Қараша халықтан тартып алмаған не қалды?

Мариям МАҚСАТ

07.04.2021, 08:17

3227

Еліміздің шенеуніктері «қолда барда қонышынан басуға» әркез дайын тұрады. Қара басының қамын қараша халықтың қамынан биік қоятын оларға заң да, сот та жоқ. Ақыр соңында билігі бар ұтып, қатардағы көпшілік тұтылып жатады. Бұл – біздің қоғамның жазылмаған заңдылығы. Осындай атқамінерлердің әрекетінен павлодарлықтар жапа шегіп, зар илеп отыр. Олардың үніне құлақ асатын мемлекет жоқ.

Тұмса табиғатымен таңғалдыратын Баянауыл ұлттық паркінің аумағындағы Біржанкөл – ерекше қорғалатын аумақтардың бірі. Бірақ бұған жергілікті биліктің «түкіргені» бар.  «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға сәйкес, көлден кемінде екі шақырым аумақ асқан соң ғана жерді кәдеге жаратуға болады. Соған қарамастан, мәслихат хатшысының баласына небары 800 метр аумақтан мал шаруашылығын дөңгелету үшін әжептеуір жер телімі беріліпті. «Бармақ басты, көз қыстылықтың» нақ өзі бұл. Билігі бардың баласының қалауы болған соң, Біржанкөл ауылының тұрғындары қорадағы төрт түлігін жаятын жерден айырылды. Ал мұнда тұратын 20-дан астам шаңырақтың бар табысы осы мал шаруашылығы.

– Біз төрт түлікті ұстау арқылы жан бағып отырмыз. Әйтпесе облыс орталығынан жүздеген шақырым қашықтықта жатқан, жолы, медициналық пункті, басқа да әлеуметтік нысандары жоқ ауылда неге отыр дейсіз?! Бірақ бұрын Баянауыл ұлттық табиғи паркін басқарған, бүгінде мәслихат хатшысына әрі табысты кәсіпкерге айналған азаматтың баласы бас қатырмайды. Былтыр шаруа қожалығын ашып, бізді жерсіз қалдырды. Қазір ерекше қорғалуы тиіс аумақта 200 бас ірі қара малы мен 800 бас қойын бағып отыр. Сонда бізге қайтпек керек? Аудан басшылығына бірнеше рет базынамызды айтып едік, сөзімізге құлақ асатын шенеунік табылмады. Сондықтан облыс әкіміне хат жолдауға тура келді, –  дейді Біржанкөл ауылының тұрғыны Қанағат Сансызбаев.

Шаруашылық табиғи парктің жерін жайылымға айналдырғаны былай тұрсын, қыс бойы малды көлден суарыпты. Ал оның аумағы өлекселерге толы. Баянауыл ұлттық табиғи паркі  басшылығының қолынан келер қайран жоқ.

– Біржанкөл мемлекет қорғауындағы нысан болғандықтан, бұл маңда мал ұстауға болмайды. Бірақ қалай екені белгісіз, осыдан бірнеше жыл бұрын кәсіпкер табиғи аумақтағы жерді иемденіп алыпты. Көлді ластағаны үшін қомақты сомада айыппұл да салынды. Бұл шаруашылықты жүргізуге кедергі болған емес, – дейді Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Сүйіндік Ахметжанов.

Ал жергілікті әкім мен кәсіпкердің айтар өз уәжі бар. Құндыкөл ауылдық округінің әкімі Самат Ыбырайұлы талай жылдан бері бос жатқан жердің заңды түрде берілгенін алға тартса, «Аспан» шаруа қожалығының басшысы Аспандияр Мүбарак істің ақ-қарасын сот шешсін деп отыр.

– Маған бұл жер телімі заңды түрде берілді. Егер сот кезінде әрекетімнің теріс екені дәлелденсе, бір жылға жуық еңбегім мен қаржым жұмсалған шаруашылықты басқа аумаққа көшіруге дайынмын, – дейді кәсіпкер.

Енді бұл іске облыстық қала құрылысы және жер бақылау басқармасы араласты. Басқарма басшысының орынбасары Болат Мидиудің айтуынша, жер телімін беру кезінде заңсыздықтар орын алған.

