Қазаққа кім қымбат?

Жарас КЕМЕЛЖАН

17.05.2022, 12:40

1642

Өткен аптада қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа өзінің туған жері Бақанастың төрінде ескерткіш қойылды. Оның алдында ғана Қапшағай қаласының аты қазақтың арда ұлына беріліп, Қазақстан тарихына «Қонаев қаласы» деген атпен бір қала енген болатын. Мұның бәрі Қонаевқа көрсетілген құрмет, жасалған ізет!

Қоғамда Қонаев туралы әр алуан пікір бар. Екі жақтың да уәжінде қисын, дәйек жеткілікті. Егер ол, шынымен, қазаққа қызмет қылмаған басшы болса, өлгеннен кейін құрмет көрсетіле ме?  

Мұны неге айтып отырмыз? Мәселен, «Қазақстанның Тұңғыш президенті» деген экс-статусы бар Нұрсұлтан Назарбаевқа көзі тірісінде бірнеше мемлекетте, бірнеше жерде ескерткіш қойылды. Тіпті, астана мен әуежайдың да атын Назарбаевқа көзі тірісінде бердік. Оған «Қазақстанды құрушы» Әбішұлы: «Әй, бұларың не? Адамға құрметті өзі кеткеннен кейін жасамайтын ба еді?» деген жоқ. Қайта, өзі қатысқан жиындарда театрландырылған көрініс қойып, экс-нұротаншыл депутаттар ұсыныс жасап, оған экс-елбасы қарсы шыққан кейіп танытып, қазақтың отыз жылғы көз жасына салынған шаһарды бір-ақ күнде Nur-Sultan атап жібердік. Әуежай да солай көз алдымызда «ұшып» кетті. Ол аз десеңіз, Қазақстанның барлық облыс орталықтарындағы басты көшелерге елбасы есімі берілді. Қарсылық танытқан тұрғындардың пікірі ескерілген де жоқ. Осының бәрі сексеннен асқан Нұрсұлтан Назарбаевтың көзі тірі кезінде жасалды. Оған халық дауыс беріп, «берейік те берейік» деп жаныққан жоқ. Бұл шешімдердің бәрі Ақорда жақта шешіліп, сол жақта орындалды.  

Бір қызығы, көзі тірісінде ескерткіш қойылған Назарбаевтың тастұғыры көзі тірісінде қиратылып, әкімдіктің алдында «асылып» қалды. Қаңтар қырғынында талдықорғандықтар тұңғыш президенттің ескерткішін кәріз тазалайтын көлікпен тартып құлатып, сау-тамтығын қалдырмай, қиратып, аспаққа асып кеткен жоқ па еді? Бірақ елбасын тұғырынан тайдырған батыр жігіт Батырбаевқа Жаңа Қазақстанның құқық қорғау орындары құрмет көрсетпеді. Керісінше, Азаматты үтіктеп, адамға жасамайтын жауыздықпен қинады. Осыдан кейін қазаққа Қонаев керек пе, әлде Назарбаев па деген сұраққа әркім өзі жауап беріп көрсін.

Қонаевтың өзі өлсе де, артында жақсы аты қалды. Тіршілігінде қазаққа қылған қызметі ел ішінде әлі айтылып жүр. Ал Назарбаев ше? Ол – Қазақстанның тұңғыш президенті болды. Ол да ел басқарды. Қазақстанның атын алыс-жақын шетелге танытты. Бірақ халық неге оны Қонаевты жақсы көргендей, жақсы көрмейді? Неге Қонаевқа құрмет көрсеткендей, ықылас білдірмейді? Неге көзі тірісінде ескерткішін құлатты? Мұның жауабын әркім біледі. Бірақ айта алмайды. Осы уақытқа дейін айтылмай келді. Айтқан адам Тұңғыш президент туралы заңмен жауапқа тартылды. Жаңа Қазақстан осының бәрін өзгерту керек. Бірақ экс-елбасы өзіне көрсетілетін құрметтің бәрін өзінің бұйрығымен көзі тірісінде көріп болды. Қазақстан тарихында тұлғалар өз бағасын алатын күн алыс емес. Мейлі, ол үш жүздің басын қосқан атақты Абылай хан болсын, мейлі, ол Дінмұхамед Қонаев болсын, мейлі, ол Нұрсұлтан Назарбаев болсын – қазақты басқарған тұлғаларға тарихи баға берілуі қажет! Бағаның да бағасы болатынын тарих өзі таразылайды.

Әңгіме осымен тәмам! Сөз қуған пәлеге жолығады дейді. «Жас Алаш» бұл тақырыпқа қайтып соқпайды. Тұлғалардың бағасын тарих береді. 

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлия ТАУКЕНОВА 24.06.2022, 12:50
Мерғалиға ауылдың бір көшесін неге қимадық?
М.СӘУЛЕБЕК 23.06.2022, 16:40
Түркістан медицинасы үздіктердің қатарында аталды
М.СӘУЛЕБЕК 22.06.2022, 16:50
Мегаполис атанған Шымқалада не өзгерді?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.06.2022, 11:00
Флораға жұтаң Қарағанды шөлейттегі шаhар ма?
М.ЖӘНІБЕКҰЛЫ 22.06.2022, 08:36
Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 21.06.2022, 11:40
«Билайн» балаларды неге соттайды?

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33