Қазақ қайткенде ұлттық болмысын сақтап тәуелсіз ел болып қала алады?

Ермек Мұқанғалиев

25.01.2022, 11:46

1254

Қазақстанның тәуелсіз ел атанғанына 2021 жылы тура отыз жыл толды, бірақ та қазақ халқы өзін тәуелсіз ұлт ретінде сезіне алған жоқ, себебі шын мәнісінде біздің тәуелсіздігіміз де үрей болатын. Ал осы тәуелсіздікті дәлелдеу үшін рухани тәуелсіздікке қол жеткізуіміз керек. Ол үшін рухани тәуелсіздіктің атрибуты қазақтың ұлттық тілін шын мәнісінде мемлекеттік тіл ету керек. Ол үшін іс қағаздарын толықтай қазақ тіліне көшіруіміз қажет және қазақ халқының санасын құлдық санадан арылтып, азат етсек ол болашақта ұлттық мүддесін қорғап ұлттық құндылықтарын сақтай алатын ұлт болады. Ол үшін қазақтың ұлттық намысын оятып, ұлттық рухын жаңғыртып, ұлттық жігерін қайрай білуіміз керек. Сонда ғана қазақ халқы ұлттық болмысын қалпына келтіріп толық қанды тәуелсіз мемлекетке айнала алады.

Біз бұрын ұзақ уақыт Ресей империясының отары болдық. Жалпы отаршылдық үш түрлі болады, бірінші отарлаушы ел өзіне отар жасаған елін сырттай бақылап, олардың ішкі ісіне араласпай, соның ішінде тіліне, дініне, әдет-ғұрпына тиіспейді. Олар билік жүргізетін адамдарды тағайындап, салық жинаумен шектеледі. Оған мысал ретінде Алтын Орда хандығының орыс княздарын жаулап алуын келтіруге болады. Орыстар бұрын ұсақ княздықтарға бөлініп, бір-бірімен жауласып жүретін. Алтын Орда хандығы жаулап алғаннан кейін оларды сыртқы жаулардан қорғап, Ресей империясының негізін қалауға себепші болды. Ондай отаршылдықты «доминант» немесе «проректорат» дейді.

Отаршылдықтың екінші түрі, отарлаушы ел өзіне бағынған елдің халқын қанап табиғи байлығын тонап, жерін анексиялап өзіне қосып алуға тырысады. Халқын қанап қана қоймай оларды өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін болашақта күреспес үшін оларды ұлттық санасынан, ұлттық рухынан және тілінен, салт-дәстүрінен айыруға тырысады. Осы құндылықтарынан айырылған ұлт ұлттық болмысынан айырылып, тілін, мәдениетін жоғалтып, ассимиляцияға ұшырап мәңгүрттеніп кетеді.

Оған Ресейдің Қазақстанды қалай отарлағанын мысалға келтіруге болады. Орыстар қазақтардың сулы-нулы жерлерін тартып алып, өздерінің шаруаларын көшіріп әкеліп соларға беріп, қазақтардың өздерін шөл және шөлейт жерлерге ығыстырды. Большевиктер колхоз ұйымдастырамыз деп қазақтардың малдарын жинап алып, қазақтарды аштан қырды.

Болмаса тың игереміз деп Қазақстанның мал жайлайтын жерлерін жыртып эрозияға ұшыратып өзен-көлдерін ластап, теңізіне дейін құрғатып жіберді. Қазақстан жерін атом бомбасын сынайтын полигонға айналдырып, адам денсаулығына зиянды радиациямен 40 жыл бойы улап келді. Славян нәсілді халықтарды көптеп көшіріп әкеліп, қазақтарды республика халқының үштен бірі жасап азайтып жіберді. Солтүстік облыстардағы қазақ мектептерін жаптырып, қазақ балаларын орыс кластарында оқуға мәжбүрледі.

Отарлаудың үшінші тәсілі жаулап алған елдің халқын түрлі әдіспен түгелдей жойып мысалы, маскүнемдікке салыну, есірткі тарту, түрлі

ауруларды жұқтыру арқылы, жеріне отарлаушы ұлттың өкілін қоныстандырып жерін анексия жасады. Осы ұлтсыздандырудың салдарынан қазақтың бір бөлігі мәңгүрттеніп, еліміз тәуелсіздігін алып өз алдына егеменді ел болса да рухани мәдениетіне қол жеткізе алмай отыр. Тәуелсіз ел атанғанымызға отыз жыл болса да шенеуніктеріміз бұрынғы метрополияның тілінен айырылғылары келмейді. Оның үстіне балаларын, немерелерін орыс-ағылшын тілінде оқытады, ана тілін үйренгілері келмейді. Оның себебі өздері бодандық кезінде орысша оқып, орыс мәдениетінде тәрбиеленіп, солардың салт-дәстүрінде өмір сүргендіктен сол өмір салтында қала бергілері келеді. Олардың ұлттық санасы жойылып, ұлттық рухын жоғалтқан, ұлттық құндылықтар оларға ешқандай әсер етпейді. Уақытында үнді халқының ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Махатма Ганди «Отаршылдардың тәрбиесінен шыққан элита өз халқының басты жауы» деген болатын. Біздің отыз жыл тәуелсіздікте өмір сүрген уақытымыз бұл сөздің жүз пайыз ақиқат екенін толық дәлелдеп берді.

