Қарттар үйіндегі былық-шылық

Мариям МАҚСАТ

18.08.2021, 08:47

1266

Өкінішке қарай, бүгінгі қоғам қарттар үйінен әлі де құтыла алмай келеді. Бұл мекеме бауыр еті баласынан, жақын-жұрағатынан жылулық көрмей, қиын жағдайға тап болған, егде тартқан адамдарға қорған болып, жағдайын жасауы тиіс. Алайда басшылық пен жұмысшылар оларға пысқырып та қарамай, өз-өздерімен алысып әлек.

Павлодар қаласындағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсету орталығындағы 200-ден астам адамның жағдайы ешкімді де қызықтырмайды. Олардың денсаулығына, жатар орны мен ішер асына мән беріп, қарап жатқандар шамалы. Сондықтан өздігінен жүре алмайтын қарттардың бөлмелерінде тарақандар қаптап жүр. Емделушілер күнделікті ас-суын сынған ыдыстан ішуге мәжбүр. Төсек-орынның, тіпті іш киімнің уақтылы жаңартылмайтыны тағы бар.

Мұндай былықтың бетін осы орталық қызметкерлерінің өздері ашты. Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерге анонимді түрде шағым жолдап, мекемедегі кемшілікті тізбектеп берген екен. Олардың ішінде жоғарыда аталған жайттар да бар. «Тарақан, қандалалар емделушілерді шағып тастады. Ісіп кеткен жерлерге жағатын майлардың барлығын қарттардың өздері сатып алады. Басшылық тарапынан оларға тиісті көңіл бөлініп отырған жоқ. Түнгі уақытта 160 емделушіні қарауға бар-жоғы екі мейірбике қалады. Екі адамның бәрін бірдей күтуге шамасы жетпейді. Кейбір емделушілердің қасында күні-түні болу керек», –  деп жазды осы орталықтың бір топ қызметкері.

Жұмысшылардың жаға ұстататын жайсыздықтарды жеткізуіне басшылықпен өзара тіл табыса алмауы себеп болған көрінеді. Өйткені жасырын түрде шағым білдірушілер емделушілердің ғана емес, қызметкерлердің де жағдайы мәз емес екенін білдірді. Айтуларынша, медициналық және санитарлық қызметкерлердің айлығы дұрыс есептелмейді. Тіпті тұрмыстық қалдықтарды шығару, қол сүлгілерін сатып алуға, әкімшілік айыппұлдарды өтеуге қатардағы жұмысшылардан қаржы жиналатын көрінеді. Шағым түсіргендердің айтуына қарағанда, мұның барлығы осыдан жарты жыл бұрын орталыққа облыстық мәслихат депутаты Марина Стрелковская басшы болып келгелі басталыпты.

Бұл мәселе әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда қызу талқыға түскен соң, арнайы комиссия құрылып, мәселенің мәнісін байыптамақ болды. Оның құрамына мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен қатар, ардагерлер кеңесі, «Нұр Отан» партиясының өкілдері кірді.

Бір қызығы, арнайы комиссия шағымда көрсетілген 13 олқылықтың ешқайсысы шындыққа жанаспайтынын анықтады. Олардың айтуынша, емделушілер тарақанның, сынған ыдыс-аяқтың барын жоққа шығарыпты. Тіпті жасырын түрде жүргізілген сауалнама барысында қызметкерлердің жұмысына 100 пайыз көңілдері толатынын білдіріпті.

Марина Стрелковская жұмысшылардан ақша жинау фактісін де растаған жоқ. Өрт қауіпсіздігінің сақталмауына байланысты салынған айыппұлды өз қалтасынан төлеген көрінеді.

– Мен осы жылдың ақпан айында директор болып тағайындалған соң, орталықтың жұмысын реттеу үшін талаптарды күшейттім. Мүліктерді түгендеу, диспансерлік есепте тұрған науқастарды анықтау, әр адамға арналған оңалту жоспарын әзірлеу сияқты тапсырмалар бердім. Мұндай тапсырмалар біреулерге ұнамаған болу керек. Сондықтан ұжымда жайсыз жағдай қалыптасты. Анонимді түрде шағым білдірген қызметкерлерді тауып, оларға қатысты қандай да бір  шараларды қолдануыма болар еді. Жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа шағым түсіруге де құқығым бар. Бірақ мұның барлығы қызмет сапасына оң әсер етпесі анық. Менің басты мақсатым – қарттарға қолайлы жағдай жасау. Негізсіз шағымдар тағы да жарияланар болса, тиісті қадамдарды жасауыма тура келеді, –  дейді директор М.Стрелковская.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Камалова соңғы жарты жыл аралығында аталмыш орталықта прокуратура, құзырлы департамент тарапынан сегіз тексеріс жұмысының болғанын айтып өтті. Солардың нәтижесінде әлеуметтік желілерде жазылған бірде-бір шағым расталмапты.

Осы орайда, арнайы құрылған комиссияның қарттардың жағдайына терең үңілуді емес, депутат-басшыны ақтап алмақ болғаны қынжылтпай қоймайды. «45 жыл бұрын салынған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу керек, бірақ оған ақша жоқ» дегеннен ары аса алмады. Есесіне жарты жыл бұрын ғана басшы болып тағайындалған директорың маңына шаң жуытпады. Мұндай кезде басшы мен қызметкердің арасындағы мәселеге емес, көздері жәутеңдеп, солардың ырқына қарай көніп отырған қарттардың жағдайына баса көңіл аударылуы керек еді.

Айта кетейік, мемлекет бұл орталықтағы әрбір қарт адам жақсы жағдайда тұрып, тамақтанып, ем алуы үшін күніне 5 мың теңге төлейді. Одан бөлек, қариялардың зейнетақысының 70 пайызы бірден орталықтың шотына аударылады. Бұл қаражат дәрі-дәрмектер, жиһаздар сатып алуға жұмсалады-мыс.

Шынтуайтына келгенде, басшылық пен қызметкерлер өзара тіл табыса білсе, қарттарға қолайлы жағдай жасалар еді. Әркім өзінің қара басының қамын емес, қорғаны жоқ қарттардың мәселесін күйттесе, мұндай мәселе туындамас па еді?!

Мейірім сыйлар жақыны жоқ, егде тартқан адамдардың екі оттың арасында қалғандай күй кешуі қынжылтады. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің» кері болмаса, игі. Қазіргі уақытта қарттарға жан тыныштығы мен жайлы жағдай керек. Аталмыш орталықта соғыс ардагерінің болуы өзекті өртейді. Бейбіт күнді сыйлаған батырға қорған бола алмай отырғанымыз өкінішті-ақ.

Тегтер: қарттар үйі қоғам мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:16
«Astana Media Week – 2021» биыл жаңашылдыққа толы болмақ
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 09:30
49 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39