Қайдасың, Баян немесе Желтоқсан жаңғырығы

Шаяхмет АЛЖАМБАЙ,ақын

16.12.2020, 09:25

3982

       Иә, автордың шығармасына осылай тақырып қоюы әдетте бір-біріне деген ыстық махаббаттың қимас сезімі жайлы жазылғанда кездесетіні белгілі. Ал менің жазайын деп отырғаным екі жастың арасындағы емес, жаны мен жүрегі нәзік әйел затының еліне, ұлтына деген шексіз де ғаламат махаббаты жайында болмақ.

      

      Сол жылы мен 31-де едім. Алматының батыс-оңтүстігінде орналасқан құрылысшылар қалашығындағы жас отбасыларға арналған жатақхананың аумақты бір бөлмесінде тұратынбыз.

       Күннің дәл қай сағатында екені есімде жоқ, радиоқабылдағыштан үзбей беріліп жататын кезекті «Соңғы хабары» «КСРО Бас хатшысы Михаил Сергеевич Горбачевтың жарлығымен  Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып Геннадий Васильевич Колбин тағайындалды» деген тосыннан айтылған жаңалықпен басталды. Оқыстан селт еткізіп, өне бойыңды ток соққандай әсер еткен бұл суық хабарды естіген әрқайсымыз бір-бірімізге «Не боп кетті бұл? Қонаевты орнынан неге алды?» деген тәрізді сұрақтармен  үрпиісе қарастық. Бұл жайсыз хабар жүйкеме тиіп, Горбачевты күбірлей «сыбап», жатақхананың ұзын дәлізіне шықсам, еркек-әйелі аралас біраз көршім жиналып қалыпты. Олар да менің күйімді кешіп, жоғарыға лағынет айтып жатыр. Бәрінің де жүздері жабыңқы, қабақтары түсіңкі. Айтатындары: «Енді не болар екен? Неге өз елімізді өз ұлтымыздың адамы басқармайды? Мынау масқара ғой!» деген тәрізді билікке наразы сөздер.

     – Бұл нағыз дискриминация ғой. Неге біз мұндай басынуға көнуіміз керек? ЦК-ға арыз жазу керек, доғарсын басынуды! – деп, бізден сәл ғана жасы үлкендеу көршіміз Баянның ашу-ызаға толы даусы топ арасынан саңқылдай шықты. Өзі орыстілді Баянның жан-жақты  білімі бар, озық ойлы жан екенін бұрын да байқайтынмын. Оның да күйеуі құрылыста бригадир болып істейтін, жасы үлкендеу болғасын ба, көп араласымыз жоқ еді. Сұңғақ бойлы, аппақ реңді Баянның бұл жолы ашу-ызасы шегіне жеткені байқалып тұр. Бәріміз де сондай күй кешіп тұр едік. Кенет қасында бір-екі бейтаныс адамдар бар, Вера Игнатьевна кіріп келді. Бұл әйел осы біздің жұмысшылар жатақханасының коменданты еді. Ататегінің (фамилиясының) кім екенін білмейміз, әйтеуір, Вера Игнатьевна дейміз. Тарамыстай тартылған ұзын бойлы орыс әйелінің осы жатақханада айтқаны жүреді. Дәліздің бір бұрышында топ болып тұрған бізге жетіп келіп:

   – Бұл не жиналыс? Қане, тараңдар үйді-үйлеріңе! – деп  зеки сөйледі Вера Игнатьевна орыс тілінде бұйрықты үнмен.

  – Біз детсадтың балалары емеспіз, үлкендерміз. Бас қосып әңгімелесуге құқымыз бар! – деп, бірден тайсалмастан нықтай жауап берді Баян да сұсты үнмен орысша тіл қатып. Біз де оны қостап:

   – Дұрыс айтады, тұрғындар кеңесіне тыйым салынбауы керек, – дедік жамырай сөйлеп.

