Қандықол қасапшылар қайдан шықты?

Рәтбек АРЫНҰЛЫ

29.06.2022, 10:00

1610

Кезінде менің «Құқық қорғау саласына реформа жасау не үшін қажет?» – деген мақалам 2012 жылы «Жас Алаш» газетіне басылып шықты. Онда мен құқық қорғау саласына реформа жасау керек деген мәселені тұңғыш рет газет арқылы көтергенмін. Менің бұл пікірімді басқа да білікті заңгерлер, тарихшылар, журналистер қолдар деп үміттенген едім. Амал қанша, оны ешкім қолдамады. Таңғаларлығы сол – ешкім қарсы да болған жоқ. Кейіннен бұл жазбамды «Ұлыны ұлықтау ұлт парызы» деген (2012 ж) кітабыма кіргіздім де жылы жауып қойдым. Содан бері бұл тақырып қозғаусыз жатты. Шындығында бұл біздің қоғамға аса қажет, өміршең тақырып еді. Кейіннен құқық қорғау қызметкерлерінің жазықсыз адамдарды атып тастау фактілері жиілеп кетті. Осы қылмыстың қайнар көзі қайдан шықты? – деген мәселені көтерген едім. Мен сол тақырыпты қайталағым келіп отыр.

… Алайда халықтар мен ұлттар тағдыры бұрмаланып, тәлкекке түскен октябрь революциясы жөнінде әлі де талай еңбектер жазыла жатар. ХХ ғасырдың бейбіт кезінде әлемнің түрлі елдерінде 170 миллион адам қырылған екен. Мұндай жантүршігерлік деректер швед саясатшысы Петр Альмарктың «Ашық жара» деген еңбегінде келтіріледі. Бұл кітапта адамдарды қырғынға  ұшыратқаны (жойғаны) үшін мойындарына адам қаны жүктелетін басшылардың жеке жауапкершілігі айтылады. Бұл тізімнің ең басында Сталин тұр. Оның режимінің есебінде 42,6 миллион құрбандық бар екен. Ал біздің тарих жер бетіндегі ең жауыз, зұлым ретінде көрсетіп жүрген Гитлер үшінші орында тұр. Оның мойнына 20,9 миллион адамның қаны жүктелген.

Солай бола тұрса да адамзат тарихы (әсіресе бұрынғы Кеңес одағының тарихы) Сталиннің қылмыстық істеріне бүгінге дейін тарихи әділ бағасын  бере алмай келеді. Сұмдық салдары сол – Сталин өлгенмен оның қол қойып қалдырып кеткен бұйрықтары (құжаттары) жойылмай, сол қалпы қолданыста қалып қойды. Сол бұйрықтар Дзержинский, Ежов, Берия сияқты қанды қол қасапшылардың қолдарынан да өтті. Ол құжаттардың бәрі де ішкі істер министрлігінің қолында. Жаңадан келген ішкі істер министрі сол бұйрықты өзгертпестен көшіріп алып, аяғына өзінің атын жазып, қолын қойып, мөрін баса береді. Сол қатал бұйрық әрі қарай қолданысқа еніп, жалғасын таба береді. Сөйтіп бірінен соң біріне тізбектелген бұйрық сүйретіліп келіп біздің дәуіріміздің де есігін ашты. Мен меңзеген қырсық осы бұйрықтар тізбегінен бастау алғанын ішіңіз сезіп отырған шығар. Бұл бұйрықтың бір әрпі өзгермей 1986 жылғы желтоқсанда Алматыдағы алаңға шыққан жастар мен студенттерді қанға бояды.

Енді мына қызықты қараңыздар. 1991 жылы КСРО тарап, Қазақстан Тәуелсіздік алды. Баршамыз ұрандап, қуанып, қол шапалақтап жүрдік. Бірақ үкіметте еш өзгеріс болмапты. Жоғарыда айтқан ішкі істер министрлері бұрынғы Кеңестік жүйенің қаулы-қарарларын еш өзгеріссіз қалдырыпты. Бұдан асқан сауатсыздық, жауапсыздық бола ма? Сол бейшаралардың қоғамдық формация өзгерді (социализм құлады), енді жаңадан құжат дайындайық деген сіркедей ой миларына келмепті.

Біз отыз жылға кешіккен екенбіз. Бізге тәуелсіздік алған күні реформаны осы құжаттардың көзін жоюдан бастауымыз керек еді. Осы құжаттарда атып тастау, жойып жіберу, өлтіру керек деген сөздер тайға таңба басқандай жазулы тұрды. Күштік құрылымдарға арналған ортақ екінші құжаттың аты-әскери Устав. Осы Устав сонау Суворов заманынан бері қарата қолданыста келе жатқанына сенесіз бе? Бұл енді масқара жағдай. Енді өлексенің исі қай жақтан шығып тұрғанын сезген шығарсыздар. Осының бәрі біздің дер кезінде реформа жасамауымыздың кеселі. Және бұл құжаттардың барлығы да «құпия» немесе «мүлде құпия» деген сөздермен бүркемеленген. Мен сол жазбаларымда мұсылман мемлекеттерінің ішіндегі ең өркениетті ел түріктердің әскери Уставы мен бұйрықтарын зерттейік, қарастырайық, пайдалы болса соны қабылдайық дегем. Мүмкін оларда «Әскери Устав», «бұйрық» деген терминдер мүлде болмай, басқаша аталатын шығар деп те жазған едім. Бұл құжаттар жойылмайынша халықтың көзі ашылмайды. Реформаны осы құжаттардан бастау керек.

Ал Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көршілеріміз тәуелсіздік алған күннен бастап Ресейден қалған құжаттарын қоқысқа лақтырып тастап, өздерінің ұлттық құжаттарына айырбастап алды. Сондықтан да оларда өз адамдарын атып тастау, өлтіру жоқ.

1986 жылы желтоқсанда студенттер мен жастар ереуілдеп Алматының алаңына шықты. Қонаевты Мәскеу орнынан алып, орнына Колбин келді. Қазақстанды бұрын көрмеген адам не білуші еді. Студенттер мен жастардың сорына билікті Назарбаев қолына алды. Шындығында Назарбаевтың кім екенін ол кезде ешкім білмеді. Қазақ болғанға барлығы оны көсемге балады. Ол сол кезде Қазақстан Республикасы министрлер Кеңесінің төрағасы деген жоғары лауазымның иесі еді. Колбиннен кейінгі екінші адам. Таққа таласқан басты қарсыласы КГБ-ның басшысы болған Зақаш Камалиденовті орнынан тайдырып жіберді. Сөйтіп барлық билікті өз қолына алды. Колбин отырып алып бұйрық бергенді ғана білді. Ал Мәскеуге тек жастардың көтерілісін басу, тыныштық орнату болды. Бірақ оларды қанға бояп, жастарды қырып сал деп бұйрық бермеуі де мүмкін. Ал Назарбаев болса Колбиннің ауызша берген бұйрығын орындауға барын салды. Оған қайткенде де Колбиннің көзіне түсу керек болды. Әккі неме ол мақсатына жетті де.

