02.06.2023, 09:00
1588
Шымкент соты ғаламтор арқылы онлайн режимде порнография таратумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастырушы Қырғызстан азаматын 12 жылға бас бостандығынан айырды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің хабарлауынша, 2021 жылдың шілдесінде криминалдық полицияның жедел уәкілдері әлеуметтік желіге жүргізген мониторинг барысында онлайн трансляция жасайтын порностудияны анықтаған. Полицейлер бұл ақпаратқа қызығушылық танытып, жарты жыл ішінде барлық қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізеді. Нәтижесінде тергеушілер Алматы, Астана және Шымкент қалаларының тұрғындарының ізіне түскен, оның ішінде 5 Қырғызстан және 5 Қазақстан азаматы бар. Полиция департаментінің қызметкерлері оларды үш мегаполистегі жалдамалы пәтерлерде ұстады. Тінту кезінде күдіктілерден 44 мың АҚШ доллар көлемінде ақша және Алматыдағы жылжымайтын мүлік пен есірткі де тәркіленді. Ұсталғандардың ірі қалалардағы жалдамалы пәтерлерде жабдықталған 10-нан астам веб-порно-студиялар бар екені анықталды. Онда 50-ге жуық қыз жұмыс істеген, оның ішінде екеуі кәмелетке толмаған.
— Мұнда криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері мен тергеушілердің орасан зор еңбегі бар екенін айта кеткен жөн. Өйткені 50-ге жуық жас қыздың тағдырын талқандаған қаскөйлердің кінәсін дәлдеу үшін Қылмыстық кодексінің бес бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. 50- ден астам адамнан жауап алынып, қылмыстық істің 167 томы жиналды. Оның әр томы 186 беттен тұрады, жалпы 31 мыңнан астам бетті құрайды, – дейді Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков.
Нақтырақ айтқанда тергеу амалдары «кәмелетке толмағандарды эротикалық мазмұндағы өнімдерді дайындауға тарту», «ұйымдасқан топты құру және басқару», «порнографиялық материалдарды заңсыз тарату» және «кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды дайындау және олардың айналымы немесе порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысуы» баптары бойынша жүргізілген.
– Бұл онлайн режимде жұмыс істеген Қазақстандағы порностудияны анықтаудың алғашқы жағдайы екенін атап өткім келеді. Осы қылмыстық істің бірегейлігі мен күрделілігін ескере отырып, ол полиция департаменті мен прокуратура басшылығының ерекше бақылауында болды. Олар өздерінің қылмыстық әрекеттеріне қашықтан ағылшын тілінен орыс тіліне аударатын аудармашы-операторларды тартқан. Өйткені аталған веб-порно-студияның аудиториясы негізінен шетел азаматтары болған және қызмет ақысын шетел валютасымен төлеген. 1998 жылы туған Қырғызстан азаматы Әлішер Шаршеналиев осы трансұлттық қылмыстық топты ұйымдастырған және басқарған. Негізінен жоғары жалақыны уәде етіп, тұрмысы төмен отбасынан шыққан келбеті сүйкімді қыздарды жұмысқа алған. Әрбір қыз белгілі бір қатаң ережелерге бағынған. Кез келген заңбұзушылық үшін үлкен айыппұлдар төлеген, – дейді Шымкент қаласы Полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Әбуов.
2022 жылдың мамыр айында тергеушілер істі айыптау қорытындысымен бірге сотқа жіберді. Сот қылмыстық іс материалдарын зерделеп, 2023 жылдың сәуір айының соңында үкім шығарды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Әлішер Шаршеналиев қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның қылмыстық тобының мүшелері 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР