Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады

Жарас КЕМЕЛЖАН

25.05.2022, 07:48

2706

2000-жылдардың басында банктер кредитті оңды-солды шашты. Жұрт та қызық, құдды әкесінің ақшасын алып жатқандай, көзді тарс жұмып, несиеге белшесінен батты. Тәуелсіздіктің басындағы аштық па, әлде кредит туралы ұғымның таяздығы ма, әлгі ақшаны қарыз деп түсінбеді ешкім. Сол жылдары ғой, жұрттың кредит алып той жасап, кредит алып, баласын оқуға түсіріп жүргені. Соның арты не болғанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Талай шаңырақ опырылып, ортасына түсті. Талай азаматтың алтын басы домалап, сотқа сүйрелді. Сол кредитпен ағайын арасына араздық, ел ішіне берекесіздік енді. Одан бері де жиырма жылдан асып барады. Бірақ жұрттың кредитке деген танымы әлі өзгермеген сияқты.

Өткен аптада банктер кредитке көлік бере бастады. 4 пайызбен. Тағы да жұрт жиырма жыл бұрынғы әдетін қайталап, банктерге бірнеше ай бұрын кезекке тұрыпты. Кезектің өзін пара беріп, сатып алғандары қаншама? Оның бәрін қойшы, көлік алған азаматтардың жүзіндегі қуанышты айтсаңызшы! Машинасын гүлмен көмкеріп, кілтті басына көтеріп тұрып, қуанып жатыр. Несіне қуанып тұрғанын өзі сезе ме екен? Кредитке кіргеніне ме, әлде Қазақстанда құрастырылған сапасы төмен, бағасы удай машинаға мінгеніне ме?

Күлейін бе, жылайын ба? Әлеуметтік желіде «Қарызға батып тұрып, қуанған адамды Қазақстаннан ғана кездестіруге болады екен»,- деп, бізге  қырғыздар күліп жатыр. Оны да қойшы, қарызға батқан қазақтарды отандық телеарналар жарыса көрсетіп, несиеге кеңірдегінен батып бара жатқан пақырларды сөйлетіп қойыпты. «100 қойдан 200 қозы алған», деп Кеңес одағына күлуші едік. Мынау білген адамға одан да сорақы жағдай.

Еуропада тұратын Жандос Жетіқараев деген жігіт фейсбукте, «Дамыған елдер дрон жасады. Өмір сүрудің адам жанына ең жайлы формасына көшті. Ал менің Қазақстаным кредитке көлік беріп жатыр. Соны жаңалық қылып телеарналардан көрсетті. Үкіметтің жұмыс істеп жатырмыз деп жар салғаны – машина үшін халықты кредитке тыққаны екен. Соны көріп, жылап отырмын. Мына жағдайды еуропалық достарым көріп қоймаса екен» – депті.

Тәуелсіздік алған отыз жылда жеткен жеріміз осы шығар? Өзбек құрлы отандық машина шығара алмадық. Қырғыз құрлы шетелден арзан көлік кіргізе алмадық. Халықтың 70 пайызының астында жапондықтардың отыз жыл бұрынғы темір-терсегі. Жеріміз ұлан-ғайыр деп желпінеміз. Біздің бір облыстың жеріндей аядай аралда жатқан жапон мен корейге мына митыңмен бұл ғасырда жетпейміз-ау!

Тегтер: несие автонесие пайыз

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлия ТАУКЕНОВА 24.06.2022, 12:50
Мерғалиға ауылдың бір көшесін неге қимадық?
М.СӘУЛЕБЕК 23.06.2022, 16:40
Түркістан медицинасы үздіктердің қатарында аталды
М.СӘУЛЕБЕК 22.06.2022, 16:50
Мегаполис атанған Шымқалада не өзгерді?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.06.2022, 11:00
Флораға жұтаң Қарағанды шөлейттегі шаhар ма?
М.ЖӘНІБЕКҰЛЫ 22.06.2022, 08:36
Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 21.06.2022, 11:40
«Билайн» балаларды неге соттайды?

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33