Қапал-Арасанға кір жуып жүр

Еңлік АБАҒАН

20.07.2021, 09:14

5290

    Алматы облысының Ақсу ауданындағы «Қапал-Арасан» шипажайы бүгінде құлдырап, қираудың алдында тұр. Кезінде бұл шипажай Қазақстандағы үздік демалыс орындарының бірі болатын. Бұл жерде Шоқан Уәлиханов, Ілияс Жансүгіров және Дінмұхамед Қонаев сынды қазақтың зиялылары демалып, ем-дом қабылдаған.

   Демалыс орнының іргесі 1847 жылы қаланған. Бұған ескі екіқабатты ғимаратты көріп куә боламыз. Шипажайда Кеңес өкіметі тұсында түрлі ресми шаралар мен салтанатты жиындар ұйымдастырылып тұратын. Сол КСРО кезінде санаторий үздік бес емхананың қатарына кірді. Әр жылдары мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалым, жазушы, тіпті саяхатшылар бос уақытын өткізетін. Құжаттарға қарасақ, Дінмұхамед Қонаев бұл шипажайға тұрақты түрде келіп, денсаулығын қалпына келтіретін көрінеді.

  «Қапал-Арасан» бальнеоклиматикалық шипажайлар қатарына жатады. Теңіз деңгейінен 900 метр биіктікте, Талдықорған қаласынан 110 шақырым қашықтықта таулы аймақта орналасқан. Бұл мекен табиғи минералды суларға және денсаулыққа пайдалы микроэлементтерге бай. Көбінесе иммунитеті әлсіреген, жүрек, асқазан аурулары барлар емделетін.

  Жер астынан атқылап жатқан минералды су 35-45 градус жылылықты көрсететін. Қазіргі уақытта жанға шипа, дертке дауа шипажай суында тұрақты мекені жоқ адамдар шомылып жүр. Сол жердегі тұрғындардың сөзіне сүйенсек, жазды күні кірлерін, кілемдерін жуып, шайып алатын көрінеді. Осыдан 10-20 жыл бұрын ешкімнің ойына үздік шипажайдың бірі құлдырап кетеді деген ой келмес те еді. Бірақ ақиқаты сол – үйсіздердің мекеніне айналып, суы емдік үшін емес, кір жуу үшін жаратылуда.

   180 жылдық тарихы бар «Қапал-Арасанның» бүгінгі кейпі кімді болсын алаңдатпай қоймайды. Айналасының барлығы қираған ғимарат, қараусыз қалған жасыл желек адам аяғы көп баспайтын мекен екенін аңғартып тұрғандай.

  Шипажайға кіретін есіктің бірінде «Жекеменшік. Бөгде жанға кіруге болмайды» деген тақтайшаны көзің шалады. Бірақ басқа кіретін қақпаның есігі айқара ашық жатыр. Кез келген адам кіре алады.

  Демалыс орнының жеке сайты және әлеуметтік желіде парақшалары болған. Тұрақты болмаса да, жүргізіліп тұратын. Десек те, соңғы ақпарат 2014 жылы салынған екен. Интернет көздерінің бірінде: «Қапал-Арасан» шипажайы белгісіз уақыт аралығына жабық. Қай уақытта ашылатынын ешкім білмейді. Осы сайттағы ақпараттарды қарап отырыңыз. «Не үшін жабық?», «Қашан ашылады?» деген сауалмен хабарласқан күннің өзінде, мардымды жауап ала алмайсыз. Өйткені бұл сұраққа жауапты ешкім білмейді», – делінген хабарламаны көзіміз шалды.

   Көкейдегі сан сауалға жергілікті билік өкілдері жауап берер деген ниетпен Ақсу ауданы әкімдігіне хабарластық. Нәтижесінде шипажай иесін қаржы жағы қолбайлап, қиындыққа тап болғанын білдік.

– 2008 жылдан бері «Қапал-Арасан» шипажайына «Хозу. Адм. Алматы» ЖШС иелік етеді. Серіктестік басшысы – Қанат Талькенов. Шипажай 2014 жылдың қарашасына дейін жұмыс істеді. Сол жылдың желтоқсан айында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жабылады. Содан бері шипажай ешкімді қабылдамаған. Қызметкерлері де жұмыстан шығарылған. Бас корпуста жылыту жүйесі күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта, меншік иесінің айтуынша, жөндеу жұмыстарын жандандыру үшін қаражат жеткіліксіз. Одан бөлек, оның «РБК Банк» АҚ-ында 700 млн теңге көлемінде берешегі бар, – деген жауап естідік.

   Сондай-ақ әкімшілік тарапынан шипажайды сатып алу мәселесі де қозғалған көрінеді. Десек те, меншік иесі жалпы жер көлемі 6,3 гектарды құрайтын демалыс орнына 1,15 млрд теңге сұрап тұр. Бұл өз кезегінде қымбат сома болып тұрған көрінеді.

 

Тегтер: экология заң айыппұл мәселе тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрай РАХЫМ 19:23
Өңірлерді дамытудың міндеті айқын
Сайт әкімшілігі 19:16
QAZFORUM-2021 басталды
Сайт әкімшілігі 09:08
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев
Еңлік АРЫҚБАЙ 21.10.2021, 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 21.10.2021, 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31