«Қара пимадан» «ақ макасиге» дейін

Жарас КЕМЕЛЖАН

27.01.2022, 09:25

1825

Өткен аптада Тоқаев кәсіпкерлермен кездесу кезінде Қазақстан байлығының тең жартысы 162 адамға тиесілі екенін айтты. Өз сөзінде Қ.Тоқаев: «Халықтың көбінің айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Әрине, мұндай ақшаға өмір сүру мүмкін емес. Біздің елде шектеулі элиталық топтар экономикалық өсуден пайда көре бастады, ал халықтың көпшілігінің табысы азаяды немесе тоқырайды. Бұл жағдай ары қарай жалғаса алмайды», — деді.

Сүйінші сұрайтын-ақ жаңалық! Бұдан былай жердің асты-үстіндегі бар байлық халыққа бұйыратын болады. Өзімізді осы бір ауыз сөзбен сендіргіміз, көңілімізді көтергіміз келеді. Бірақ кім білсін? Қазақстанның байлығын сорып келген әлгі олигарх топтар сияқты келесі топтардың пайда болмасына кім кепіл? Қазақта «Аузы күйген үріп ішеді» деген сөз бар. Біздікі сол аузы күйген адамның кебі.

Тоқаев айтқан факт осыдан екі жыл бұрын жарық көрген болатын. Халықаралық «Financial Times» бизнес басылымы «Қазақстанның бар байлығының 55 пайызы тек 162 адамға тиесілі, олардың көпшілігі Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты», деп жазған-ды. 162 адам дегеніміз 19 миллион халықтың 0,001 пайызы ғана. Сонда осы күнге дейін әлгі ат төбелі түгілі, қамбар ата тұқымының бір тал түгіне тұрмайтын аз топ қазақтың байлығын сүлікше сорып, жегіқұртша жеп келген бе? Ішің удай ашиды екен. Қаншама азаматтарымыз иіні жарып киім кимей, қарны тойып тамақ ішпей өмірден өткен жоқ па? Ал халықтың ақшасын қандалаша сорған 162 адамның ісі анау...

Белгілі экономист Мақсат Халықовқа хабарластық. Ол бізге берген сұхбатында отыз жыл бойы қазаққа бұйырмай келген байлықтың енді елге қайтпайтынын айтты.

«Президентіміз кәсіпкерлермен кездескенде біраз мәселені ашық айтты. «Сендердің заңды жолмен тапқан ақшаларыңда шаруамыз жоқ. Одан қорықпаңыздар!» деді. Бірақ «Қазақстан халқына» қоры құрылды. Ірі байлар мен олигархтарға сол қорға көмектесіңдер деген талап бар. Сондықтан осы қорға біздің ірі кәсіпкерлер, меценаттар, олигархтар отыз жылдан бері жиған ақшаларының біраз бөлігін аударатын болады. Аударып та жатыр. Қордың ақшасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі керек. Яғни Арыс тұрғындарына көмектесу үшін құрылған қордың сценарийін қайталамасын дейік. Мейлінше, ашық болғаны дұрыс. Қордың жетекшілері мен құрамы бекітілді. Халық олардың дені орыстілділер екенін айтып жатыр. Бұл маған да ұнамайды. Меніңше, қор жұмысын қарапайым қазаққа түсіндіріп бере алатын халыққа жақын адам жүргізу керек. Сонда сенім болар еді. Сенім бар жерде тұрақтылық болады. Президент жыл сайынғы аударым болу керек

дегенді де айтты. Демек, бұл бүгінмен шектеліп қалмайды деген сөз. Кәсіп иелері мен Қазақстан арқылы байыған кез келген меценат қорға жыл сайын қаржы аударып отыруға міндеттеледі. Мемлекет басшысы «Қордың ақшасы денсаулық сақтау саласына, білімге, әлеуметтік топтарға жұмсалады» дегенді айтты. Бұл экономикалық реформалардың басы ғана», — деді М.Халықов.

