Президенттік сайлау: Жілік сындырғандар жеңімпаз емес

Батыр ЖАСҰЛАН

22.11.2022, 05:55

515

Сонымен, қалың бұқараны елеңдеткен президенттік сайлау аяқталды. Еxit poll әдістемесі бойынша жүргізілген сауалнамалардың алғашқы қорытындылары да мәлім болды. Атап айту керек,  Еxit poll қорытындысының нәтижелерін алдын ала мәлім еткен үш бірдей ұйым да қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз атанғанын айтты.

Еxit poll не дейді?

 «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысы бойынша сауалнама жүргізген «Ашық қоғам» өңірлік зерттеулер халықаралық институтының жауабына сенсек, Қасым-Жомарт Тоқаев —82,45 пайыз дауыс алған. Мейрам Қажыкен —2,23 %, Жигули Дайрабаев — 3,33%, Қарақат Әбден — 2,54, Салтанат Тұрсынбекова — 2,08%, Нұрлан Әуесбаев — 2,17%,

«Бәріне қарсымын» – 5,2%.

Ал AMANAT партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты жүргізген Еxit poll нәтижесі бойынша сайлаушылардың 85, 52 пайызынан астамы кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берген. Ал Жигули Дайрабаевқа – 2,67 пайыз, Қарақат Әбденге – 2,61 пайыз, Мейрам Қажыкенге – 2,43 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа – 1,93 пайыз, Салтанат Тұрсынбековаға – 1,44 пайыз дауыс берілді. Ал «бәріне қарсымын» бағанына дауыс бергендердің үлесі 3,4 пайыз шамасында. Енді тағы бір «СОЦИС-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» ЖҚ өздері жүргізген Exit poll қорытындысына назар аударайық. Аталған ұйымның зерттеу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев – 82,02 пайызбен жеңімпаз атанған. Ал Қарақат Әбден – 2,84%, Нұрлан Әуесбаев – 2,38%,  Жигули Дайрабаев – 3,68%, Мейрам Қажыкен – 2,62%, Салтанат Тұрсынбекова – 2,24 %, «Бәріне қарсымын» – 4,22%.

Осылайша, үш ұйымның Exit poll қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз атанған.

Қай аймақ алда?

Айта кету керек, Президент сайлауына барлық сайлау учаскелері сақадай-сай дайындықта жұмыс істеді. 10 033 учаскесінде 8 млн 282 мыңнан астам адам дауыс берді. Кеше кешкілік Астана уақытымен сағат 20.00-де аяқталған сайлау бойынша тізімге енгізілген азаматтардың 69,31 пайызы дауыс берген. Сонымен, дауыс беру жөнінен қай облыс белсенділік танытты? Абай облысы – 80,18, Ақмола облысы – 78,87, Ақтөбе облысы – 72,20, Алматы облысы – 72,10, Атырау облысы – 70,87, Батыс Қазақстан облысы  – 67,77, Жамбыл облысы – 79,57, Жетісу облысы – 81,43, Қарағанды облысы  – 78,39, Қостанай облысы – 79,28, Қызылорда облысы  – 80,31, Маңғыстау облысы – 66,18, Павлодар облысы – 77,58, Солтүстік Қазақстан облысы – 78,24, Түркістан облысы – 80,37, Ұлытау облысы – 75,48, Шығыс Қазақстан облысы – 79,49, пайыз дауыс берді. Ал республикалық маңызы бар қалалар бойынша Астана қаласы – 48,67, Алматы қаласы  – 28,72, Шымкент қаласы тұрғындарының 59,79 пайызы президенттік сайлауға қатысты. Ең төменгі нәтиже Алматы қаласында болып отыр. Күнделікті қоғамдық өмірде белсенділігі жоғары болатын алматылықтардың сайлауға қатысуға келгенде, қашан да белсенділігі төмен. Бұл бұрыннан белгілі нәрсе. Кейбір сарапшылар Алматыдағы сайлау қорытындысына байланысты «Ерболат Досаев қызметінен кетуі мүмкін» деген де тұжырым жасап жатыр. Бірақ мәселені сайлау көрсеткіші емес, мемлекет басшысы шешетіні белгілі нәрсе. Сондықтан күні бұрын жорамал жасау қате. Бірақ мемлекет басшысы сайлаудан кейін міндетті түрде ауыс-түйіс болатынын айтқан. Ал кім кетеді, үкімет пе, жоқ әлде бірқатар әкімдер ме, оны алдағы уақыт көрсетеді.

