08.06.2023, 13:13
2078
«Әлхамдулилла, мұсылманбыз». ХХ ғасыр басында Әлихан айтқан сөз бұл. Яки қазаққа мұсылмандық шын кеш сіңгендей көрінеді. Шохан Уәлиханов қазаққа дін VIII ғасырларда келсе де, XIX ғасыр соңына дейін шамандық белгілер сақталып келеді» дейді. Расында ол белгілер біздің қазақы исламмен астасып кетті. Х ғасырда біздің елдің территориясынан Еділ өзініне саяхат жасаған араб саяхатшысы Ибн Фадлан: «Оғыздар жеріне келдік. Олар саудагер арабтармен жақын араласу үшін ғана біз айтқан сөздерді, яғни «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген сөздерді қайталайды. Бірақ былай шыға өз араларында «Бір Тәңірі» деген сөздерді көп айтады. Әйелдері жабық киінбейді. Бір түріктің үйінде отырғанда әйелі біздің көзімізше әурет жерін ашып қасып алды. Біз теріс қарап, «Құдай кешіре гөр» деп бетімізді жаптық. Сонда үй иесі, әйелдің күйеуі қарқылдап күліп, аудармашы арқылы: «Сендер біздің әйелдерді ашық киінді дейсіңдер. Бірақ біздің әйелдеріміз күйеулеріне шексіз адал. Бұл жабық киініп алған болып, өзгеге тәнін бергеннен әлдеқайда жақсы», деп жауап берді. Мойындау керек, түріктердің арасында жеңіл жүріс, бір-бірінің көзіне шөп салу болмайды. Егер ондай бола қалған жағдайда олардың көзін жояды. Екі ағашты иіп, ортасына адамды байлап, ағашты жібере салады».
Яғни оңтүстік өңірлердің өзінде әйелдер жабық киінбеген. Ал бүгінгі әйелдер киімінің өзі қазаққа дінмен бірге келген сияқты. Ұзын етек, орамал… Бірақ оның бәрі қазақта жасына сай болатын. Мысалы, қазақтың қызы балиғат жасына тола салып жабық киінбейді. Ол бөрік киген. Шашын бір өрім етіп өріп, көрсетіп жүрген. Бұл әлеуметтік статусты білдіреді. Шашы бір өрімді қыздың басы бос деген сөз. Ол күйеуге шыққанда қос өрім болады. Яғни жұбы бар. Демек күйеуге шыққан келіншек те бірден шашын бүркеп алмаған. Бұрымын түсіріп, орамалмен шарт түйген. Ал күйеуінен айырылғанда шашын жайып жіберіп жоқтайды.
Кимешек сары қарын бәйбіше болғанда киетін киім. Яғни қазақ қыздары жасына, әлеуметтік статусына сай киінген. Оның киінісіне қарап-ақ бейтаныс кісі қалай сөйлеу керектігін біліп отырады. Француздардың «мадам», «мисс», «мадмуазель» деп сөйлейтін мәдениетін білесіз ғой, қазақта бұл мәдениеттің тіпті жоғары деңгейі болған. Өйткені еуропалықтар киіміне қарап, әйел статусын анықтай алмайды. Арабтың да киім үлгісінде мұндай айырмалар жоқтың қасы. Ешбір мұсылман елінде қазақ әйеліндегідей еркіндік, таңдау мүмкіндігі болмаған. Қазақ қызының күнін өте бейшаралыққа жеткізген негізінен ХХ ғасыр болатын. Бірақ олар бүгінгі біз секілді артта қалған елдермен емес, қазақ қызын дамыған елдердің аруларымен салыстырды.
ХХ ғасыр басында Әлиханның сөзімен мұсылман екенімізді дәлелдедік. Бүгін қазақ екенімізді дәлелдей алмай әлекпіз. Өйткені «Қазақпыз ғой» деген сөз бар ел арасында. Бұл ХХІ ғасырда кез келген қазақ айтатын сөз. Екі түрлі жағдайда қолданылады. Ойға алған жұмысты олпы-солпы жасағанда және жан қысылып, өзге қазаққа күнің түскенде. Екі жағдайда да ақталу секілді көрінеді. Бірақ...
Бірінші жағдай. Шақырылған жерге кешігіп барғанда «қазақпыз ғой» дейміз. Бір құрылысты бастап, соңына дейін бітірмей, немесе қалай болса-солай жасай салып, төрт-бес қадам артқа шегініп қарап тұрамыз да: «Қазақпыз ғой, бізге болады» деп шырт түкіріп, қолымызды бір сілтейміз. Құдалық, той-томалақтарда өзіміз мәнін ұмытқан, тіпті ойдан шығарылған ырым-тыйымдардың бәрін жасап, сол түсініксіздіктен өзіміз шаршап: «Осылардың бәрінің не керегі бар?» деп әңгіме бастаймыз. Сол әңгіме сыннан басталып, «қазақпыз ғой» деген сөзбен, көндігумен аяқталады.
Осы жағдайлармен қарағанда «қазақпыз ғой» деген сөз көндігудің синонимі іспетті. Ескірген жөн-жоралғыларға ғана емес, нашар, көріксіз һәм сүреңсіз өмірге көндігудей көрінеді.
Екінші жағдай. Базарда, жол патрульдік қызметкерінің алдында немесе тағы да сол сияқты қазақтың қазаққа ісі түскен сәтте тірлік оң біту үшін «қазақпыз ғой» дейміз. Одан мейірім, шапағат күтіп, туыстығымызды алға тартамыз.
Екі түрлі жағдайда айтылатын осы бір екі ауыз сөздің астарында бар қазақтың қасіреті жатқандай көрінеді.
Бірінші жағдайда өзімізді-өзіміз көріксіздік пен сүреңсіздікке қиюымыз – қазақтың қанша жыл езгіде болғанынан. Екінші сортты ұлт болғанынан. Өз жерінде некесіз туған баладай қымсынуынан туындаған сыңайлы. Бәйбіше баласы орыстан артылғанына күн көріп, өзімізді сол орында лайық санадық. Бұл ұлттың басындағы психологиялық жара. «Сендерге осы да болады» деген сыртқы өктем үн мен қазақы қанағаттың қосындысынан туған көнбістік «қазақпыз ғой» деген сөзді бірінші жағдайда айтуға бастайды.
Екінші жағдайда, туыстық, жақындығымызды алға тартамыз. Бұл 70 жылдың ғана емес, тұтас бодандыққа бас сұққан кезеңнің арқасы. Сол замандардан-ақ қазаққа «сексеуілді сексеуілге ұрып сындыру» әдісі қолданылды. Бір-біріне жау қылды. Сол жаулық алауыздыққа ұласып, репрессияда қаншама ұлт қаймақтарынан айырылдық. Яки сыртымыздан біреу бақылап тұрған замандарда қазақ қазаққа мейірім танытпады. Бүгінде сол тарихи шөл, мейірім шөлі бізді мазалайтындай. Бала жасында балмұздаққа қанбаған адамның өмір бойғы «мұз сүтке» деген махаббатындай бұл сезім. Яки екінші жағдайда айтылатын «қазақпыз ғой» деген сөз халқымыздың өз қандасының мейіріміне шөлдегенінен айтылады.
Қорыта келгенде, қазақ өз бағасын өзі ұмытуға шақ қалып, бір-бірінің мейіріміне шөлдеген, өзіне өзге ұлттың жаны ашымайтынына әбден көзі жеткен халық.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР