Қазақ-түрік лицейлерінің орнын немен толтырамыз?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

01.12.2021, 09:20

1343

Түркітілдес мемлекеттер арасында мәдениет, тіл, тарих секілді рухани  ортақ мүддеге байланысты  қызығушылық  қайта ояна  бастағандай. Қазір түбі бір елдердің сөздері барған сайын табанды түрде естіліп келеді. Биылғы  қараша айында жаңа ресми атауға ие болған Түркі мемлекеттері ұйымының ынтымақтастық кеңесінің VIII кеңесінде жоғарыдағы елдердің  жетекшілері    мәдени-ағарту және экономикалық одақ құру қажеттігі жайлы бастама көтергеніне куә болдық. Саммитте әр көшбасшының достастықтың тамырын тереңдету жөніндегі ұсыныстары көңілге қонымды.

Қазақстан президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев Ыстамбұл саммитінде халықаралық IT-стартаптар технопаркін, сондай-ақ сутегі энергетикасын дамыту бойынша консорциум  құру жөнінде бастама көтерді. Білім беру саласындағы ынтымақтастық болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы екенін меңзеген Қасым-Жомарт Кемелұлы бауырлас мемлекеттер арасында   ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырған жөн деп есептейді. Президенттің пікірінше, оны «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болады. Осы орайда, көкейге елімізде  ашылған  қазақ-түрік лицейлерінің тарихы мен тағдыры ой салды.

1992 жылы Қазақстан мен Түркия президенттері – Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғыт Өзалдың келісімімен жұмысын бастаған оқу ордасы  білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытты.  КАТЕV халықаралық қорының құрамындағы 27  мемлекеттік лицей   отандық білім кеңістігінде  түрен жол салды. 2016 жылы ол кенеттен «Білім-инновация» лицейі болып атауын өзгертті. Өзгеріске ұшыраған лицейдің  тағдыры лицеймен ұштасқан талай түлек пен ата-аналарды қайран қалдырды. Көпшілік  бұл өзгерісті Түркиядағы  саяси төңкеріске себеп болды деп жорамалдады. Мәселенің саяси салдарын іздеу бізге артық іс. Негізгі  айтпағымыз, сом алтындай сүбелі білім шаңырағы мемлекеттің мерейі еді.

– Қазақ-түрік лицейінің жетістігі мынада дер едім: зияткер, тұлғалық тұрғыдан толыққанды дамыған, ұлтжанды, адамгершілік қағидаларына қаныққан, көкірегі ашық ұрпақ қанаттандырды. Ендігі ерекшелігі – оқушылар сабақ барысында игерген білімін қолданысқа қиналмай енгізіп, соған орай салиқалы шешім қабылдауға икемді болды.  Бұл тұтас бір ұлтты қалыптастырудың жиынтығы емес пе? Лицейдің басты миссиясы да осы болатын. Олар жоғарыдағы үдерісті берік сақтады. Осылайша шатқаяқтап қалған Қазақстандағы жалпы білім беру саласына оң бетбұрыс  әкелді. Білім берудегі озық қағидаларды қалтқысыз сақтау арқылы қысқа уақыт аралығында лицей бетегелі биік жетістіктерді бағындырды, – дейді  2005 жылғы түлектің әкесі Қанат Ысқақ.

Мультиинструменталист жеткіншектерді қанаттандырған қазақ-түрік лицейлері   біздегі орта  білімге  креатив әкелді. Тәуелсіздікпен құрдас құтты шаңырақ дәурені жүріп тұрған шақта 25 мыңнан аса түлек ұшырған. Білімдегі жетістігін тізбектесек ұзаққа кетеді. Атауын өзгертетін 2016/17 оқу жылы  біздің еліміздегі лицейліктер облыстық, республикалық және халықаралық пән олимпиадаларынан 900 медальді қанжығасына байлаған. Бұл тек  бір ғана жылдың жетістігі. Төрт тілді еркін меңгеріп шыққан шәкірттер жаhандық ерекшеліктерге қарамастан, таңдаған  университеттеріне қиналмай түскен. Қазақ-түрік лицейін тәмамдағандардың басым көпшілігі әлемнің көшбасшы Гарвард, Оксфорт, Массачусет университеттерін бітірген. Түрік оқытушылар  төл өрендеріміздің оқуға ынтасын арттырып, өр қабілетін оятудың кілтін  қалай тапты демеске лаж жоқ.

