Қарттарымыз есік күзетіп, еден жуып жүр

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

03.11.2021, 09:15

630

Cоңғы он жылда азаматтарды жұмыспен қамту үшін бюджеттен 750 миллиард теңге бөлінген. Алайда елімізде жұмыссыздық деңгейі азаймай тұр. Осы орайда, еліміздегі кейбір сарапшылар «Жұмыспен қамту»  бағдарламасының нәтижесіз болып отырғанын айтады. Сонда он жылдан бері мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, сол арқылы жұмыссыздық мәселесін шешуге арналған миллиардтардың шырайын неге шығара алмай отырмыз?

Таратып айта кетсек, жұмыссыз қалған азаматтардың мәселесін шешу үшін он жыл бұрын «Жұмыспен қамту 2020» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Оған 2011-12 жылдары 95 миллиард теңге жұмсалған. Кейіннен бағдарламаның атауы «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» деп өзгеріп, тағы үш жылға 360 миллиард теңге бөлінді. Осылайша он жылдың ішінде 1 миллион 768 мың қазақстандықтың жұмысқа орналасуына ел бюджетінен 750 миллиард бөлінген. Жауаптылар азаматтарға жұмыс тауып беруге ықпал еткенмен, ол жұмыстың қаншалықты тұрақты болатынына, еңбек қауіпсіздігіне, жалақысының қандай болатынына ешкім кепілдік бере алмайды екен. Ал осынау жағдайда миллиардтар қаншалықты тиімді жұмсалды дей аламыз? Бәлкім, сол миллиардтарға өндіріс орындарын ашып, жұмыссыздарға қармақ ұстатсақ, жұмыс нәтижесі көрінер ме еді?! Осы орайда, сарапшылардың бұл мәселені шешуге арналған миллиардтардың тиімділігіне неліктен күмәнмен қарап отырғаны түсінікті болатын секілді. Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде жұмыссыздық мәселесін тиімді шеше алмай, ауыл халқының жаппай қалаға ағылуына себепкер болдық. Қалада жұмыссыздық мәселесінен құл базарлар толып кетті. Елімізде жұмыссыздық деңгейінің артуына жастар ғана емес, жасамыстар да әсер етіп тұр. 

Осы орайда айта кетсек, өткен аптада парламент сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев: «Мектеп пен колледж директорлары жалақының төмендігіне байланысты қауіпсіздік қызметінде тек зейнеткерлер не зейнетке шығуға аз қалған адамдар жұмыс істейді деп шағымдануда. Мекемелерді қорғау жөніндегі заңнама талаптарын күшейттік. Оқу орнындағы қауіпсіздік қызметін ретке келтірдік деп есеп береміз. Бірақ іс жүзінде мәселе мүлдем шешілмеген. Оқу орындарындағы қауіпсіздік мәселесіне бұдан әрі көз жұма қарауға болмайды. Өйткені таразы басында балаларымыздың өмірі мен денсаулығы тұр», – деп мәлімдеме жасады.

       Расында да, қазір кез келген мекеме есігінің күзетінен жасы алпысты алқымдаған жандарды жиі байқаймыз. Өйткені жалақысы төмен күзет қызметіне жастар аттап баспайды. Мына қымбатшылықта күзетшінің жалақысы бір жанұяны асырауға жетпейді де. Сондықтан зейнет жасына жете алмай, басқа жұмыстар қажетсінбей, еріксіз жұмыссыздар қатарын көбейтіп жүрген үлкендеріміз осы қызметті атқаруда. Алайда күзетшіліктен басқаға жарамай қалған қарттарымызға енді оны да көп көріп тұрғандаймыз. Сондықтан алдағы уақытта жұмыссыздар қатары солардың есебінен тағы артуы мүмкін. Тіпті зейнет жасын тағы да созып жатырмыз. Ал оларды сол жасына дейін жұмыспен қамти аламыз ба? Оны ойлап отырған ешкім жоқ.

Айтпақшы, ауылдастар чатына қыркүйек айынан бері бір хабарлама үздіксіз келіп тұрды. «Ауылдық мектепке еден жуушы қажет» деген хабарлама күнұзақ қайта-қайта келетін. Мемлекеттік мекеменің айлығы да мардымсыз. Сондықтан еден жуушы табылмай, екі ай бойына үздіксіз келген хабарлама жақында сап тыйылды. Сұрастырсақ, жасы 59-дағы апай жұмысқа орналасыпты. Шыны керек, зейнет жасына жете алмай, басқа қызметтер жаратпай қойғандар үшін күзетшілік пен еден жуушылық жақсы күнкөріс көзі болып тұр. Өндіріс орындары мен зауыты жоқ, ал жұмыссыздық мәселесі ушығып тұрған елімізде күзетшілік пен еден жуушылық қаншалықты «қадірсіз» мамандық екенін айлығына қарап-ақ бағамдауға болады. Күн санап баға өссе де, олардың жалақылары көтерілмейді. Зейнетке жасы жетуіне санаулы жылдар қалғандар үшін аз да болса талғажу, әйтеуір.

Осы орайда, әлеуметтанушы Мақсат Бегдар: «Рас, елімізде мектептерді, оқу орындарын, басқа да мекемелерді зейнет жасындағы немесе зейнетке жақындағандар күзетіп жүр. Олар не рация, не құқық бұзушыларды ұстауға қажет бірде-бір құралмен қамтамасыз етілмеген. Тіпті күзетшілеріміздің спорттан да хабары жоқ. Жалақылары 70 мың теңге көлемінде. Бір отбасын асырамаса да, зейнетке дейін ілдәлдәлап жетуге болады. Аналарымыз да зейнетке шығу үшін еден жуып жүр. Бұл жерде жұмыс көздерінің жоқтығына немесе жалақының төмендігіне олар кінәлі емес. Елімізде өндіріс орындары немесе зауыттар болса, олар сонда істер еді. Амалсыз есік күзетіп, еден жуып жүр. Рас, онсыз да қорғансыз балаларды қауқарсыз жастағыларға қарауылдатып, ақ шашты аналарымызға еден жудырғанымыз дұрыс емес шығар. Бірақ ертеңгі күні мардымсыз жалақымен ол жерге кімдер барады? Бір жағынан, енді зейнетке жасы жетпей, еріксіз күзетші болып жүрген үлкендерімізді жұмысынан айырғандай болатын секілдіміз», – дейді.

Расында да, қоғамға керексіз деңгейге жеткізіп, еріксіз 70 мың теңгеге жегіліп жүрген үлкендеріміздің ертеңі не болмақ? Олардан жұмысын тартып алғанда басқа жұмыс тауып бере аламыз ба? Былай тартсаң арба сынып, былай тартсаң өгіз өлетін жағдайға кімді кінәлаймыз? Бәлкім, 750 миллиард теңге тиімді жұмсалғанда мәселе бұлай ушықпас па еді...

Тегтер: еңбек нарығы жұмыс беруші мәселе тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:54
Қайта құрудан егемендікке дейін: Теміртауда «Өзгерістер уақыты» көрмесі ашылды
Сайт әкімшілігі 12:52
Жезқазғанда «Мен – Жас Қазақстандықпын» қала жастарының форумы ұйымдастырылды
Сайт әкімшілігі 11:15
«Экопатруль» жобасы Семей қаласының экологиялық проблемаларына назар аударады
Сайт әкімшілігі 10:02
"Омикрон" штамы туралы алғаш хабарлаған дәрігер жаңа симптомдарды айтты
Сайт әкімшілігі 08:52
Коронавируспен ауырып жатқан 397 адамның жағдайы ауыр
Сайт әкімшілігі 08:32
Лицензиясынан айырылған университет студенттердің құжаттарын қайтармай отыр

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30