    – Та-а-к, сіз қай бөлмеде тұрасыз? – деп комендант Баянға шүйлігіп, жазып алмақшы болып кітапшасын ашып ыңғайлана бергенде, қайдан келе қалғаны белгісіз, Баянның күйеуі ортаға киліге кетіп:

    – Вера Игнатьевна, бәрі дұрыс, кешірім өтінеміз. Қане, тарайық. Баян, не деп тұрсың? Есің дұрыс па, жүр үйге! – деп зіркілдей сөйлеп, сүйрелей жөнелді.

— Қашанғы үндемейміз? Айтқым келді, айттым! – деп, Баян да сөйлеген күйі жеңінен тартып өзеуреген  күйеуінің соңынан  амалсыз ұзай берді.

       Үрпиісіп үнсіз қалған топ қолына кітапшасын ұстап тұрған коменданттан сескенді ме, әлде оның қасындағы жүздері сұрланған екеуден сескенді ме, әлде әліптің артын бағайық деді ме, біртіндеп үйді-үйлеріне тарай бастады. Кеуделерді көңілсіздік басты. Ертесі таң алакеуімнен жұмысқа тысқа шықсақ, көшеде жеңдеріне қызыл мата байлаған «кезекшілер» қаптап жүр. Біз ол кезде қаланың сыртында, қашықта істейтін болғандықтан, арнайы автобус тасымалдайтын.

       Жеңдеріне қызыл байлаған әлгі «қамқоршылар» автобусқа кіріп отырғанша, біздің соңымыздан еріп, ізімізбен келді. Біз жұмыс істейтін бригадада жетпістей адам бар еді, соның ішінде бар-жоғы бес-алты-ақ қазақпыз. Бәрінің аңдығаны – біз. Кешелі бері болып жатқан елдегі өзгеріс туралы біз  бір-бірімізге не айтамыз – соны аңдиды. Жұмысты бастағанмен, ойымыз сан-саққа бөлініп, елдегі өзгеріске алаңдаулымыз. Ол кезде ұялы телефон деген жоқ, сыртта не болып жатқанынан хабардар болып отыру мүмкін емес. Сағат 11-лер шамасында  ұзынқұлақтан «Алматыдағы жаңа алаңда студент-жастар көтеріліс жасап жатыр екен» деген хабар жетті. Басшыларымыздың дені басқа ұлт өкілдерінен болғандықтан, олардың бір-біріне күбірлей айтқан сөздері мен абыржыңқы жүздерінен алаңда бір оқиғаның болып жатқанын біз айқын сездік. Түскі астан соң  асханадан ертерек шығып, баяғы бес-алты қазақ оңаша бас қосып, не істеуіміз керектігіне «жоспар» құрдық. Осыны аңдып тұрғандай  бригадалас Морозов және Кириченко деген екеуі бізге жанамалай келіп, шылым шеккен болып тұра қалды. «Мыналарды бізді аңду үшін әдейі жіберіп отыр» деп сыбыр етті Дәурен. Ол жағы онсыз да белгілі еді. Біздің арамызда физкультура институтының екінші курсынан әлдебір себептермен оқудан шығып қалған, бокспен айналысқан Мұрат деген еңгезердей қараторы жігіт бар еді. Біраз бұрын өзіне жөнсіз тиісіп болмаған соң, бригададағы мақтаншақтау Бочкарев деген өзі құралпы жігітті бәріміздің көзімізше қуып жүріп сабағаны бар. Содан кейін көбісі Мұраттан аяқ тартатын. Әлгілерге  Мұрат жүзінен ызғар шашып, оқты көздерін қадағаны сол еді, олар ішке қарай зытып берді. Сонымен, ертесі, яғни желтоқсанның 17-сі күні Дәурен, Абай және Серік, ал 18-і күні мен, Мұрат және Болат үшеуміз алаңға баруға келісіп тарастық та, жұмысқа қайта кірістік.   