– Жер үлестіруде қателік кеткеніне байланысты тараптар арасындағы келісімшарттың күшін жою үшін сотқа арыз беріледі, – дейді ол.

Шенеуніктер тарапынан жер үлестіруде кеткен қателік бұл ғана емес. Баянауыл ауданындағы тұрғындармен қатар, Павлодар ауданындағы кәсіпкер атқамінерлердің қателігі салдарынан сан соғып қалды.

«Абетанов» шаруа қожалығы осыдан үш жыл бұрын жер телімін жалға алып, өсімдік шаруашылығымен айналыса бастады. Кәсібін дөңгелету үшін өз қаржысына жарық желілерін тартты, тамшылатып суаруға қажет техникалар сатып алды, сорғы станциясын орнатты. Алқапта өсетін көкөністерді сақтайтын қойма да салды. Осының барлығына кемінде 25 млн теңге жұмсады. Ал енді мемлекет үш жыл бойы игеріліп, жемісін бере бастаған дайын жер телімін тартып алмақ. Себебі Павлодар аудандық жер қатынастары бөлімі жерді ресімдеу құжаттарында бірнеше қате жіберген.  

– Көктемгі егіс жұмыстарына кірісудің орнына шенеуніктердің қателігі үшін мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып жүрміз. Мәселе оң шешімін таппаса, үш жыл бойы жұмыс істеген жер телімінен, оған құйылған қомақты қаржыдан да қағыламыз, – дейді шаруашылық өкілі Жанар Абетанова.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Мүбарак Жақыповтың айтуынша, бұл ретте кәсіпкердің ешқандай кінәсі жоқ.

– Аудандық прокуратура қызметкерлері жергілікті атқарушы органның жерді жалға беру тәртібін тексеруі барысында заңғы қайшы әрекеттер анықталған. Содан соң, аудандық жер қатынастары бөлімі шаруа қожалығына жер телімін ерікті түрде қайтарып беруі туралы хабарлама жіберген. Бірақ бұл кәсіпкердің емес, аудандық бөлімнің өз кінәсі, – дейді Мүбарак Жақыпов.

Бірақ аудандағы атқамінерлер міз бақпай отыр. Өздерінің қателігін мойындамақ түгіл, дайын тұрған алқапты тартып алып, мемлекеттік конкурс арқылы қайтадан жалға шығармақ. Соңы даулы мәселеге әкелген құжаттарды толтырып, оған қол қойғандар қазір әкімдікте жұмыс істемейтін көрінеді. Сәйкесінше, ешкім жаза арқаламайды. Кәсіпкер 25 млн теңгені өндіріп алу үшін сотқа арыз берген күннің өзінде, ол олқылықты жібергендердің қалтасынан емес, мемлекет бюджетінен төленеді.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Тереңкөл ауданындағы жер учаскесін 49 жылға жалға алған едік. Кейін қағаздарды ресімдеу кезінде қателік кеткені анықталып, тағы да жерден айырылдық. ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин араласқан соң ғана жерді қайтарып берді. Ал мемлекеттік органның бірде-бір өкілі жауапкершілікке тартылған жоқ. Бұл жолы да солай болғалы тұр. Өтемақы алатын болсам, оны құжаттарды қате толтырғандар төлесін, – дейді кәсіпкер.

Сөйтіп, мемқызметшілердің «көзді қысуынан» жайылымсыз қалған тұрғындар құжаттарды қате толтыруы салдарынан үш жыл бойы маңдай терін төккен кәсіпкер зардап шегіп отыр. Жер дауына қатысты өзекті мәселе соттың араласуымен ғана шешілетін сияқты. Өйткені жергілікті билік бұл мәселелерге араласуға құлықсыз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 12:27
Қазақстан – БҰҰ: мүгедектердің құқықтарын қорғау туралы заңнама
Сайт әкімшілігі 11:19
ҚазҰУ-дағы жатақхана құрылысының анық-қанығы
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:40
Бекшин мен Қиясовтың қаулысы елді індеттен құтқара ма?
Еңлік АБАҒАН 04.08.2021, 13:22
Қарасай ауданы: Қоймалжың батпақ пен қою шаң
Нұрболат ӘЛДИБЕК 03.08.2021, 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58