Негізінен импералистік елдер өздерінің отарларына тәуелсіздікті оңайлықпен бере салмайды. Мысалы, Азия, Африка халықтары қолдарына қару алып, метрополиямен бірнеше жыл соғысып, үлкен құрбандыққа барып, тәуелсіздікке қол жеткізді. Сондықтан да олар тәуелсіздіктің қадірін бағалай біледі. Ал, бізге тәуелсіздік тым оңайға түскен сияқты болып көрінеді. Оның қадірін біліп, дұрыс бағалай алмаймыз, шын мәнісінде біздің ата-бабаларымыз тәуелсіздікті ғасырлар бойы армандап, қолдарына қару алып, қанын-жанын аямай күрескен, бірақ та ол кезде жағдай басқаша еді. Сол себепті олардың күресі сәтсіздікпен аяқталып отырған. Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде дүние капиталистік және социалистік лагер болып екіге жарылды. Осы екі лагерьдің арасында бәсекелестік басталып, екі рет дүниежүзілік соғыс болып, импералистік елдер бірін-бірі әлсіретіп, отар елдерге ұлт-азаттық күресіне шығуға қолайлы жағдай туды. Осы мүмкіндікті пайдаланып ұлт-азаттық қозғалысының көсемдері мысалы, Үнді республикасының премьер-министрі Д.Неру, Мысыр Араб республикасының президенті Г.А.Насер Индонезия республикасының президенті А.Сукарно, Гана республикасының президенті К.Нукрома, Гвинея республикасының президенті С.Туре өздерін блокқа қосылмайтын бейтарап елміз деп жариялады және капиталистік лагерь мен социалистік лагерьдің арасындағы қайшылықты шебер пайдаланды. Соның арқасында екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көп елдер тәуелсіздікке қол жеткізіп егеменді ел атанды. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары алып империя болып саналатын Совет одағы тоқырауға ұшырап, өз ішінен ыдырап күйреп тынды. Оның құрамында болған 15 республика өздерінің тәуелсіздігін жариялап егеменді ел атанды, соның бірі Қазақстан болатын. Бірақ та Қазақстанда билік басына бұрынғы отаршылдарға қызмет еткен номенклатураның бюрократ шенеуніктері қалып қойды. Сондықтан олар қоғамымызда авторитарлық жүйе орнатып, биліктің бәрін бір адамның қолына шоғырландырып, сол бұрынғы коммунистердің интернационалдық идеологиясын насихаттап, жастарды мәңгүрттендіру процесін жалғастырып, ешқандай ұлттық идеология болмағандықтан адамдар қай бағытта даму керек

екенін білмей қоғамымыз тұйыққа тіреліп отыр. Оған Қазақстанда 5 қаңтарда басталған оқиғалар дәлел бола алады. Бұл оқиғаға бірінші себеп биліктің осы кезге дейін дұрыс саясат жүргізбей келгені болса, екінші қоғамның қай бағытта дамуы жөнінде ұлттық идеологияның болмауы салдарынан жастар қай бағытта әрекет жасау қажет екенін білмей заң бұзушылыққа барып, қателік жасады. Алдағы уақытта мұндай қателік болмас үшін біздің идеологиямыз болуы керек. Ол үшін әуелі ұлттық идеология жасап соның негізінде мемлекеттік идеология қабылдап, қоғамда демократиялық бағыттағы идеологияны басшылыққа алып әрекет етуі керек, сонда ғана қоғам қателікке жол бермей дұрыс дами алады.

Қазақстанды отыз жыл басқарған экc-президент Назарбаев «Егеменді Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» деген мақаласында 30 жыл ел басқарғандағы тындырған шаруаларына қорытынды жасағандай болған. Назарбаев өзінің мақаласында қазақ халқының өткен тарихына шолу жасай отырып «Дана бабаларымыз өзінің ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді» дейді. Олай болса бізге де тәуелсіз ел ретінде осы құндылықтарымызды әрі қарай дамытып, байытып болашақ ұрпағымызға жеткізе білуіміз керек. Ал, біз болсақ тәуелсіз ел болғаннан кейін, осы құндылықтарымызды байытудың орнына ұлтымыздың тілінен айырылып бара жатқан сияқтымыз. Назарбаев өзінің мақаласында алып империяның қалай ыдырап, беделін жоғалтып еш қарсылықсыз жойылғанын сөз етеді.

