28.04.2022, 05:00
2745
«Қазақстанның 9 мамырға орай, парад өткізуден бас тартқаны – Украина мен халықаралық қауымдастықты алдарқату», деген пікір айтыпты қазақтың шетелде жүрген оппозиционері Айдос Садықов украин журналистеріне.
Оның ойынша, Қазақстан билігі қазір өз ойынын жүргізіп отыр: ең бірінші, өздеріне қарсы салынуы мүмкін, Батыстың санкцияларынан қауіптенеді, сосын, Путиннен қорқады екен.
– Сол себепті екіжақты саясат жүргізіп отыр. Бір жағынан, парад өткізбейміз десе, екінші жағынан, Алматыдағы Ресей Федерациясының консулдығы алдында Украинаның туын көтеріп келіп, наразылық акциясын өткізгендерді аяусыз ұстап, қамады. Украинаны қолдайтын бір ірі митингті өткізуге рұқсат берілді, оның өзінде, оны билікке бағынышты тұлғалар ұйымдастырды. Оған негізінен, қазақтың оппозициясы мен Қазақстанда тұратын украиндер қатысты. Бұл митинг халықаралық қауымдастыққа «Украина мәселесі бойынша Қазақстанның ұстанымы осындай, біз соғысқа қарсымыз», деп көрсету үшін өткізілді. Сонымен бірге, өткенде ғана Қазақстанда Ресей әскерімен бірлескен командалық-штабтық жаттығу өткізілді, Ресейдің генерал-полковнигі Юрий Греховтың басшылығымен. Ресей Украинамен соғысып жатқан кезде. Алайда Украинаға қарсы соғысқа Қазақстанның қарулы күштері қатыспайды. Қазақ билігі мұндайға ешқашан бармас. Өйткені елдегі қоғамдық пікір, қазақ халқы Ресейге қарсы. Қазақ қоғамының белсенді топтары 100 пайызға жуығы Украина жағында. Қазақстан армиясының бір солдаты Путин әскерінің құрамында Украинада соғысып жүргені белгілі болса, қоғамда үлкен дүрбелең туындайды, арты, тіпті, митингке ұласып кетеді. Сосын, Қазақстан армиясы өте әлсіз. Шамамен, небәрі 39 мың қол, заманауи қару-жарағы да жоқ, – деген екен Садықов.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР