Қару-жарақ ұрлау оқиғасының құпиясы

Кінәлілердің барлығы  тиісті жазасын алды ма?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

20.10.2020, 05:03

899

Биыл 20 ақпанда Ордабасы ауданы Бадам елдімекенінің аумағында орналасқан Қорғаныс министрлігіне қарасты 10216 әскери бөлімінің келісімшарттағы кіші сержанты Абылай Балғынбайдың бір түнде өзі қызмет ететін әскери бөлімнен  ондаған тапанша мен автоматтарды  ұрлап, белгісіз бағытқа кеткені туралы хабарлама сол күні-ақ WhatsApp желісі арқылы тарап кеткен-ді. Содан соң, Арыстағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстан кейін әскерилер тағы да елді дүрліктірді. Жуырда осы қылмыстық іс бойынша айыпталған сегіз адамға Шымкент горнизонының әскери соты үкім шығарды.

Естеріңізде болса, 2011 жылдың күзінде Тараздағы лаңкестік оқиға кезінде жеті адамның өмірін қиған М.Қариевтің қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағаны  белгілі. 2016 жылдың жазында Ақтөбедегі оқиға кезінде лаңкестер екі қару-жарақ дүкеніне, одан кейін әскери бөлімге басып кірді. Қылмыскерлердің көздеген мақсаты қару-жараққа қол жеткізу болатын. «Бадамдағы қару ұрлау оқиғасы да теріс ағымның жетегінде кеткендердің тірлігі емес пе?» деген алаңдаушылықтың болғаны рас.  Абырой болғанда, құзырлы органдар қашқын жауынгерді ізін суытпай, Алматы қаласынан ұстады. Қару-жарақ та табылды.

Шыны керек, соттың шығарған үкімімен танысып отырып, біраз сауалға жауап таба алмадық. Ең бастысы, кіші сержант Абылай Балғынбайдың мұндай іске не үшін барғаны түсініксіз күйде қалған. Кез келген қылмыстың мотиві, яғни себебі болатыны белгілі. Ал бұл қылмыстық істің мотиві пайда табу десек те, 25 жастағы жігіттің мұндай «көзсіз ерлікке» барғаны адамның ақылына сыймайды. Сержант өзінің ұсталатынын, ұзақ жылға сотталатынын білген. Біле тұра, осындай әрекетке барған. Не үшін?  Оны мұндай жағдайға жетелеген қандай мәжбүрлік? Қысқасы, қылмыстық істің барысы түсініксіздікке, шым-шытырық оқиғаларға, құпияға толы.

Мән-жайды  басты кейіпкер Абылай Балғынбайдың сотта берген жауабымен баяндағанды жөн санап отырмыз. Оның айтуынша, 2019 жылдың қазан айында әскери бөлімнің командирі басқа қызметке ауысып кетіп, командирдің міндетін уақытша атқарушы болып, Е.Даутов деген азамат тағайындалған. Е.Даутов оны өзін шақырып алып:

– Сен тапаншаларды сатуға өзіңе клиент тап, егер таппасаң, ағаңды және өзіңді қызметтен шығарып жіберемін, – деген көрінеді. 

13 қаңтарда сержант алғашқы ұрлықты жасаған. Қару-жарақ сақтайтын бөлмедегі сейфтен «Макаров» тапаншасының 1 данасын алып кеткен. 19 қаңтарда екі тапаншаны ұрлап алып шыққан. Тапаншалардың іздеу-сұраушысының жоқ екендігін түсінгендіктен шығар, 26 қаңтарда ол бірден сегіз тапаншаға қол салған.  

Алғашында қаруды танысы Қ.Орынбек арқылы сатқан. Қ.Орынбек  Ш.Шатай деген азаматпен байланысады. Осы жігіт арқылы 2-3 тапанша сатылады. Кейінірек, А.Балғынбай Қ.Орынбекті аттап өтіп, Ш.Шатаймен тікелей жұмыс істеуге көшеді. Ол оған 8 тапаншаны сатып алуды ұсынған. Ақпан айының басында, түн ішінде А.Балғынбай  Ш.Шатаймен әскери бөлімге жақын жердегі зиратта кездеседі. Сержант Ш.Шатайға осы жерге тығып қойған сегіз тапаншаны 960 мың теңгеге  сатқан (кейін белгілі болғандай, Ш.Шатай 960 мың теңгеге алған қаруларды Б.Дамиров деген азаматқа 2 миллион теңгеге өткізген). Балғынбай сот барысында Ш.Шатайдан алған ақшаның 700 мың теңгесін Е.Даутовқа бергенін мәлімдеген-ді.