Ол, «М.Горбачев қаншалықты жанталаса қимылдап Одақты сақтап қалуға әрекет еткенмен, КСРО-ның одан әрі ыдырауын тоқтату мүмкін емес еді. Келесі 1991 жылдың 18-21 тамызында әйгілі тамыз бүлігі болды. Бұл Кеңес Одағы басшылығының дәрменсіздігінің күллі әлемге танытты. Соның нәтижесінде 1991 жылдың тамыз, желтоқсан айларында қалған республикалар өз тәуелсіздігін жария етті» дейді. Бірақ та Балтық жағалауы республикалары басшылары Одақтан шығып, республикаларына тәуелсіздік талап еткенде Назарбаевтың оларға қарсы болып жаңа Одақ құруға шақырғанын орталықта шығатын газеттер талай рет жазған болатын.

1991 жылы 8 желтоқсанда Б.Елцин, А. Кравсук және С. Шушкевичтің қатысуымен Беларуссияның Беловежие орманында өткен кездесуде Кеңес Одағының «Халықаралық құқық пен геосаяси жағдай субъектісі» ретінде өмір сүруін тоқтатқаны туралы мәлімдеме жарияланды. Осы жағдайдан кейін Қазақстан КСРО-ның арасында жалғыз қалғаннан кейін 16 желтоқсан 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялады.

Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік тағылымы» деген мақаласында отыз жыл президент болып ел басқарғандағы басты-басты еңбектерін атап өтеді. Оған Назарбаевтың айтуы бойынша мыналарды жатқызуға болады:

1. 1995 жылы Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдауы

2. 2030 стратегиясы мен 2050 бағдарламасын қабылдау

3. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көрші елдермен келіссөз жүргізу арқылы шекарамызды бекіту

4. 1991 жылы 29 тамызда Семей полигонын жабу

5. Есіл өзенінің бойында жаңа астана салу

6. Осы уақыт ішінде 14 мың шақырым автомобиль жолын салу, 2,5 мың шақырым темір жол салу, әуежайларды, теңіз бен құрлық порттарын жаңғырту.

Бұлардың бәрі керекті маңызды шаралар екені рас. Бірақ та үш ғасыр отаршылдықта болып, барлық ұлттық құндылықтарынан айырылуға айналған халықтың санасын сауықтырып рухын жаңғыртып, намысын ояту үшін отарсыздандыру саясатынан бастағанда әлдеқайда дұрыс болатын еді. Себебі Совет Одағында коммунистік партия өзінің интернационалдық идеологиясын насихаттап, ұсақ ұлттарды ассимиляциялау үшін коммунизм кезінде ұлтқа бөліну болмайды, сондықтан да барлығын совет халқы боласыңдар деп, орыс тілінде сөйлеуге мәжбүр етті. Ондағы мақсат басқа ұлттардың ұлттық санасын, ұлттық рухын, ұлттық құндылықтарын жойып орыстандыру болатын.

Осындай әдіспен орыстардың Ұлы державалық шовинистік саясатын жүргізу арқылы орыстардың ықпалын бүкіл дүниежүзіне жүргізу болатын. Қазақстан тәуелсіздігін алғанмен билік басына сол бұрынғы отаршылдарға қызмет еткен, орысша оқып тәрбие алған, көбі қазақша білмейтін, бюрократ шенеуніктер қалып қойды.

Сондықтан да олардың қолына билік пен байлық тигеннен кейін бұрынғы үйреніп қалған тәсілі бойынша әкімшілдік, әміршілдік әдіспен ел басқарып, сол бұрынғы интернационализм идеологиясын жастарға насихаттап, қазақтарды ассимиляциялау процесін жалғастыра берді. Енді, міне, сол тәрбиенің жемісін бүгін көріп отырмыз. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандаған, қанын-жанын аямай күрескен тәуелсіздігіміздің қадірін білмей, тәуелсіздігімізбен қатар өмірге келген отызында орда бұзар жастарымыз тәуелсіздікті нығайтып қорғаудың орнына оған қарсы шығып зиянын тигізіп отыр.

Бұл жерде тек жастарды кінәлау дұрыс емес, бірінші жастарға дұрыс патриоттық рухта тәрбие бере алмаған аға буын біз кінәліміз. Біздің басты кінәміз осы кезге дейін қазақ халқының басын біріктіретін ұлттық идеология жасай алмағанымыз.