Үміткерлер үмітті ақтады ма?

Сонымен, сайлау науқанының үгіт-насихат барысында бас сынып, көз шыққан алабөтен оқиға орын ала қойған жоқ. Жұртшылықты қызықтырған «екінші орын үшін таласта кім жеңеді?» деген сауал да шешімін тапты. Бірақ, шын мәнінде, сарапшылар айтып өткендей, әңгіме екінші емес, үшінші орын үшін болды. Жұртшылық «екінші орынды Жигули Дайрабаев алады» деп те алдын ала тон пішіп қойған. Нәтижесінде, «бәріне қарсымын» деп белгі соғылған, халық белгі қойған бағана екінші орынға шықты. Шынын айтқанда, сарапшылар да нәтиженің мұндай болатынын білген жоқ. Әрине, мұны саяси электораттың белгілі бір бөлігінің сайлауға түскен кандидаттарға қатысты қарсылығы деп түсіну керек. Демек, Президент болған Қасым-Жомарт Тоқаев қарсылық білдірген халықтың белгілі бір бөлігінің арман-мақсатын алдағы уақытта елеп-ескереді деген ойдамыз.

Десек те сайлау науқанында өз мәлімдемелерімен таңғалдырған кандидаттар да кездесті. Мысалы,  Салтанат Тұрсынбекова үгіт плакаттарын көшеге өзі ілді. Теледебат кезінде «қарсыласы Қарақат Әбденге сайлаудан бас тартып, менің штабыма қосыл» деген пікір айтты. Тіпті, сайлауға «Президент болу үшін бара жатқан жоқпын» деп те мәлімдеме жасап, жұртшылықты таңғалдырды. Ол сайлау науқанында 12 облысты аралап, 16 мың шақырым жол жүрді.

Тұрсынбекованың сайлауалды штабы көшеге шығып, «Әйел адамның Президент болғанын қаласаң, мені құшақташы!» деген әлеуметтік эксперимент жүргізді. Нәтижесінде, 127 адам құшақтап, тілектестігін білдірді. Ең бір қызығы, Салтанат Тұрсынбекова сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмыстарына 47 миллион 680 мың теңге жұмсады. Бұл басқа кандидаттармен алыстырғанда, мүлде аз. Соған қарамастан, кандидат неге төмен дауыс алды? Әңгіме қаржыда ма? Ол қазақы ауылдарға бара алған жоқ. Ол үлкен қалаларда ғана халықпен жүздесумен шектелді.

Ал кандидаттардың арасындағы екінші әйел Қарақат Әбден сиыр сауды, атқа мінді. Оның ұраны қазақы ұғымға жақындау болды. «Асығым алшысынан түссін!». Отбасына, қоғамға, Отаныма не керегін мен білемін».

Қарақат Әбден халыққа отбасы мен ұлттық құндылықтарға негізделген бағдарламасын ұсынды. Қарақаттың штаб мүшелері 10 мың миллилитрге жуық қан тапсырды. Ол – «Сен қазақсың. Мақтан тұт!» кітабының авторы.

Рас, Қарақат Әбденнің бағдарламасы қазақы ұғымға жақын, бірақ пиары аздау болған сияқты. Мүмкін, уақыт жетпеген шығар. Әйтпесе, басты әйел қарсыласы Салтанат Тұрсынбековаға қарағанда, оның қаржысы да қомақты. Қарақат Әбден – үгіт-насихат барысында 187 794 000,0 мың теңге жұмсады.

Ал президенттікке кандидат Мейрам Қажыкен 28 күн ішінде 13,6 мың шақырым жол жүрді, бұл – 14 аймақ, 17 қала (оның 2-і республикалық маңызы бар) және кенттер. Бас-аяғы 40-қа жуық кездесу өткізді. Кандидат өзінің үгіт-насихат науқанын Павлодар облысында бастап, қасиетті Түркістанда аяқтады. Ол – Қазіргі қоғамды зерттеу институтының директоры, экономика ғылымының докторы, профессор. Басқа кандидаттармен салыстырғанда, оның сайлауалды бағдарламасы экономикалық тұрғыдан ерекшеленді. Салыстырмалы түрде қарағанда, ең сауатты экономикалық бағдарламалардың бірі болды деуге негіз бар. Ол «Ынтымақ» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі болғанын да айта кеткен жөн. Мейрам Қажыкеннің штабы үгіт-насихат жұмысына бар-жоғы 83 миллион 524 мың теңге жұмсады.

