Қартайып емес, күйзелістен таусылатын болдық...

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

01.12.2021, 09:00

1371

Жыл сайын құрбандыққа балаларды шалатын елге айналдық. Қай ниетімізден тауып жатырмыз деп те көлгірсімей-ақ қоялық. Басқа елдер өмірге келген әр балаға депозит ашып, ұлттың демографиясын мемлекет қамқорлығына алып жатса, бізде көп балалы жанұялар кедейдің күнін көріп отырғаны жасырын емес. «Тусаң өзің үшінді тудыңды» естіп жатқан да солар, «баға алмасаң тума» дегенге де көніп, үнін шығара алмай отырған көп балалылар. Үш баланы бала санамай, жәрдемақы да төлемей отырып, үш бала періште кейпінде ұшып кеткенде жоқтағанымыз жараса да қоймас.

Дегенмен, атап өтер жайт қоғамның іріңді жарасы әр сәт сайын осылай жарылғанда тұрмыстық жағдайға сүйей салу әдетке айналып барады. Күн санап өскен баға, басыңа тартсаң аяғыңа жетпейтін жалақы, жұмыссыздық, анықтама алу үшін де пара дәметкен жемқор қоғам бүгінгі күні талайлардың жүйкесін жұқартып, тағатын тауысуда. Неше жерден тұрмыстық жағдайға, отбасылық жанжалға жапсақ та, соны туындататын жетіспеушілік, әлеуметтік жағдай деген факторлар екенін мойындауымыз керек. Осындайда  бала аузын санап, он мың теңгеге бір қап ұн да келмейтін заманда бала басына он мың теңгеден жәрдемақы тағайындап бала несібесін тақ тұқ қылған қылығымыздан да тауып отырған жоқпыз ба деген ой келеді...

Ең алғаш бала өлімі қоғамымызды дүр сілкіндіргені 2019 жылдың 4 ақпаны болатын. Астанадағы Көктал-1 тұрғын ауданында, жеке үйдің аумағында уақытша баспана өртеніп кетіп, ата-анасы нәпақа іздеп кеткенде бір үйдің 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туған бес қызы отқа оранған болатын.

Биыл да ақпан айында Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жаңатас қаласында пәтерден өрт шығып, бір жастан алты жасқа дейінгі 2 ұл мен 3 қыз қайтыс болды. Содан бері елімізде көп балалы аналар зейнетақы жасын төмендету, бала басына беретін жәрдемақы деңгейін көтеру туралы талаптарымен жиі наразылыққа шығуда. Алайда олардың үнін естір үкімет болмай тұр. Ана мен балаға қамқорлық көрсету сұрап алмай ақ қоғам тарапынан жасалуы тиіс жағдай болса да, біздің қоғамымыз соны сұрап та ала алмай отыр. Нәтижесінде өмірден түңілген аналарымыздың да қатары артып барады.

Осы орайда айта кетер жайт, кеше ғана Қаскелең қаласында да аяғы ауыр келіншек перзентхана терезесінен секіріп кетсе, өткен айда Нұр-Сұлтан қаласында аяғы ауыр келіншек көпірден өзенге секіріп кеткен. Аналарымыздың өз өзіне қол жұмсауы неге жиілеп кетті? Өкінішке қарай, назалы қоғамның қабағына қарап, аналардың күйзелісіне мән берер ешкім болмай тұр. Осы орайда айта кетер жайт, Talim TV арнасының директоры, бұрынғы айтыскер Мұхамеджан Тазабек осы оқиғадан соң әлеуметтік желідегі парақшасында «Құздан құлаған ана, құрбан болған үш перзент...Әр істің артында себеп бар, әр бақытсыз жанға виноват замандас бар. Адам деген атты арқалағанмен хайуан бармайтын хәлге түсіп, ең жаманымыз күпірге барып, өз перзентін өзі зорлап, ата-анасын зар илетіп, жан-жағын запыран құстыртуда», дей келе, «есік алдына он жыл байлап қойсаң да депрессия боп жатқан төбет жоқ, қалдық жеп, қара шаруадан босамаса да құса боп өлген есек жоқ», деп ой қозғапты. Оған белгілі ақын Ықылас Ожайұлы «Япыр-ай, не деген салыстыру десеңізші… Есектің тоғыз қабат үйді жалдап тұрмайтынына, намыстану, құса болу секілді  сезімдердің ол салпаңқұлақ шіркінде еш болмайтынын түсінуге қаншалықты ақыл керек», – деп жауап қайтарыпты. Расында да еліміздегі ушыққан мәселелерді жан жануармен теңестірмей кәсіби маманның пікірі, кешенді атқарылған жұмыс, мемлекеттің мән беріп шара қабылдауы арқылы шешу қажеттігі аңғарылады.

Осы орайда айта кетер жайт, еліміз суицид көрсеткіші жағынан әлем елдері арасында көш бастап тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Орталық Азияда еліміз алғашқы орында, ал әлемде 3-орында тұр.Мамандар елімізде кедейлік қамытын кигендер суицидке жиі барып жатыр деп мәлімдеме жасап отыр. Соңғы төрт айда Қазақстанда 53 жасөспірім өзіне қол салған. Бұл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15%-ға көп екен. Елімізде ең сорақы статситика2017 жылы тіркеліпті. Ол кезде елде 3 644 адам суицидтен көз жұмыпты. Ал биылғы жылдың алғашқы үш айының өзінде 834 қазақстандықтың өзіне қол жұмсағанын ескерсек, мәселеге бей жай қарамау керек екенін сезінеміз. Әйтпесе халқымыз қартайып емес, күйзеліп ақ таусылатын түрі бар...

Тегтер: ана-бала демография статистика тұрмыстық зорлық-зомбылық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15:50
Күнде бір отбасыға үй әперейік!
Жарас ШӨКЕ 15:23
Қаңтар оқиғасын зерттейтін комиссия құрылды
Сайт әкімшілігі 00:00
Qantar 2022: Алматыдағы уақытша изолятордан 11 адам босап шықты
Нұрболат ӘЛДИБЕК 25.01.2022, 17:36
Сапарханның «отставкасын» қолдаған Сапарбаев өзіне келгенде неге үнсіз?
Сайт әкімшілігі 25.01.2022, 17:23
Зейнеп Ахметова:"Бауыржан Момышұлы 4 күн бойы жерленбей жатып қалды"
Ермек Мұқанғалиев 25.01.2022, 11:46
Қазақ қайткенде ұлттық болмысын сақтап тәуелсіз ел болып қала алады?

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48