Ақпан айының 19-нан 20-на қараған түні сержант, тіптен адам сенгісіз әрекетке барады. Сол күні  кезекшілікке түскен Балғынбай ауылдастары Ш.Қамбар мен Б.Мәлікті әскери бөлімге шақырған. Түнгі уақытта оларды бөлімге алып кіріп, қару-жарақ бөлмесін жаппай тонаған. Нақтырақ айтқанда, 29 Калашников автоматын, 16 Макаров тапаншасын және 1 дана травматикалық тапанша, 2 Калашников автоматының сүңгі пышағын, басқа да бөлшектерін алып шыққан.

Осыдан кейін, көлікпен Шымкентке келген Абылай Балғынбай екі серігіне:

– Бұл қаруларды тығып қойыңдар, сендерде тұра берсін, кейін алып кетемін, – деп, өзі Алматыға жолға шығады. Ол Алматыда жалдамалы пәтерде ұсталған. Сот барысында сержант сыбайластарының кінәсі жоқтығын, оларды «қаруларды Арыстағы жарылыс кезінде тауып алғанмын» және «істен шыққан жарамсыз қарулар, бастықтар біледі» деп алдағанын айтқан.

Сот барысында куәгер ретінде сұралған Е.Даутов Балғынбайдың айтқандарын жоққа шығарып, оған ешқандай қару ұрлау туралы тапсырма бермегенін, өзіне жала жабылып отырғандығын мәлімдеген. Командир  А.Балғынбаймен қызметтік қарым-қатынастарының жақсы болмағандығын да алға тартыпты. Сот  дәлелдердің жоқтығына байланысты А.Балғынбайдың Е.Даутовқа қатысты айтқан сөздеріне сенімсіздік білдірген.

 Сот үкімімен Абылай Балғынбай 10 жылға,  Ш.Қамбар мен Б.Мәлік  8 жылға, Ш.Шатай 5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталса, ал қалған сотталушылар 3 жылға бас бостандығынан айырудан айыппұл төлеуге дейінгі жазаларды алды.

Қылмыстық істің қысқаша мән-жайы осындай. Бір қызығы, Балғынбай алғашы қаруды 13 қаңтарда ұрлаған. Соңғы эпизод 20 ақпанда аяқталады. Осы аралықта бөлімшеден тапаншалар бір-бірлеп, тіптен сегізден ұрланған. Ал әскери бөлімнің жауапты қызметкерлері қарудың ұрланғанын 20 ақпанда таңғы сағат жетіде  біліп, дабыл қаққан. Сонда бұған дейін қайда қараған?  Кінәлілердің барлығы тиісті жазасын алды ма? Шын мәнінде, осы қылмыстың тез өрбіп, бүкіл елді дүр сілкіндіретіндей, дәрежеге жетуіне әскерилердің өз ішінде тәртіптің, ұқыптылықтың жоқтығы себеп емес пе?!

P.S. Бізге белгілі болған мәліметтерге қарағанда, Бадамдағы әскери бөлімнен қару-жарақтың ұрлануы бойынша қазір Шымкент әскери горнизонының сотында қылмыстық істер қаралып жатыр.  Сондықтан бұл тақырыпқа уақыты келгенде, қайта оралатын боламыз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айжан БҮРКІТБАЕВА 12:54
«Мен орысша сөйлеуге міндетті емеспін»
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 12:41
Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10:53
Әкімдік мамандары жәрдемақы есептерде жіпке тізгендей тергеп түгендейді-көп балалы ана
Сайт әкімшілігі 09:40
Ақмола облысы коронавирус бойынша "қызыл" аймаққа кірді
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 15:58
Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылысқа қатысты жаңа деректерді жарияланды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 13:40
Нұр-Сұлтандағы дәмханада болған жарылыс: үш адам жансақтау бөлімінде жатыр

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56