«Қайтыс болғандардың ешқайсысы екпе алмаған»

М.СӘУЛЕБЕК

30.07.2021, 12:14

2746

Шымкентте коронавирус індетіне қатысты эпидемиологиялық ахуал күрделеніп келеді. Соңғы тәуліктерде мегаполисте ковид жұқтырғандардың саны 400-500-ден түспей тұр. Қалада жыл басынан бері коронавирус жұқтырған 248 адам қайтыс болған.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтың айтуынша, қайтыс болғандардың ешқайсысы коронавирусқа қарсы екпе алмаған.  Екпенің адам өмірін сақтап қалудағы маңызына қатысты бұдан артық мысалды келтіру қиын, сірә. Қазіргі уақытта  вакцина алу көрсеткіші бойынша Шымкент республикада алдыңғы орындарда келеді. Егер індетке қарсы екпе жүргізілмегенде, жағдайдың қаншалықты қиын боларын ойлаудың өзі  қорқынышты.

«Қазір инфекциялық стационарда 1774 адам ем алып жатыр. Оның ішінде 166 науқас жансақтау бөлімінде жатса, 64-інің жағдайы ауыр халде», –дейді Б.Позилов.

Мегаполисте, жалпы, жыл басынан бері ковид жұқтырған  13 мыңнан астам  науқас тіркелген. Қазір қалада коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды емдеуге арналған 3000-ға жуық  төсек-орын бар. Эпидемиологиялық жағдайдың өршуіне байланысты  төсек-орындар саны күннен-күнге көбейтілуде.

Қаладағы  мемлекеттік және жекеменшік емхана жанынан құрылған мобильді бригадалар күніне 1000-нан аса шақыртуға барады. Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты амбулаториялық көмек көрсететін бригада мамандарына түсетін шақыртулардың саны артып отыр.

Б.Позиловтың айтуынша, қазіргі таңда 39 мемлекеттік және жекеменшік емханада 205 мобильді бригада жұмыс істеуде. Аталған бригада қызметкерлері Covid-19, пневмонияға шалдыққан, жіті респираторлық аурудың белгілері бар пациенттерге үйде амбулаториялық-емханалық көмек көрсетіп, ковидке күдікті пациенттерден жедел және ПТР-тестілеу алады.

– Қазіргі таңда 4313 науқас емделіп жатыр, оның ішінде 2551 науқас үй жағдайында амбулаторлық ем қабылдауда. Осы амбулаториялық ем қабылдап жатқандарға мобильді бригада қызметкерлері көмек көрсетуде. Өкінішке қарай, соңғы бір айда көз жұмғандардың саны күрт көбейді. Инфекциялық стационарда коронавирусқа шалдыққан 121 жүкті әйел емделуде. Қауіпті инфекция жұқтырған алты жүкті әйелдің жағдайы ауыр, – деді Б.Позилов.

Қалыптасқан жағдайға байланысты Шымкентте №1 қалалық клиникалық ауруханасы жанынан 100 орынға арналған инфекциялық стационар ашылды. Аталған медициналық нысанның науқастарды қабылдау процесімен қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан арнайы барып танысты. Коронавирустық инфекция жұқтырған науқастар санының өсуіне байланысты жасақталған бұл стационар жүкті әйелдерге арналған. Резервтік стационарда реанимациялық төсек-орындар мен науқастарды емдеу үшін барлық қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған. Мұнда дәрігерлер ковид ауруының орташа және ауыр ағымы бар науқастарды емдейді. Әкім орынбасары індетпен күресте жалғыз тиімді әдіс вакцинация екенін айтып, жақындарымыз бен айналамыздағы адамдардың денсаулығына жанашыр болуға шақырды. Айта кетейік, қазір қалада инфекциялық ауруға шалдыққан 1346 азамат стационарда ем қабылдауда. Төсек-орын толымдылығы 61 пайызды  құрайды.

Сондай-ақ бір тәулік ішінде қалада 7453 адам вакцина алды(I компонент – 2445, II компонент – 5008). Егу науқаны басталғалы барлығы 347 612 адам вакцинацияланды. Оның ішінде 224 333 адамға вакцинаның екі компоненті салынған.

Сонымен бірге қала аумағында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізетін 40 мобильдік топ жұмыс атқаруда. 21 шілде күні 658 нысанға тексеру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 14 нысанда карантин режимінің талаптары бұзылғаны анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Індет қаупі сейілген жоқ. Медицина мамандары қала тұрғындарын карантиндік шараларды сақтауға, бетперде тағуға және әлеуметтік арақашықтықты сақтап, адамдар көп жүретін қоғамдық жерлерге бармауға шақыруда.

Тегтер: медицина коронавирус ПТР тест анықтама

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды
Сайт әкімшілігі 09:30
49 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 09:20
Қазақстанда 8 облыс "қызыл" аймақта

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39