертіс –түріктердің тарихи жері. Бұл өзеннің жағасында Қимақ қағанатының екі астанасы болған. Мұнда Алтын орданың негізін қалаушы Жошы ханның ордасы орналасқан, – деп жазады блогер.

Ал Ескендір есімді тұрғын Ертіс өзенінің Қытайдан бастау алып, Ресейге дейін жететінін, біздің елде де бірнеше облыс арқылы өтетінін алға тартып, қаланы өзен атауымен атау дұрыс емес деп пайымдайды.

Жергілікті қоғам белсенділерінің бірі – Айбат Тұрғынбаев болса, қазақтар осылай талас-тартысқа түсіп жатқан кезде қаланың қазақшалануы неғайбыл деген ойын айтты.

— Кезінде Абай атамыз «Бас басына би болған өңкей қиқым» деп бекер айтпаған. Көше, ауыл, кент, қала атауын өзгертуге келгенде, әркім өз нұсқасын күшті дейді, әркім өз ата-бабасының есімін беруді ұсынады. Мұның барлығы дұрыс емес. Қазіргі уақытта өзекті мәселе – қаланың қалай аталуында емес, оның қазақша атауының болуында! Бұл мәселе көтеріліп келе жатқанына 20 жылдың жүзі болды. Содан бері ортақ ой болған емес. Болмайды да. Ал бұл Павел патшаның бағына айналып, әлі талай жыл алынбас қамалдай болып тұрады. Сондықтан осы орайда, қазақтарға бірлік керек, – дейді ол.

Аталмыш бастама қоғам арасында қызу талқыға түскен соң, жергілікті әкімдік әдеттегі жауабынан жаңылған жоқ. Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов бұл күн тәртібіндегі мәселе емес екенін айтты.

– Соңғы бірнеше күнде әлеуметтік желілерде Павлодар қаласының атауын өзгерту туралы петиция талқылануда. Бұл өтініш жеке тұлғаның бастамасы және жергілікті атқарушы органдарға қатысы жоқ. Облыс орталығының атауын қайта атау мәселесі бойынша қала әкімдігіне ресми өтініштер түскен жоқ және бұл мәселе қазір қарастырылып жатқан жоқ, – дейді шаһар басшысы.

Шенеуніктер осылай жылы жауып қоя салған тұста мәселенің алдағы уақытта да қарастырылуы екіталай. Өкінішке қарай, Павлодардың бағына жауапкершілікті мойнымен көтере алатын, кесімді шешім шығарып, көпшіліктің сөзіне құлақ асатын бір басшы бұйырмады...

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01