Қазақ құлқынның құлы болды

Ермек Тұрсынов,режиссер (Әлеуметтік желідегі жазбасынан)

08.06.2021, 08:53

2382

Он бес республиканың бірі. Жерінің көлемі жағынан Ресейден кейін екінші. Әлемде тоғызыншы. Халқының саны Токио тұрғындарының жартысына да жетпейді. Амбициясы екі Вашингтоннан асып түседі. Жер бетіндегі «стандардың» ең тәуірі, сырт қарағанда.

      Менің жерімнің биографиясы – трагикомедия элементтерінен тұратын драма. Соңғы екі ғасырда мұнда тым жылдам өзгерістер болды. Драма немен аяқталатынын ешкім білмеді. Қазір де ешкім білмейді. Бажайлап болжап көруге болады, бірақ ондай фантазияларға тым берілудің де ақыры ащы болуы мүмкін.

       Екі ғасыр бұрын колония едік біздер. Кейін, өткен ғасырдың ортасында Қазақстан ядролық полигон атанды. Совет армиясының әскери базасы болды. Оның алдында күштеп қоныс аударылған түрлі халықтың түрмесі мен  каторгасы болды.

       Уақыт өте менің Отанымды үлкен түрме деп емес, «Халықтар достығының лабораториясы» деген мәдениетті атаумен қабылдай бастады. Бұл лабораторияда келімсектер жергілікті тіршілікке үйренісіп, жергілікті халықпен тіл табысып, жайлы өмірін тапты. Бұрынғы түрмесі енді олардың өз үйі болып кетті.

      Жауыздар жасап көрген қатал, тым қатыгез эксперимент түбі жақсы жемісін берді деуге болады. Бірақ тарих тұрғысынан таңғаларлық ештеңе де болмады. Әдетте мұндай сынақтар басқаша аяқталатын: тұтқындар өздері әу баста құл ретінде әкелінген жерді ақырындап жөнге келтіретін. Ассимиляцияланғаннан кейін олар жергілікті халықты өздері бақылауға алатын.

      Қонақжайлық біздің ата дәстүріміз болғаннан ба екен, бізде бұл сынақ сәтті шықты. Тіпті қонақ емес, түрмеге келген тұтқынға қалайша жаның ашымас. Ортаға арақ пен шарап түсіп, ол да өз дегенін жасады. 1911 жылы Түркістандағы генерал-губернатордың жазып кеткен бір кеңесінде «мұнда көшіп келген орыстар шарапқа тым құмар екен, олар бұл өлкенің колонизаторлары бола алмайды» дегені бар.

       Одан кейін мемлекеттендіру, ұжымдастыру, аштық, қуғын-сүргін, соғыс пен күйзеліс келді. Билік тағы ауысты. Менің жерім үлкен зиратқа айналды. Менің халқымды қасақана қырды. Сол баяғы, өзімізді өз қолымызбен қырды.

Тағы бір он шақты жыл өтті. Мұртты көсемдердің орнына тақырбас көсемдер келіп жатты. Бидайдың орнын жүгері басты. Сосын, тақырбасты қоюқас алмастырды, бәрі жөнделіп, жақындасып келе жатыр ек. Одан соң, апыр-топыр ұлы бөлініс басталып кетті. Он бес республиканың басына бостандық келді, бостандық деп, көптен күресіп келгендердің бірі біз едік. Қазіргі тарихшылар солай дейді. Тарих та қамыр сияқты, қалай илесең де, өзің біледі екенсің.

       Қазір де солай ғой. Немен мақтанарың таусылып қалғанда көмекке тарихымызды шақырамыз. Бірақ біздің тарихымызда ақтаңдақтар өте көп. Ақорданың ақылгөйлері ғой ол, кино түсіретін шеберлер сияқты ең бірінші көзімізге тарихымыздағы жеңістер ғана түсетіндей етіп қойған. Сосын, бір жаманы – тарихи деректер тозып, жалықтыра бастайды. Сол үшін ара-тұра тарихты бір қопарып алып, қайта-қайта бір жөндеп қою керек. Бізге емес, Ақордадағы әлгілерге сөйту керек.

        Сонымен, соңғы жиырма жылда не болды?

        Бір елде мүлгіп кеткен біз басқа елде оянып шыға келдік. Жап-жаңа елде өз бетімізше жаңа өмір сүре бастауымызға ешкім кедергі болмаған еді.

Ертеңімізге ертегідей сендік, өйткені Отанымыздың мұқабасы тағы өзгерді. Сол мұқабаны өзгертсек, ішіндегі мазмұн да өзгереді дестік пе, ең бірінші қала, ауыл, көше атауларын жаппай өзгерте бастадық. Атауы өзгерген көшелерімізбен жүру жайлы боп кете қоймады, бірақ ХХ ғасырдың түсініктері ХХІ ғасырда жүрмейтін болар деп үміттендік. Шынымен де лексикамыз жаңарды, түсініктер өзгерді. Шын еркіндікті сезе бастадық. Бірақ қас қылғанда осы бір сәтте қу құлқынымыз оянып кетіп, ол советтен үйренген рефлекстерімізбен аралас бір қоспаға айналып, осы жерде құрыдық. Сынып кеттік. Отанымыз енді қалай атанса да, табиғатымыз сол баяғы күйі қалғанын түсіндік.

        Коммунистерден жетім боп қалған шаруашылық қожайынсыз ұзақ тұрмас еді. Қысқа уақыт ішінде жер, жайылым, зауыт-фабрикалар, бүтін салалар сияқты «империяның үйіндісі» жаңа қожайындардың қолына өтті. Бұл ауыр үрдіс сырттай мемлекеттендіруге ұқсайтын. Оны таза мородерлік деп атай алмадық сондықтан. Заңдастырылған клептократия сықылды бірдеңе болды.

        Социализм мұрасы үшін талас аяқталғаннан кейін бір тоғышарлық арманымызға жеттік. Соған кірістік қуана, анчоус пен омар жеп көрдік. Түркия мен Эмираттарға әбден барғыштадық. Үйімізді қытайдың жылтырақтарына, түрлі жиһазға толтырдық. Журналдағыдай жарқырап киініп алдық.

       Енді келіп Құдайды еске ала бастадық. Бірақ Аллаһ да, Иисус, Будданың ешкімді ешкімнен артық қоймайтынын ұқпай қалдық. Ол тек жаман болмауға ғана көмектеседі. Билік сияқты. Билік те ешкімді ешкімнен артық етпейді. Ол адамды жақсартпайды, жаман да етпейді. Діннің де, биліктің те жабайы түйсік пен құлқыннан сақтайтын қасиеті бар еді. Бірақ бізде ол қасиет іске аспай қалды. Құлқын жеңді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:29
ҰБТ-ны алып тастау қажет — Талғат Нәрікбаев
Сайт әкімшілігі 10:20
«Атамекен» рейтингі университеттің потенциалын анықтамайды – Олжас Ордабаев
Еламан СЕРІК 11.06.2021, 12:07
Мектептерде парақор директорлар әлі отыр
Сайт әкімшілігі 11.06.2021, 10:49
«Жастар-Отанға!» 5 бағытты қамтиды
Еркежан АРЫН 11.06.2021, 10:23
Қазақстан БҰҰ-ның экологиялық бастамасын қолдайды
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 11.06.2021, 09:02
Егемендік халыққа не берді?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02