Прокурор 10 жылға соттамақ болған Шкарупа ақталып шықты

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

28.01.2021, 10:52

1358

 Сотталады деген бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа бостандыққа шықты

      «215 млн теңге қаражатты жымқырды» деп кінә тағылған энергетика экс-вице-министрі Анатолий Шкарупаға қатысты іске сот соңғы нүктесін қойды.Қарағанды қаласында 2018 жылдан бастап басы  дауға қалған бұрынғы вице-министр Анатолий Шкарупаға қатысты ұзаққа созылған сот аяқталды.  Еске сала кетсек, 2018 жылдың 24 қарашасында Анатолий Шкарупамен бірге «ТКШ дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы міндетін атқарушы Қайсар Байдалы мен «ENERGO» ЖШС директоры Ерлан Набиев қамауға алынды.       Үш күдіктіге Саран қаласының жылыту жүйесі үшін  есептеу құрылғысын сатып алуға және оны орнатуға  ТКШ дамыту қорынан бөлінген 215 млн теңгені талан-таражға салды деген айып тағылған-ды. Анатолий Шкарупаның қамауға алу санкциясы жазда үйқамаққа ауыстырылған болатын. Анатолий Шкарупа 2014-17 жылдары Саран қаласының әкімі болды. Кейін ол энергетика вице-министрі болып тағайындалған соң, бірнеше ай өтпей жатып тұтқынға түскен-ді.

                    Қолды болған 215 млн теңге қайда кетті?      Үлкен шенеуніктің ұсталып, істі болуы Қарағанды облысы үшін таңсық емес еді. Өйткені мұндай атышулы істер арасына жыл салып болып тұратын. Даулы іс сотқа түскен кезде Анатолий Шкарупа мен қасындағы екі күдікті ымыраласып,  215 млн теңге бюджет қаражатын талан-таражға салды деген тергеудің мәліметі жария болған еді. Енді бүгінгі соңғы сот отырысында судья  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорынан бөлінген 215 млн теңгенің 104 млн 400 мыңнан астам қаражатының жымқырылуына үш күдіктінің қатысы болды деген айып тағылғанын атап өтті. Жоғарыда айтып өткендей, бұл қаражат Саран қаласында салынып жатқан орталықтанған жылу жүйесінің есептеу құрылғысына арналған. Алайда Сарандағы бұл қазандық 2012 жылдан бері салынып бітпей келеді.

     Қазандықты салу бойынша жарияланған тендерді «Павлодар қазандық зауыты» ЖШС ұтып алған. Сарандағы орталықтанған жылыту қазандығына сол кезде 5 миллиард теңге  республикалық бюджеттен бөлінген. Құрылыстың басым бөлігі бітіп қалғанда,  2015 жылы бас мердігер «Павлодар қазандық зауыты» ЖШС директоры Тимур Данияровты сот құрылыс салу кезінде алаяқтық істерге жол бергені үшін 5 жыл 6 айға соттап жіберген. Тергеу органы Анатолий Шкарупа мен жанындағы екі күдіктіні «қазандық салынып бітпей жатып оның есептеу құрылғысын сатып алуға,  орнатуға ақша бөлді әрі оны талан-таражға салды» деп мәлімдеме жасаған. Алайда үш күдікті де өздеріне тағылған айыппен келіспеген. Бүгінде бұл есептеу құрылғыларының сол күйі тұрғанын әрі оларға «ENERGO»  ЖШС лизинг бойынша қызмет көрсетіп жүргенін мәлімдеген.

     Анатолий Шкарупа үкім шығар алдында соттан  түк кінәсінің жоқ екенін алға тартып, өзін ақтап шығаруды сұрады. «Бас прокурор елбасыға Қауіпсіздік кеңесі отырысында 215  млн теңгенің жымқырылуына менің қатысым бар деп мәлімдеді. Ол мені тікелей қатысы бар деді. Сол кездің өзінде ол мұны факті ретінде дәлелдеп шығуды өзіне міндет қылып тұрды. Осыдан кейін тергеуде шынайылық болған жоқ. Басында айыпты ойлап тауып, бәрін маған кедергі келтіру үшін әдейі жасады. Тергеу оперативтік тобы мүшелерінің  жұмысында заңсыздық болды. Мұны Иманғалиев және басқа да мамандар жасады. Менің құқығымды прокурорлар Жантуреев және Тоқамбаев бұзды», – деп мәлімдеді сотта Анатолий Шкарупа.

       «Мемлекеттік қызметке бармаймын, бұл менің позициям»

      Қазыбек би аудандық сотының судьясы Жанат Егембердиева «қылмыстық құрам жоқ» деп, үш күдіктіні де ақтады, үшеуі де сот залынан бостандыққа шықты. «Біз әділ сот үкімін күткен едік, соған қол жеткіздік. Сот үкімі заңды күшіне енеді, оған апелляциялық шағым түспейді деп үміттенеміз.  Өйткені сот барысында қорғаушы жақ кінәміздің жоқ екенін көрсеткен айғақтарды ұсынды», – деп мәлімдеді соттан кейін Анатолий Шкарупа patriotkaragandy инстаграм парақшасының журналисіне. Сұхбат барысында  бұрынғы вице-министр мемлекеттік қызметке енді аттап баспайтынын, бұл оның позициясы екенін айтты.         «Сотқа дейінгі тергеу органдары айыптау актісінде қылмыстың қалай жасалғанын көрсетпеген,  яғни қандай жолмен қаражаттың қолды болғаны анық жазылмаған. Е.Набиев, Қ.Байдалы,  А.Шкарупаның қылмыстық тұрғыда ымыраласты деген факті бойынша айғақ болған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу кезінде жеткілікті әрі нақты айғақтар алынбаған. Іс бойынша жауап алған куәгерлер күдіктілердің кінәсін нақтылап айтпаған. Сол себепті сот бұл істе қылмыстық құрам жоқ деп шешті. Сонымен қатар  сот ҚР бас прокуратурасына сотқа дейінгі тергеу кезінде заң нормасын бұзуына қатысты жеке қаулы жіберді. Сот үкімі күшіне енген жоқ», – деп мәлімдеді Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметі.

Тегтер: сот қылмыс заң ақталу

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 17:44
Әлемді дүрліктірген «Кальмар ойыны
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 10:34
Оралда пластик өнімдері цехы пайда болды
Мариям МАҚСАТ 08:47
«Тілі түсіп, іші күйіп жатыр»
Әділ КЕМЕҢГЕР 26.10.2021, 15:09
Латын әліпбиі деп босқа бақырдық, ә?
Сайт әкімшілігі 26.10.2021, 13:29
Керделі ауылына көгілдір отын берілді
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 26.10.2021, 09:04
Шонжыны шоңқитқан Тохтасунов Оралды да оңдырмапты

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01