Қазақстанның байлығы неге қазаққа бұйырмайды? Тәуелсіздіктен бергі отыз жылда қанша бағдарлама жасалды? Бұрынғы президент Н.Назарбаев жыл сайынғы жолдауында халықты қарық қылып, «Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті», «Бұдан былай отыз елдің қатарына енеміз», «Әр отбасының жылдық табысы шығысынан бірнеше есе артық болады», «Біз Дубай сияқты өмір сүреміз» деп, жұртты қызыл сөзге семіртіп келгенін ешкім жоққа шығармас. Халық соған сеніп, кредитке кеңірдегінен батып жүрсе де, болашақтан үміт күтті.

Қаңтар қасіретінің әуелдегі себебі, сол отыз жылғы кедейліктің шырқау шыңы еді. Ащы да болса шындық осы (бейбіт митингіні бүлікшілердің пайдаланып кеткені өз алдына бөлек әңгіме). Халық жоққа да, барға да шыдады. Ыстық пен суыққа төзді, көнді. Бірақ шыдамның да үзілер жері бар екен. Ақыры, үзілді...

Қанды қаңтарда тоналған дүкеннің бірінде тонаушының аяқ киімі қалып кетіп, кейін әлгі тозығы жеткен «ақ макаси» әлеуметтік желіде біраз аңыс қозғасын. Бейнелеп айтсақ, «ақ макаси» кедейліктен қажыған Қазақстан халқының символы сияқты көрінді көзімізге. Мұны шетелдің баспасөзі де солай жазып жатты.

Кім жетіскенінен қаңтардың қара суығында жаздық аяқ киім киеді? Әрине, адам жоқтықтан барады мұндай қадамға. Бейбіт митингіні қанды қасапқа айналдырып жіберген террористердің ондай жеңіл киім кимесі екі бастан анық әңгіме. Өйткені, қай мемлекетте болсын, экстремистік топтардың ақшасыз болмайтыны айдан анық. Оларға бүлік шығару үшін әлдебір сыртқы күштер ақшаны үйіп-төгеді. Олар сондай көл-көсір ақшаның буымен бүлік салады. Мұны ежіктеп түсіндірудің өзі артық әңгіме.

Демек, әлгі «макаси» тапқанын аяғына жеткізе алмай жүрген бір бейбақтың шұлығы. Қазақтың байлығын теспей сорған әлгі 162 адамнан басқа жұрттың көбінің жағдайы «ақ макасидың» ар жақ-бер жағында. Жаңа Қазақстан үкіметі бұдан кейін халықтың тұрмысын түземесе, азаматтарымыздың аяғындағы «макасиды» жылы етікке айырбастамаса, Назарбаев дәурендеген отыз жылғы биліктен жаңа биліктің не айырмасы болсын? Ақ «макаси» демекші, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде белгілі сазгер-әнші Алтынбек Қоразбевтың «Қара пима» деген әні шықты. Ол кезде жұрттың қалтасында аяғына пима алатын ақшасы болмаса да, көңілін тәуелсіздіктің буы көтеріп, рухы аспандап тұрушы еді. Қазір ондай бу да, рух та жоқ. Тіпті, сол «Қара пима» поэмасы жазылған 1982 жылдан ақ макасиге дейінгі құрықтай ұзын қырық жылда ешнәрсе де өзгермеген. Өзгергені әлгі 162 адамның өмірі ғана. Ал қарапайым қазақтың аяғыныда сол – дүкенде қалған ақ макаси ғана.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 12:42
Қазақстандықтардың төлқұжатында жүрген чип не үшін керегі белгілі болды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:44
Алматы облысында екі ауылдың көшелерін су басты
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 15:03
Желтоқсан оқиғасына арналған тағы бір кітап жарық көрді
Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 08:17
Ауыл балаларына мүмкіндіктер көп қарастырылу қажет
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 07:51
«Сен менімен «служить» етпейсің!»
Сайт әкімшілігі 19.05.2022, 15:09
Партияның ауқымды электораты референдумды қолдауы керек – Е.Қошанов

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56