            «Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады...»

Физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмаділдаев: «Кезінде  қазақ-түрік лицейлеріндегі мұғалімдердің 90 пайызы ерлерден құралды. Олар өз істеріне мығым болды. Соған орай, оқушылары  жоғары  нәтижеге қол жеткізді.  Ата-анадан көк тиын алмады, мемлекетке ешқашан алақан жаймады. Сөйте тұра, шәкірттерінің барлық қажеттігін ашты. Баланың қиялы шексіз, әлбетте. Алдында отырған оқушы қандай да бір тапсырманы орындауға бейілдік танытса, қайткенде қалауын орындады. Еркін саудада жоқ кітабын тауып әкеп алдына қойды.  Оған кеткен шығынды бұлдамады, ешкімнің мойнына және артпады. Мұндағы оқыту әдістемесінің ерекшелігі – ә дегеннен жаратылыстану пәндерін халықаралық қатынас тілінде өткізді. Соның арқасында қазақ балаларын  әлемдік білім сайыстарына шығарды. Әңгіме істе емес, нәтижеде екенін дәлелдеді.  Тәрбие беру тұрғысынан да алда болды. Олар бұл бағытта да оқушылардың жүрек қалауына жол таба білді.  Мәселен, тәрбиешілері балалардан бір қадам қалмай, қоса еріп  жүрді. Футбол алаңында шәкірттерімен теңесіп, теңбіл доп тепті. Балалар  табиғат аясына тәлімгерлерімен бірге серуенге шықты. Кейбір жасөспірімдер ата-анасы дарытпаған қасиеттерді ұстаздарының бойынан алды. «Ұстаз – аға – мұраттас» ұғымын тең ұстады. Мен білген ҚТЛ-дың озық тұсы осы еді», – деп үлкен білім шаңырағын  еске алды.   

Қазақ-түрік лицейлерін қазір  жадымызда ғана  жаңғыртамыз. Түбіміз ортақ Татарстан мен Қырғызстанда осы оқу орындары сақталып қалды. Мәселен, қырғыз ағайындар лицейді жабу жайлы хабар түскенде Түркия мемлекетінен оның  орнын басатын жаңа  мекеме сұрап талап қойған.  Қырғыз тарапының сұранысын қанағаттандыру үшін Анталиямен келісім жүріп жатыр деген ақпарат бар.   

Біздегі «Білім-инновация» лицейлері байырғысының көрсеткішіне жете ме? Республикамыздың әр өңірінде  қазақ-түрік лицейлерінің ізімен   ашылған дарынды балаларға білім беретін «Дарын», «Мирас», Назарбаев зияткерлік мектептері аталмыш оқу ордасының білім-тәрбие ісінде толтырған кеңістігін  толықтыра ала ма? Бұл орайда, біз ескі сарынды аңсап отырған жайымыз жоқ. Бірақ бүгінгідей түркі мемлекеттерінің қарым-қатынасы жаңа қырынан қылау берген тұста  қазақ пен түрікке ортақ жаңа тұрпатты жалпы білім беретін оқу орнының қажеттілігі туындап отырған секілді. Сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?

Тегтер: білім онлайн оқу офлайн оқу қаулы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15:50
Күнде бір отбасыға үй әперейік!
Жарас ШӨКЕ 15:23
Қаңтар оқиғасын зерттейтін комиссия құрылды
Сайт әкімшілігі 00:00
Qantar 2022: Алматыдағы уақытша изолятордан 11 адам босап шықты
Нұрболат ӘЛДИБЕК 25.01.2022, 17:36
Сапарханның «отставкасын» қолдаған Сапарбаев өзіне келгенде неге үнсіз?
Сайт әкімшілігі 25.01.2022, 17:23
Зейнеп Ахметова:"Бауыржан Момышұлы 4 күн бойы жерленбей жатып қалды"
Ермек Мұқанғалиев 25.01.2022, 11:46
Қазақ қайткенде ұлттық болмысын сақтап тәуелсіз ел болып қала алады?

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48