Президенттің кадрлық резерві сенімнен шыға ала ма?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

06.05.2022, 15:33

1732

2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың идеясымен құрылған президенттің кадрлық резерві мемлекетшіл әрі білімді, дарынды жастарға ұсынылып отырған үлкен мүмкіндік. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен осымен екі рет үміткерлерді іріктеу байқауы өткізілді. Алғашқы сынақтан 300 маман өтті. Былтыр екінші резервтік емтиханнан 350 адам іріктеліп алынды. Агенттіктің төрағасы Дархан Жазықбаев жоғары лауазымға өткен жылы топ жарған жастардың 60 пайызы тағайындалғанын ресми жариялады. Саяси мансапқа көтерілетіндер «А» корпусының әкімшілік қызметіне, «Б» корпусының басшылық қызметтеріне, саяси қызметке, сондай-ақ «Б» корпусының «А» деңгейіндегі қызметтерге қабыланады.

Кадрлық резервтің барлық талабымен танысып шыққан қоғам қайраткері, ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметте және әкім лауазымында тәжірибе жинаған Ниқан Омарханов, саяси мәні зор бастаманы сапалы ету үшін кадрлық резервтің кейбір талаптарына өзгеріс енгізуді ұсынады.

– Барлығымызға аян, президенттің жарлығына сай, жоғары құрылымдарға жоғары білімді, 35 жастан аспаған, еңбек өтілі 5 жылға жеткен мамандарды іріктеу көзделген. Бірақ көшбасшылар байқауына көбіне қалада жұмыс істеген қыз-жігіттер алынады. Әлбетте, олар озық технологияны меңгерген, білімді, ағылшын тілін білетін жастар. Алайда, барлығының өмірдегі шынайы қиындықтармен күресу тәжірибесі аз. Көбіне, теориялық білімімен озады. Өкінішке қарай, ауылдық аймақтарда халықпен етене айналысып жүрген, ауыл шаруашылығының қыр-сырын, ауыл халқының қиындығын, одан шығудың жолын білетін талантты мамандар назардан тыс қалып қояды. Осындай дарынды жас мемлекетшіл қызметкерлердің кадрлық резервтен шет қалып отырғаны қынжылтады. Олар осы мүмкіндіктен неге қалыс қалды? Иә, олар шет тілін еркін меңгермеген шығар. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Біріншіден, ағылшынша жатық сөйлеуге уақыт керек, екіншіден, ағылшын тілінің қолданысы жоқ ортаға оның қажеті де шамалы. Мемлекеттік қызметтің қазанында қайнаған, зейнеткер қоғам қайраткері ретінде тілегім, ауылдық жерлерде жауапты қызметте жүрген қыз-жігіттер ескерусіз қалмаса екен. Сондықтан саяси биліктің сардары болып жүрген ауылдағы талапты жас басшыларға арнайы квота берілсе, деген ұсынысым бар, – дейді Ниқан Омарханов.

Қырық жыл аудандық білім саласын басқарған Төлеген Арконов, көпшілік арасынан топ жарған резервтегілерді «ебіне емес, ісіне қарап бағалау маңызды» деген ой айтты.

– Кейде тарихтың ұтымды шешімінен сабақ алуға тура келеді.  Естеріңізде болса, бұрын «райкомның хатшылығына» қазіргі тілмен айтқанда, әкім лауазымына үміткер төменнен жоғарыға принципі бойынша сайланатын. Ол кезде, деңгейі келмесе де, «елдестік пен жерлестік», яки  тамыр-таныстықпен билікке жету дәстүрі болмаған-ды. Халыққа ісімен,  нәтижелі жұмысымен көзге түскен, елдің шынайы ықыласына бөленген, мемлекетке жанашыр, елге қорған іскер азаматтар ғана әкім, министр болды. Менің пайымдауымша, президенттің кадрлық резервіне 35 жастағы үміткерлерді іріктеу ерте. Талантты көшбасшы өмір тәжіребиесінен 40 жастан асқанда, сабақ ала бастайды. Резерке іріктеудің талабын осы кезден бастау керек, – дейді КСРО білім саласының еңбек сіңірген қызметкері.

Президенттің кадрлық резервіне ену – үміткерлердің мемлекеттік лауазымға тағайындалуының кепілі емес. Мұны жастар кадрлық резерві жөніндегі ұлттық комиссиясы ескерткен болатын-ды. Демек, бұл Қазақстанды одан әрі өркендету жолындағы жауапкершілік деп түсінген жөн.

Тегтер: жастар саясаты кадр маман

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01