Қазақ тілі қажеттіліктен қалып барады

Бақдәулет БЕРЛІБАЕВ

16.06.2022, 09:04

1313

Бүгінде тілге жанашыр Қазақстан азаматтары мен өзін осы елдің патриоты санайтын ұлтжанды адамдардың бәріне белгілі болып отырғандай, қазақ тілі мәселесі күннен-күнге күрмеуі қиын, үлкен де күрделі мәселеге айналып барады. Әуелі, «Тілін жоғалтқан ел бәрінен де айырылады» дегендей, қазақ тіліне мойын бұру дегеннің қиындығы бұл күнде мемлекеттік мәнге айналып отырғаны да жасырын емес. Тәуелсіздік алғалы ғылым академиясындағы тіл білімі институтының мүйізі қарағайдай академигі басқарған «Қазақ тілі» қоғамы жұмыс істеп келсе де, қазір осы қоғамның сайда саны, құмда ізі жоқ бейшара күйін көріп отырмыз.

Ата заңда орыс тілінің де рөлі көрсетіліп, ол тілдің қоғамнан аластатылмайтыны айтылған. Онда: «Қазақ тілінде сөйлеуге, жауап беруге қиналсаң, орыс тілінде пікірлесуге кез келген адамның құқы бар» екендігі байыпты баптармен құрастырылған.

 Мемлекеттік тілде сөйлеу, бұл өзі өмір сүріп отырған мемлекетті жан-тәнімен құрметтеу дегенді білдіреді. Өзгелердің осы тілде сөйлеуін еліміздегі басқа ұлттардың түрпідей қабылдауы, бұл отансүйгіштік көрініс емес. Бұл мемлекеттік тілді менсінбейтін жаман пиғыл. Бүгіндері орыс тілді ағайындардың айтып жүрген: «Қазақстан орыс тілінде сөйлейтін мемлекет», немесе «Орыс тілінсіз нарыққа шыға алмайсың» деп даурығуы – бейшара адамның күні өткен заманды армандауы ғана. Тіпті бұл ұлы орыстық шовинизмнен арылмау дегенді білдіретін психологиялық мүлде ескі құбылыс. Бүгінгі Кавказдағы халық саны жағынан бізден әлдеқайда аз болса да 2004 жылдан бері латын харпіне көшкен Әзербайжан ағайындарды алсақ та олардағы ұлттық азербайжан тілі бүгінде өз мәресіне жетіп отыр. Ең қызығатын нәрсе сол. Олардың бүгінгі жастары түгелімен бір-бірімен әзербайжан тілінде еркін сөйлеседі. Олар басқа жақтан келгендермен екінші тіл болып есептелетін ағылшын тілінде сөйлескенді жөн көреді. Мен бұл көріністі 3 жыл бойы сол елге барып-келіп жүргенде байқағаннан кейін айтып отырмын. Ал Австрияның Вена қаласындағы әуежайына бара қалсаңыз, тоғыз жолдың торабындағы осы жерден орысша аударма жасайтын бірде-бір орыс тілінде сөйлеп, көмектесетін пенде таба алмайсыз. Олар да басқалармен ағылшын тілінде сөйлесуді қалайды. Сондықтан кез келген саладағы қазіргі әлемдік қатынас тілі орыс тілі емес, ағылшын тілі. Оны бүгінде бүкіл әлем мойындап отыр.

Сондықтан бізге әзербайжандар мен іргедегі өзбектерден үлгі ала отырып, тездетіп латын харпіне көшуіміз керек. Өкінішке қарай, қазіргі президентіміз бұған толыққанды мойын бұрып отырған жоқ.

 Әрине, біздің жоғарыдағы көрсеткіштеріміз орыс тілімен біржолата қоштасуды білдірмейді. Иә, олардың мәдениетінде де әлем елдерін қызықтыратын жетістіктер көп. Бірақ сол мәдениетті әкелген ұлы адамдардың көпшілігі орыс ұлтынан емес. Кезіндегі орыстар финдермен де, шведтермен де, немістер мен француздармен де, түркі тілдестермен де мидай араласып, ассимилляцияға түскендіктен, бүгінгі Ресейдің мәдени-экономикалық және жаугершілік саладағы жеткен жетістіктерінде орыстан басқа да халықтардың үлесі ұшан-теңіз. Айналып келгенде, Ресейдің бүгінгі жетістігі, бір ғана халықтың емес, әлемдік бірнеше халықтың жетістігі.

