Қаржысынан қағылғандар Қазақстанда неге көп?

Жебе САДАҚБАЙ

02.07.2021, 15:13

1443

      Интернет алаяқтарының дәурені жүріп тұр. Қалтасындағы қаржысынан қағылып жатқандар Қазақстанда да жетерлік. Интернеттен қаншама адамның алаяқтарға жем болып жатқанын естісек те, аңқаулығымызда шек жоқ.

       Қаржылық сауатсыздығымыздан болар, әлі де интернет алаяқтарына алданып жатқандар жетерлік. Ашығын айтуымыз керек, қазіргі кездегі цифрландыру жүйесі, бір жағынан, интернет баукеспелерінің көбеюіне жол ашты.  Біріншіден, қылмыскерлерге жем болуға өзіміздің немқұрайдылығымыз себеп болса, екіншіден, интернет алаяқтары қаржыны қымқырудың сан түрлі әдісін меңгеріп алған. Бұған тосқауыл қоюдың жолы бар ма? Иә деп айту қиын. Өйткені сіздің телефоныңызға Қазақстаннан емес, шетелден де хабарласуы мүмкін. Қылмыскердің сырт елден телефон шалып тұрғанын білмейтін халық өзінің құпия кодын, басқа да өзге адам білуі тиіс емес, құпия деректерді айтып қояды. Сөйтіп, қалтасындағы қаржысынан әп-сәтте айырылып жатады. Бұл енді шындық.

        Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Цифрлық технологиялар дәуіріндегі құқық» атты қазақ-француз форумында соңғы жылдары интернеттік алаяқтықтың саны күрт өскенін атап айтты. Бұл қылмыс түрінің күрт көбеюіне әлемдегі коронавирустық індеттің де  ықпалын тигізіп отырғаны белгілі.

     – Онлайн-қызметтердің дамуымен интернет алаяқтарының саны 2,3 есеге өсті. Осыған байланысты ішкі істер министрлігі  киберқылмыспен күрес орталығының құрылымында тек осы қылмыстарды ашумен айналысатын арнайы топ құрды. «Компьютерлік қылмыстар туралы»   2001 жылғы Еуропа кеңесінің конвенциясына Қазақстанның қосылуы бойынша қазір шаралар қабылданып жатыр, – деді министр Ерлан Тұрғымбаев.

       Расында да, интернеттегі алаяқтық қазір Қазақстанда өткір проблемалардың біріне айналып барады. Қазір Қазақстан халқының үштен бірі интернет алаяқтарының қармағына түсіп отыр. Өкінішке қарай,  бұл қылмыстың басым көпшілігі ашылмайды. Өйткені ішкі істер министрі атап өткендей, ақшаңызды қағып алған алаяқ Қазақстанда емес, шетелде отыруы мүмкін. Дерекке жүгінсек,  2018 жылы елімізде 4000-нан астам интернет алаяқтары халықтың ақшасына қол салған. Оның 3500-і ашылмай қалған. 2019 жылы интернет ұрылары 7739 қылмыс жасаған, оның 6000-ы жабулы қазан күйінде қалған. 2020 жылы да баукеспелер Қазақстан қаржы нарығында олжалы болған. Әрбір сегізінші қазақстандық осылай алаяқтардың алдауына түскен. Бір қызығы, зерттеу барысы көрсеткендей, интернет алаяқтары дүйсенбі мен бейсенбі аралығында  сағат 11:00 мен 18:00 арасында телефон шалатын болған.

        Ал биылғы қаңтардағы дерекке жүгінер болсақ, шын мәнінде трансшекаралық алаяқтықтан мемлекет пен жеке және заңды тұлғалар орасан зор зиян шегіп отырғанын байқауға болады. «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалғанымен, 1,8 миллиард теңге қолды болған. Оның ішінде жеке азаматтар 1,1 миллиард теңгесінен айырылып қалған. Ал заңды тұлғалар 82,7 миллион теңгесінен қағылған. Ал мемлекетке келген шығын 529,9 миллион теңге шамасында.

       Айта кету керек, қаржылық сауатсыздығымыз көп жерде өзімізді тақырға отырғызады. Дерекке жүгінсек, ақшасынан айырылғандардың  64 пайызы «арзан несие алып беремін» дегенге алданып қалған. Халықтың 59 пайызы пароль,  банк картасының нөмірі мен PIN-код, CVV-кодын беру арқылы алаяқтардың қармағына түскен. Зерттеу барысы көрсеткендей, алданып қалғандардың 23 пайызы «ақшаңды қауіпсіз есепшотқа аударамын» дегенге сеніп қалған. Міне, қазіргі таңда Қазақстанда интернет алаяқтарының дәурені осылай жүріп тұр. Онсыз да  кедей халықтың қалтасы қымбатшылықтан тақырланып қалса, ал қылмыскер алаяқтар екінші жағынан қарапайым бұқараға орасан зор шығын келтіруде. Бірақ алданбаудың ең тиімді жолы өзіңде екенін халықтың біле бермейтіні немесе ұмытып кете беретіні жанға батады.

       Анығын айтсақ, қаржылық алаяқтықтың түрі де сан алуан болуы мүмкін. «Банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмыз» деп тосыннан телефон шалып, ақша мен парольді алдап алу оқиғалары қазір жиі кездеседі. Сондықтан оқыс телефон шалынғанда тез шешім жасаудың қажеті жоқ. Асықпай ойланып алған жөн. Ең бастысы, мобильді банкингіңізге кіру үшін ешкімге жеке деректеріңізді бермеңіз, карта бойынша кез келген қаржылық операцияны растау үшін PIN-код пен CVV-кодты немесе SMS-парольді хабарламаңыз. Тіпті біз ресторан, кафелерге барғанда да даяшыға банк картасын беріп жатамыз. Бұл дұрыс емес. Ал дұрысы – алданып қалмау және өз әрекетіңізді асықпай, ойланып барып жасау. Ал жеңіл келген ақша интернет алаяқтарына бәрібір игілік әкелмейді.  Олар бүгін құтылғанымен, түбінде тұтылуы мүмкін.

Тегтер: қаржы қаражат жымқыру шығындау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:15
Қазақстан халқының саны туралы мәлімет жаңарды
Сайт әкімшілігі 09:58
Зейнетақыны Kaspi Gold картасына алу жеңілдей түсті
Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ 09:03
Ұлы даланың болашаққа жеті арманы
Бифат ЕЛТАЕВА 09:02
"Мен қазақ қыздарына қайран қалам"
Қуаныш ЕРМЕКОВА 16.10.2021, 15:38
Балаға қамқорлық - болашағымызға жасалған жақсылық
Нұрай РАХЫМ 16.10.2021, 14:34
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасынан үміт көп

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29