Қазақшаң қашанғы мазақ болады, қазақ?..

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

13.10.2021, 09:09

953

      Тәуелсізбіз, азат елміз деп, бөркімізді көкке атып қуанамыз. Сол қуаныш құшағындағы отыз жыл ішінде есеңгіреп қалған ұлттық санамызды оятуға, құрып кетудің аз-ақ алдында қалған қазақ тілін сақтап қалуға әлі де тырысып келеміз. Өз елінде өз ана тілі үшін күресу  қасіреті тек қазақ халқына ғана тиесілі дүние шығар. Тәуелсіз елде мемлекеттік тілдің мәртебесі биікте тұруы тиіс еді, ал біздің ана тіліміз ресми маңызға ие орыс тілінің көлеңкесінен әлі шыға алмай-ақ қойды.

                                 Қазақша міңгірлеген шенеуніктер                               

      Жақында Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қарамағындағылармен мемлекеттік тілдің қолданылу аясы жөнінде онлайн форматта аппараттық кеңес өткізді. Қаладағы екі ауданның әкімі мен қала әкімдігіндегі әр бөлім басшысының қазақ тілін қаншалықты қолданатыны, қанша маманның қазақ тілін оқығаны туралы есеп берді. Әрине, шенеуніктердің есебі көңіл көншітерліктей емес. «Балық басынан шіриді» демекші, қараша халыққа үлгі болатын шенеуніктердің өзі қазақша білмесе, олар мемлекеттік тілдің қолданылу аясын қалай кеңейтеді?

       Қазыбек би ауданының әкімі Нұрлан Рыстин қазақ тілінде есеп бермек түгіл, екі ауыз сөздің басын қоса алмай тосылды. Былтыр халық алдында есеп берген осы әкімге тұрғынның бірі «Неге қазақша білмейсіз, отбасыңызбен қазақша сөйлеспейсіз бе?» деген сауалды төтесінен қойып қалған еді. Сонда Нұрлан Рыстин бір жылда ана тілін меңгеремін деп уәде берген-ді. Алайда уақыт өткенмен, Рыстин мырза қазақ тілінде сайрай алған жоқ. Қаладағы Октябрь ауданының әкімі Мейрам Кожухов та қазақ тілінде жарытып сөйлей алмады. Білдей екі аудан әкімінің үй тапсырмасын орындай алмаған оқушыдай міңгірлегеніне қала әкімі күйіп-пісті.

       «Мемлекеттік тілде айтыңыздар, қазір біз қазақ тілі туралы айтып отырмыз ғой. Бірінші сіздердің өздеріңізден бастау керек, ана тілінде өздеріңіз сөйлей алмайсыздар, ал сіздер саяси қызметкерсіздер. Жұмыс жасап жатқан жоқсыздар, әкімсіздер ғой, қайда қарап отырсыздар? Екеуіңіз бірінші қазақ тілінде сөйлеуді бастаңыздар, уақыт келді», – деді шыдамы таусылған Ермағанбет Бөлекпаев.

      Қаладағы сәулет және  қала құрылысы  бөлімінде де мемлекеттік тілдің қолданылу аясы төмен деңгейде екен. Мұндағы басшы Қуат Бектемісов бөлім қызметкерлерінің қазақ тілін неге қолданбай жүргенін қазақ тілінде түсіндіріп бере алмады.  

      Осы көріністен-ақ биліктегі мемлекеттік тілдің жағдайы аянышты екенін аңғаруға болады. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде билік те, елдегі өзге ұлт өкілдері де қазақша сөйлеген жоқ. Өзге ұлттың ішінде ауыл қазағының арасында өскен бірен-сараны ғана қазақша сөйледі. Мұндай тіл білген «ақылдыларды» әр өңірдегі тіл басқармалары төбесіне көтеріп, жыл сайын өзгеге үлгі етуден жалықпай келеді. Ал шындап келгенде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген ниеті байқалмайды, өйткені олар ресми тілдің Қазақ елінде әлі де ұзақ өмір сүретініне сенімді.

      Биліктегі саяси мамандардың арасында өз ойын орыс тілінде еркін жеткізуді қолайлы санайтын қазақтар көп болып тұрған соң, мемлекеттік тілге деген құрмет өзге ұлт өкілдерінде бола қоймасы анық. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін бірінші кезекте мемлекеттік қызметке қазақ тілін білетіндерді ғана алу маңызды. Бұл қадамға бармайынша, билік қазақша сөйлемейді және сөйлеуге де асықпайды. Ал өзі қазақ тілін білмеген саяси қызметкер мемлекеттік тілдің өркендеуіне енжарлық танытатыны анық.

        Әлеуметтік желіде елдегі өзге ұлт өкілдері «қазақтар тұрғанда Қазақстанда орыс тілінің дәурені өшпейді» деген қалжың аралас ойын айтуда. Құлдық санадан арылмаған қазақтың бүгінгі болмысы – осы. Сондықтан біз өз елінде өз тілінен басқасына орын бермейтін өзбек ағайынға қызығып қарауға мәжбүрміз.

                                             Желге ұшқан қаражат

       Азаттық алған отыз жылдың ішінде мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген қаражатта есеп жоқ. Әлемде өз тілін үйрену үшін қаржы шығындап жатқан қазақтан басқа ұлт жоқ шығар. Отыз жылда өбектегенде тілді менсінбей, оқып білуге тырыспағандарға енді қаражат шығындаудың қанша қажеттілігі бар?! Қазақ тілін үйретуді қойып, талап етуді бастаған абзал. Мемлекеттік тілді білмегендерді мемлекеттік қызметке, халыққа қызмет көрсететін мекемелер мен кәсіпорындарға жұмысқа алмаса, олар өз ақшасын шығындап, шамалы уақыттың ішінде тілді меңгеріп алады. Қазақта мемлекеттік тілге деген құрмет пен ұлттық намыс оянғанда ғана өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген ниеті түзеледі.

       Биыл Қарағанды қаласында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында 10 млн теңгеден астам қаражат бөлініпті. Билік бұл қаражаттың басым бөлігін мемлекеттік қызметкерлерге, бизнес өкілдеріне және қала тұрғындарына қазақ тілін үйретуге жұмсайды. Бірақ ол қаншалықты табысты болмақ? Өйткені мемлекеттік тілге деген қажеттілік жоқ елде ол бос әурешілік. Ендеше Қарағанды билігі бөлген 10 миллион теңге желге ұшқан қаржы болмақ.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АРЫҚБАЙ 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:57
Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз
Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ 20.10.2021, 12:35
Телеарналардағы ағаттықтың алдын алу керек
Нүкен БЕЙСЕНҒАЗЫ 20.10.2021, 10:03
Ескерткіштер – елдігіміздің белгісі

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31