Бүгінде ауылдың қандай жағынан болмасын мүшкіл күйіне байланысты ауылдағы еңбекке жарамды адамдардың негізгі дені, жастар жағы жаппай қалаға және қалаға жақын елді мекендерге келіп орныққаны белгілі. ЖОО-нын бітірушілер де базарда арба сүйресе де қалада қалудың түрлі амалын ойластыруда. Бірақ бұдан қала қазаққа толды екен деп даурығудың түк те керегі жоқ. Бұл үлкен апатқа айналуы мүмкін. Өйткені олардың қалаға келген бөлігінің көпшілігінің үйге тіркелу құжаты жоқ. Олар негізінен біреулердің үйінде жалданып, әйтеуір бір күйкі тірлікпен нанын тауып жеп жүр.

 Мейлі, қалай болғанда да қалада қазақ көбейгені шындық. Енді осы келген қазақтардың балаларының ұлттық тілінің беталысына кім көңіл бөліп жатыр? Парадокс деп жүргеніміз, дәл осы жерден басталады. Бала үйінде өзара қазақша сөйлессін делік. Бірақ ата-ана оның телеэкрандағы балаға қызықты етіп көрінетін орыс тіліндегі мултьфильмдерді қарап, мәз болып отырған түрінің болашағына көңіл бөлмейді. Ал шын мәнінде, қазақ тілінің астына қойылған нағыз жарылғыш заттың өзі дәл осы. Әке-шеше анда-санда: «Әй, үйтпе, бүйтпе» деп жекігені болмаса, олар баласына бәлендей қазақ тіліндегі тәрбие беріп жарытпай жүргенін өздері де аңғармайды. Рас, орыс тілді мультфильмнің сюжеттік қойылымы өте терең және эпизодтары минут сайын өзгеріп, баланы бірден өзіне баурап алатын болғандықтан, кез келген бала тапжылмай отырып соны көреді. Ал қазақ тіліндегі мултьфильмдерді қоссаң, бір бала батыр аттың үстінде жарты сағат шабады. Немесе, жалмауыздың көзін ойып алу үшін тағы да жарты сағат әлекке түседі. Мұндай сюжеттік мазмұны әлсіз, әрі минут сайын қызықтыратын эпизодтық қойылымдардан ада мультфильмдерді бала қайдан көрсін, ол орыс тілін білмесе де сол орыс тіліндегі қойылымдардың қызықты эпизодтарына бола соны тамашалайды да, орыс тілін де бір мезгілде санасына сіңіре береді. Сөйтіп, әлгі қазақ баласын өзіміз қолдан мәңгүрт жасап отырмыз. Екіншіден, балабақшадан немесе мектептен келген соң кеш батқанша үйге кірмей далада ойнайтыны белгілі. Сол бала демалыс күндері мен мерекелік күндері мұндай ойындарға жарты күнін арнайды. Ал ауладағы неше түрлі ұлттың өкілдері болып келетіндердің тілі орысша. Ойын баласы осылайша ойын тілін де (орыс тілі) тез меңгереді. Сондықтан қазір ауылдан келіп жұмыс таба алмай жүрген ұлтжанды қазақтың балаларының тілі орыс тілінде шықпауының алдын алуымыз керек. Менің ойымша дәл осы шараны елеусіз қалдырсақ, онда қазақ тілі мемлекеттік тіл болудан қалады дей беріңіз.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлия ТАУКЕНОВА 24.06.2022, 12:50
Мерғалиға ауылдың бір көшесін неге қимадық?
М.СӘУЛЕБЕК 23.06.2022, 16:40
Түркістан медицинасы үздіктердің қатарында аталды
М.СӘУЛЕБЕК 22.06.2022, 16:50
Мегаполис атанған Шымқалада не өзгерді?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.06.2022, 11:00
Флораға жұтаң Қарағанды шөлейттегі шаhар ма?
М.ЖӘНІБЕКҰЛЫ 22.06.2022, 08:36
Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 21.06.2022, 11:40
«Билайн» балаларды неге соттайды?

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33