31.01.2022, 13:16
1712
Кеншілер қаласында тұратын дәрігер Мая Түсіпованың қызметі қауырт. Бос уақыты тапшы. Адам жанының арашасы алғашқылардың бірі болып «Азаматтарға арналған үкімет» жүйесінің жаңа қызметін пайдалана бастаған. Арада аз уақыт өткенде, оның смартфонына халыққа қызмет көрсету орталығынан хат-хабарлама жеткізуші келіп тұрғандығы жөнінде хабарлама түскен.
-Тапсырыс бергеніме санаулы сағат болды. Құжатымды мекен- жайыма әкелді. Жедел әрі сапалы жұмыс істейтін жүйе халыққа өте оңтайлы екен,-дейді ол.
Тиімді жүйенің арқасында Қарағандылықтарбұрынғыдай қажетті құжатын алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына сабылмайтын болды. Арнайы жасақталған сервистік курьер дайын клиенттің қажетін қалаған жерге жеткізеді.
— Курьердің қызмет аясы кең. Атап айтар болсақ, азаматтарға жылжымайтын мүлік құқықтарын мемлекеттік тіркеу және жер учаскелері актісін, мұрағат анықтамасын, әскери билеттерді тез арада тасымалдайды. Қала ішіндегі жеткізу құны -970 теңге,-деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары Гүлмира Сүлейменова.
Айта кетерлік жәйт, пилоттық жоба былтыр жыл аяғында Елордада енгізілген. Тұрғындарға керекті құжаттарды жедел жеткізетін бірегей жүйе Қарағанды қаласына енді келді. Мамандардың айтуынша, алдағы күндері азаматтар осы бағытта 150 қызмет түрін алады. Ол бойынша, халық үшін маңызды жеке және жүргізуші куәлігін, төлқұжатты үйге немесе қызмет орынына алғызудың мүмкіндігі бар. Әзірге бұл қаладағы халыққа қызмет орталықтарында іске асып жатыр. Қызмет аясы тұрақты түрде кеңіген соң, жаңашылдық облыстың басқа қалалары мен ауылдарына енгізіледі деген үміт бар.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР