Қайыршысы көп Қазақстан

Жарас КЕМЕЛЖАН

08.10.2021, 10:30

1515

Күні кеше ғана миллионшы қала атанған Шымкент қайыршы қалаға айналып барады. Шаһарды көше кезген кезбелер басып қалыпты. Ал полицейлер бұдан былай Шымкенттегі жарлы-жақыбайларға айыппұл салмақшы. Күлкілі! Өзі қайыр тілеп тиын-тебен тауып, күнін әрең көріп жүрген міскіндерге айыппұл салу – ақылға сыймайтын, тіпті сайқымазақ шешім деуге болады. Әнші-әртістерді шақырып, арзан атақ жинап, қара басының қамы үшін өзінің жарнамасын жалдамалы блогерлерге бірнеше миллион теңгеге жасататын әкім-қаралардың қайыршыға қылатын басқа қарекеті қалмаған ба? Әлгі ақпаратта жыл басынан бері 2 мың 650 қайыршының айыппұл арқалап үлгергені айтылады. Ал сақшылардың қолына түспегендері қанша? Сонда миллион тұрғыны бар қалада 3 мың қайыршының болуы – бұл біздің кедейлікке кеңірдектен батқанымыздың айқын көрінісі емес пе?

Бұл Әйтеновтың кінәсі емес. Отыз жылда қазақтың жағдайын жасай алмаған биліктің кінәсі. Қазір Шымкент қана емес, тұтас Қазақстан қайыр тілеуге айналды. Бұдан бірнеше жыл бұрын көшеден қайыршы қазақ көрмейтінбіз. Көбі, басқа ұлт өкілдері болатын-ды. Қазір екі кезбенің бірі: қазақтың қара шалы, ақсамайлы әжесі мен бала көтерген жап-жас қыз-келіншектері. Отыз жылда биліктегі ат төбеліндей, аз топ қана байыды. Байығанда да ақылға сыймайтындай, ақша жинап алды. Дамыған отыз елдің қатарына қосылғандар солар ғана. Ал қалған халық тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың күйін кешіп отыр. Біздің мұнымызды біреу артық, біреу кем дер. Бірақ ақиқаты осы.

Ауылда жұмыс жоқ. Нағыз қайыршылар ауылда тұрады. Бірақ олар Шымкенттің тілемсектері сияқты көше кезіп, көлік торып, тиын сұрап жүрген жоқ. Намыс жібермейді. Ауқатты кісілердің үйіне барып, табылған жұмысын істеп, қарымтасына азын-аулақ ақша, берсе, ішпек-жемек алып қайтады. Олар солай күнелтеді. Отыз жылда біз ауылдағы берекелі өмірдің тамырына балта шаптық. Баяғы қора-қора қойдың, үйір-үйір жылқы мен табын-табын сиырдың ұшығы шыққан. Ол кезде ауылда ит басына іркіт құйылып жататын. Халықта қарынның қамы деген болмады. Жұмыссыз адам кездеспейтін. Содан болар қайыршы атауы сөздік қорымызда болғанымен, көшеден кездеспейтін. Ал қазір малы бар ауқатты азаматтар бір ауылдан бірлі-екілі ғана шығады. Қалғандары: тұттай кедей болмаса да, күнін әрең көріп отырғандар.

Біз «ауыл» деп Алматы мен астананың іргесіндегі елді айтып отырған жоқпыз. Шалғайдағы қыр жағалап, құм сағалап жүрген ағайынды меңзеп отырмыз. Биылғы қуаңшылық бес-он шолағына күні қарап отырған Маңғыстау мен Аралдағы малшы ағайынды тығырыққа тірегенін жақсы білесіздер. Кедейлер қатарына күні ертең олардың да қосылмасына кім кепіл?!

Айтпақшы, Шымкенттегі қайыршылардың кейбірі көрші елдерден келіпті-мыс. Тілші солай деді. Мұнысы: қазақта қайыршы жоқ деген сөз емес, шындықты жылы жапқысы келген түрі. Соңғы жылдары балаларын ертіп, алақан жайған қазақ әйелдерінің саны артып кетті. Әр қаладан кездеседі. Әлеуметтік желіде қайырымды жандар ақша жинап, сондай шарасыз аналарға көмектесіп, кейбіріне үй әперіп, кейбірін емдетіп жатады. Қайырымды болған, садақа берген, жұрттың бір-біріне көмектескені жақсы ғой. Бірақ бір емес, күн сайын әр қалада бірнеше адамға осылай көмектесу жалпыласып кетті. Сонда мемлекеттің жерасты, жер үсті байлығын сорып отырған, халықтан салық алып, күшенген билік не істейді? Халқы кедей болса, ондай биліктен не қайыр? Қазақтың мұнайы мен кенін, көмірі мен темірін сатып байыған, өздеріне ғана емес, бала-шағасына, үрім-бұтағына жететін байлық жинап берген шенеуніктер халықтың тағдыры мойындарында екенін түсіне ме? Сондай үлкен жауапкершіліктің бар екенін Ақорда кейде ұмытып кететін сияқты ма, қалай?

Паул Джанстың «Қайыршы мен күшігінің әңгімесі» деген шығармасында қайыршының қиялы суреттеледі. Сонда әлгі қайыршы: «Мен көше кезген бір міскінмін. Бір жапырақ нанды қайдан болса да тауып жеймін. Басқа уайымым жоқ. Ал анау халықты қанап, байлық жиған дөкейлердің тамағынан ас өте ме екен? Байлығымды біреу алып қоя ма деп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып отырғандары… Мен – алтыны жоқ тақыр кедеймін. Ал олар алтыны болса да, рухани қайыршы», – деген ой айтады.

Паулдың кейіпкері – тура біздің қоғамның адамдары. Қазір байлардың балалары барлықтан не істерін білмей жүр. Ал кейдейлер қарынның қамы үшін жаздың аптабында, қыстың аязында көше кезіп, бір жапырақ нан үшін алақан жаяды. Шымкент көше кезген кезбелерге айыппұл салып, ақша жинамақшы. Бұл кемел идея ертең Алматы мен астанаға жетпесіне кім кепіл?

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АРЫҚБАЙ 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:57
Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз
Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ 20.10.2021, 12:35
Телеарналардағы ағаттықтың алдын алу керек
Нүкен БЕЙСЕНҒАЗЫ 20.10.2021, 10:03
Ескерткіштер – елдігіміздің белгісі

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31