      Кешке жұмыстан оралып, үйге кіріп, сырт киімдерімді шешкенім сол еді, дәлізден шу шықты. Бөлменің жартылай ашық тұрған есігінен даусы өктем шығып жатқан Баянның сөздері естілді. Дереу дәлізге шықсам, бір орыс пен  қазақ азаматы Баянды екі  қолының қарынан қыса ұстап, кіріп келе жатыр екен. Бұлармен қоса, жеңіне қызыл таққан әйел заты да бірге еді. Оның жасын да, ұлтын да ажырата алмадым. Көңілі жарым жұрт оқыс шыққан дауысқа елең етісіп, біразы дәлізге шығып үлгеріпті. Осы кезде әйелінің даусын естіп, атып шыққан Баянның күйеуі әлгілерге жақындап, не болғанын сұрады. Баянның күйеуі екенін білген соң, манағы бірге келген әйел:

    – Білесіз бе, әйеліңіздің жат пиғылмен алаңға барғанын? Ол жақта наркомандар мен бұзақылар… – дей бастап еді, ашуға булығып, ыза кернеп тұрған Баян:

     – Барамын! Олар наркомандар емес! Сол үшін соттамақсыңдар ма? Изверги! – деп, әлдекімдердің жұлқылауынан  жағасы жыртылған пальтосының  өңірін түземек болып, қарынан сығымдап тұрған қолдарды сілкіп қалды. Баянға араша болудың орнына оған дүрсе қоя берген күйеуі  зеки сөйлеп, оны  ішке қарай сілкілей тартты.

— Протокол толтыру керек, – деп, әлгі үшеуі де бірге кіріп, есікті жауып алды. Осы кезде жанына жандайшабын ертіп, Вера Игнатьевна да жетті. Бетінен зәрі шығып зіркілдей сөйлеп келген ол Баян тұратын бөлменің есігін жұлқи ашып, ішке еніп кетті. Сәл тұрып, біз де тарастық.

     Ертесі  жұмыстан келсем, дәлізде үш-төрт көрші тағы да жиналып тұр екен. Жүздері жабыңқы. Қастарына барып ем, олардың бірі:

  • Естідің бе, Баянды «үш әріптің» адамдары алып кетіпті, – деді үрейлі де бәсең дауыспен.

       Мен  жағдайды бірден түсіндім. Өйткені бұл күндерде  әр қазақтың аузынан шыққан сөзі мен басқан қадамы аңдулы еді.

 Сол күні кешке Баян келді. Сұңғақ бойы еш бүгілмей, өр еңсесін тік ұстаған күйі аппақ жүзінен өрлік пен қайсарлықтың белгісі жалын атып үйіне келе жатты. Бәріміз қуандық. Бірақ ол сол күннен бастап бұрынғыдай жарқылдап көрінуді қойды. Естуімізше, отбасында бір салқындық пайда болғандай. Дүбірлі күндер ауыр жылжып өтіп жатты. Алматыда болған  Желтоқсан оқиғасы  туралы түрлі қауесет лезде Қазақстанды көктеп өтіп, бүкіл Одаққа, одан жалпақ әлемге тарады да кетті. Көп ұзамай Баянның отбасы қаланың басқа жағынан пәтер алып, көшіп кетті. Содан соң мен Баянды көрген емеспін. Біз де жаңа пәтер алып, жатақханадан көштік. Бірақ арада қаншама жылдар өтсе де, Баянның сондағы өжеттігі мен өрлігі, өз ұлтының намысы жолында неден болса да  тайсалмайтын қайсарлығы менің көз алдыма келеді де тұрады. Егер менің қолыма бір күндік билік тисе, әуелгі кезекте Баянға «Халық Қаһарманы» атағын берер ем. Иә, ол нағыз желтоқсандықтар қатарында еді. Бұл күнде ол да немерелерінің сүйікті әжесі болып отырған шығар деп ойлаймын кейде. Сонда да көргім келеді, қимас көршім ретінде біртүрлі сағынатын сияқтымын. Қайдасың, Баян?

                                                                         

          

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрболат ӘЛДИБЕК 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 14:30
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 21 миллиард теңге салған
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 12:04
Жаңа оқу жылы онлайн бола ма, офлайн бола ма?!
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:19
Қапшағайда демалысқа уақытша тыйым салынды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:12
Бес қалада жаңа шектеулер күшіне енді

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58