Алматыдағы архитектура құрылыс институтының кафедра меңгерушісі болған Әркен Уақтегінің Мәскеуден шыққан «Материалы геноцида организованного Н.Н.Назарбаевым против казахского народа в декабре 1986 года» деген кітабында осы жайлар айғақ-құжат түрінде толығымен көрсетілген. Әркен кезінде Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы университетті қызыл дипломмен бітірген. Желтоқсан көтерілісінде студенттерді бастап алаңға шығарған. Сол сияқты диссидент Кәрішал Асанов та Желтоқсан көтерілісі кезіндегі студенттер көтерілісі туралы бірнеше кітаптардың авторы. Осы екі автордың екеуі де кейіннен жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Екеуінің де кітаптары қазір жоқ. Бір деректе Кәрішал Асанов он кітап жазған делінеді. Кейіннен Назарбаев бұлардың кітабын қойып Қазақстандағы бүкіл архивтерден желтоқсан көтерілісі туралы деректердің барлығын қиша сыпырып, жойдырып жіберді. Бұл туралы жас жазушы Нұржан Қуантайұлы: «Қазақстан архивтерінен желтоқсан көтерілісі туралы дереккөздер жойылып кетті» – деп естимін. Цифрға жүгінетін тарихшылар үшін бұл әрине орны толмас олқылық. Әйткенмен Серікболсын Әбілдин ағамыз: «Мен Мәскеу архивтерінің бірінен Алматыдағы желтоқсан көтерілісі туралы жазылған 37 томды санап шықтым» – деп айтып отырғанын естідім» – дейді. Секеңнің онысы рас, Әбділдин сол кезде Мәскеудегі Қазақстан Республикасының тұрақты өкілдігінің төрағасы (қазіргі елші) болып істеген. Мен де Омбыдағы архивтерде ондай деректердің бар екенін естідім.

Осы көтерілісте екі-ақ адам өлді. Қайрат Рысқұлбеков пен Ләззат Асанова деп Назарбаев халыққа өтірік айтты. Артынан есі кірген билік КГБ-ның барлық қызметкерлерін жауып жіберіп, үй-үйлерді аралаттырды. Ол кезде Қазақстанның барлық аудандарында КГБ-ның мекемелері бар еді. Барлық елді мекендерді аралап, үйді-үйге кіріп жүріп Алматыда өлген қазақ жастарының туған-туыстары мен әке-шешелерін қорқытып, балаларың үшін өздерің сотталасыңдар, жұмыстарыңнан шығасыңдар, деп қоқан-лоққы жасады. Қорыққан ата-аналар «енді баламызды жоқтамаймыз, іздемейміз, ешкімге ештеңе айтпаймыз», – деп қолдарынан қолхат жазып берді. Сонымен бәрі жым-жылас болды, Абайша айтсақ іс бітті, қу кетті.

Жоғары әскери атақ кеңес заманында халық санына байланысты берілетін. Қазақстанда жиырма миллионға жетпейтін халыққа генерал-полковник шенін беру әрине артық. Кезінде Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің креслосына екі мәрте отырған Шырақбек Қабылбаевтың өзі генерал-лейтенант шенімен отставкаға кеткен еді. Ал Қасымовқа генерал-полковник шені Жаңаөзендегі қазақтарды қырғаны үшін берілгенін жұрттың бәрі білді. Соған масаттанған Қасымов: «Керек болса тағы да атамыз» – деп халыққа доқ көрсетті. Тіпті Назарбаевқа арқаланған ол сақтықты да ұмытып кетті. Сол сөзі арқылы ол қырғынға Назарбаевтың бұйрығымен өзінің ұйымдастырғанын байқамай мойындап қойды. Сол Назарбаев та, Қасымов та Жаңаөзен қырғыны үшін халықтан кешірім де сұраған жоқ, жазаға да тартылмады.

2022 жылғы қаңтар оқиғасына байланысты жұмбақ жайлардың көптігі газеттерден қылаң беріп қалады. Сол жұмбақтың басты себебін мен осы жазбамда Сталиннің қалдырып кетіп, біздің дәуірімізге жеткен бұйырықтар екенін аштым деп ойлаймын.

Тегтер: сот қылмыс тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:51
Қазақстанда оқу жылы 31 мамырға дейін ұзаруы мүмкін
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:11
ШҚО тұрғындары ауыл әкімін сайлау әділетсіз өтті деп шағымдануда
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 09:12
«Мектепке жол». Атырауда бірінші сынып оқушысына 10-сынып оқушысының формасы берілген
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 08:58
"Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 18:21
Синоптиктер алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 17:42
Қорғаныc министрлігі әскерде жұмыс істеген қыздың айыптауларына жауап берді

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49