«Ауыл» партиясынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаевтың Тоқаевтан кейінгі орынды алатыны бесенеден белгілі болды. Ол «ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыру қажет» деп есептеді. Дайрабаев жілік сындырды, ат тағалады. «Мемлекет ауылға деген көзқарасын өзгертуі қажет» деген ұстанымда болды. Жигули Дайрабаевтың штабы үгіт-насихат жұмысы барысына 404 миллион 276 200,0 мың теңге жұмсады. Нәтижесінде, үшінші орынмен шектелді.

Ал ЖСДП атынан ұсынылған Нұрлан Әуесбаев Қазақстанның 15 қаласы мен кенттерін аралап шықты. Бірақ жоғары нәтижеге жете алған жоқ. Мұның себебі де бар. Осы уақытқа дейін өткен президенттік, парламенттік сайлауға қатыспай, байкот жариялаған олар бұл жолы белсенділіктерін көрсете алмады. Үгіт-насихат жұмысына Нұрлан Әуесбаевтың штаб мүшелері 109 921 000,0 мың теңге жұмсағанымен, әңгіме ақшада емес, халықтың қолдауына ие болуында екенін олар енді түсінген болар.

Ал Президенттікке кандидат ретінде коалициялық ұйымдардың атынан аламан бәйгеге түскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңімпаз болатыны бесенеден белгілі болды. Тоқаевтың сайлауалды штабы үгіт-насихат науқанына 1 619 999 740,0 теңге жұмсады. Әрине, басқалармен салыстырғанда, бұл орасан зор қаржы. Нәтижесі де белгілі. Тоқаев сайлауда жеңімпаз атанды.

Ал жұртшылықты елеңдеткен, мерзімінен бұрын өткен бұл президенттік сайлау несімен ерекшеленді? Ашығын айту керек, барлық кандидат қолдаушы командасымен өзінше әрекет етті. Бұрынғыдай үгіт-насихат жұмыстарына Ресейдің саяси технологтары араласқан жоқ. Біздің де өз саяси технологтарымыз жетерлік екен. Бірақ ең басты сұрақ, халықтың қолдауына ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта қандай қадам жасайды? Ол енді алдағы уақыттың еншісінде.

Р.S.

ОСК сайлау қорытындысын жария етті

Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, қазіргі уақытта ел өңірлері мен шет елдердегі сайлау учаскелерінде дауыстарды санау аяқталды. Кеше күні бойы онлайн режимде өңірлердің жедел деректері негізінде ОСК қазақстандықтардың дауыс беруге қатысуының белгілі бір уақыттағы жағдайын хабарлап отырды. 9 брифинг өтіп, ақпарат шұғыл беріліп отырды.

Осылайша, ОСК төрағасының айтуынша, Қ.Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-ы дауыс берген. «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 немесе 5,8% сайлаушы таңдаған.

Сонымен бірге, Жигули Дайрабаевқа – 271 641 немесе 3,42 пайыз, Қарақат Әбденге – 206 мың немесе 2,6 пайыз, Мейрам Қажыкенге – 200 907 немесе 2,53 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа – 176 116 немесе 2,22 пайыз және Салтанат Тұрсынбековаға – 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берілген.

Әзірге, аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың электронды көшірмелерін ұсынды.

— Сонымен, нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құрады. Оның 8 млн 300 мың 46 адамы немесе 69,44 пайызы дауыс беруге арналған бюллетендерді алды. Дауыс беру күні ҚР Президенттігіне кандидаттардың 11 мыңнан аса сенім білдірген адамдары, шетелдік халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса байқаушысы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан аса байқаушы сайлауды бақылауды жүргізді. Сайлау учаскелерінде 1225 қазақстандық БАҚ өкілдері, 23 елдің 41 шетелдік БАҚ-тың аккредиттелген журналистері ақпарат таратты, – деді Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:27
Валюта алып өту тәртібі туралы
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:06
Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 17:17
Рудный тұрғындары жылусыз қалды
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 16:12
Ертеңнен бастап жазғы доңғалақпен жүргендер жазаланады
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 15:07
Жұмыс берушілер көше сыпырушылардың ақысын жеп отыр
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 10:54
Екібастұздағы көппәтерлі үйге бүгін жылу беріледі – жедел штаб

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43