Қазақстанда 2022 жылдың алғашқы күндерінен бастап болып жатқан оқиғалар жәй өзінен-өзі болған оқиға емес, мұның артында қазақ халқына, Қазақстанның тәуелсіздігіне қарсы ұйымдасқан күш тұрғаны анық. Оған терең сараптама жасап істің анық-қанығын шешу қажет. Бұған дәлел осы кезге дейін елімізде осынша лаңкестердің бар екенін ұлттық қауіпсіздік комитетінің білмегені қалай? Беларуссия президенті Лукашенконың «қазақтар қарсылық көрсетпей тізе бүгіңдер» дегенін қалай түсінуге болады? Қазақ жастарының бір күнде терроршыларға айналып кеткенін қалай түсінеміз. Осының бәрі ойлантатын жағдай. Бұрын бейбіт шеруге шыққан адамдарды қолдарын қайырып машинаға тиеп алып кететін полициялар, бұл жолы бүлікшілер дүкендерді, банктерді тонап, машиналарды өртеп, әкімдіктерді басып алып

жүрген қылмыскерлерге қарсы қайрат көрсете алмай шет елдерден әскери көмек сұрауды қалай түсінуге болады?

Бұрын мемлекеттік тілді білмесе де бірнеше жыл үкімет басқарған, соңынан ұзақ уақыт қауіпсіздік комитетін басқарып, қазір мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен қамауға алынған адам туралы не айтуға болады? Осы жағдайлардың бәрін құқық қорғау органдары халыққа толық ешбір бүкпесіз дәлелді деректермен айтып берулері керек.

Елді отыз жылға жуық басқарған экc-президент Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік тағылымы» деген мақаласында «Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қайранға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын» дейді. Әлемдік ғылым мен мәдениетінің ең үздік жетістіктерін қалай меңгергенін жаңа ұрпақ өзінің туған халқын, отанын қалай сүйетінін кеше ғана көрсетті. Осы сүйіспеншілігі алдағы уақытта осылай жалғаса берсе, түбі қайда апаратыны белгілі. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандап, үлкен құрбандыққа барып күрескен тәуелсіздігін тарих сәтін салып, құдайдың қолдауымен қолымызға түскен тәуелсіздікке ие бола алмай, қайтадан отар болатын түріміз бар. Бұл жолы да тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздадық.

Құдайдың бізге мейірімі түсіп қазақ оянсын, ойлансын деп тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Енді біз өткен отыз жылда қандай қателіктер жібердік себебі не, оған кім кінәлі, соған жауап іздеп, алдағы уақытта не істеу керек екенін кеңінен талқылап, ортақ мәмілеге келіп, жоспар жасап, соны іске асыруға әрекет етуміз керек.

Әрине еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жылда қоғамдық ақпарат құралдарында бұл мәселелер көп айтылды, бірақ та коммунистік идеологияда тәрбиеленген бюрократ шенеуніктер бұған көңіл бөлмеді. Бұл халықтың ашу-ызасын тудырғаны рас. Осы жағдайды біздің дұшпандарымыз өз пайдасына шебер пайдаланып, өмірде тәжірибесі аз, идеясы жоқ қазақ жастарын осындай арандатушылыққа апарып қылмыскер етіп қойды.

ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры, қазіргі қазақ жастарының санасын Ресейдің немесе Батыстың ақпарат құралдары қалыптастыруда, қазіргі қазақша газет-журналдарды сатып алып оқу мүмкін емес, себебі қазақша газет сататын дүңгіршектерді алып тастаған. Оның үстіне қазіргі қазақ жастарын сол бұрынғы интернационализм идеологиясында тәрбиелеп келеміз. Бұрын коммунистер Ленинді дүниежүзі пролетарларының көсемі деп мадақтайтын, қазір нұротандықтар Назарбаевті Елбасы деп дәріптейді және басқа кімді сынасаңдарда еріктерің, бірақ Елбасын сынауға болмайды дейді. Бұл қазіргі Қазақстандағы демократияның сыйқы. Сондықтан да біз бұрынғы интернационализм идеологиясынан арылып, ұлттық идеология жасауымыз керек. Ол идеологияның бірінші кезектегі басты міндеті мемлекет құрушы ұлтымыздың ұлттық мүддесін қорғап, санасын сауықтырып, рухани құндылықтарын, атап айтқанда тілін дамытып, дінін сақтап, салт-дәстүрін

қалпына келтіру. Сонда ғана қазақ халқы ұлттық болмысын сақтап, басты қағидасы: «имандылықты сақтап, заңды орындап, парасатты өмір сүру» болмақ.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 12:42
Қазақстандықтардың төлқұжатында жүрген чип не үшін керегі белгілі болды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:44
Алматы облысында екі ауылдың көшелерін су басты
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 15:03
Желтоқсан оқиғасына арналған тағы бір кітап жарық көрді
Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 08:17
Ауыл балаларына мүмкіндіктер көп қарастырылу қажет
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 07:51
«Сен менімен «служить» етпейсің!»
Сайт әкімшілігі 19.05.2022, 15:09
Партияның ауқымды электораты референдумды қолдауы керек – Е.Қошанов

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56