Қазақстан білікті мамандарынан айырылып жатыр

Сайт әкімшілігі

03.03.2021, 09:55

988

Көптеген білікті мамандардың  жайлы  жер,  жоғары жалақы іздеп  шетел асып кетуі  елімізде ең  өзекті мәселеге  айналып  отыр.  Мәселен, Ranking.kz зерттеуіне назар аударсақ,  соңғы үш тоқсан ішінде 11,4 мың маман елден кеткен көрінеді.  Өкінішті.  Егер де  өткен  жылмен  салыстырып  қарайтын  болсақ, былтыр шетелге кеткен мамандардың үлесі 50,6 пайыз  болса,  биыл  олардың  саны  54,3 пайызға  жеткен.

     Еліміз  бойынша  білікті  мамандар (1,7  мың)   көп  кеткен аймақ –   Қарағанды  шаһары.   Ал одан кейінгі  орында Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар қалалары тұр. Сондай-ақ шетелге кеткендердің 3,3 мыңы – техника, 1,7 мыңы экономика мен педагогика мамандығын оқығандар  екен.  Қалғандарына   тоқталатын  болсақ, 561 дәрігер, 387 заңгер, 280 сәулетші мен құрылысшылар, 155 ауыл шаруашылығы саласының  мамандары.  Ал өзге  4000-ы әртүрлі мамандық иелері.

   Осы орайда, мұғалімдердің  шетелге жиі кетуіне қатысты  сұрағымызға ұстаз, түркітанушы Нұрдәулет Шаймұратұлы мынадай  уәж айтты:

— Жастардың шетелге кеткені дұрыс. Мүмкіндік болса мен де барар едім. Жас кезіңде жұмыс істемегенде қашан істейсің?! Жанды жалдап, тісіңді қайрап істеген жұмысыңның әділ бағаланғанына не жетсін?! Алайда ол жақты танысып көріп, тұрақтап қалып қою үшін емес, тұрмыс жағдайды жақсарту үшін ғана бару керек. Ұрпағымыздың  жат елде, тілін, салтын ұмытып, жат болып кеткенін өз басым қаламаймын. Қазір басқа елді қайдам, біздің елде рухани құндылық емес, материалдық құндылық маңызды саналады. Сананы тұрмыс билеп-ақ тұр. Адамды қолындағы барына қарап бағалайды. Жағдайың төмендеу болса, бұл қоғамда адам емессің. Ашығы солай. Сондықтан ұлттың тілін, салт-дәстүрін, ата-баба жолын, тіпті елі-жері – барлық рухани құндылық дегендерді ысырып қойып, күнкөрістің қамы үшін кетуге мәжбүр. Олай болғаны үшін оларға еш кінә таға алмаймыз. Жұмыссыздық пен қымбатшылық белең алды. Бәрі де бақуатты өмір сүргісі келеді.

       Мәселен, шетелде қандай бір фирмада жай қызметкер ретінде жұмыс жасаса, соны зерттеп, болашақта сол фирманы Қазақстанға әкеліп неге құрмасқа? Қандай тамаша болар еді! Осылай еліне де қызмет етсін! Ал мұғалім ретінде көзқарасымды айтсам, кейінгі жылдары мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, жағдайлары оңалып келеді. Жақсы жұмыстар жасалып жатыр. Оны жоққа шығара алмаймыз, – дейді Нұрдәулет Шаймұратұлы.

  Ал қоғам белсендісі, Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Қатауов мамандардың шетелге кетуінің себептерін былай топшылайды:

— Кейінгі кезде шетелге кететін кәсіби білікті жоғары мамандардың саны күрт өскен. Оның бірнеше себептері бар десек болады.  Біріншіден, еліміздің саяси жағдайы. Яғни ұлттық кадрларды көтермелеу, олардың жағдайын жасау, заңдық-құқықтың мәртебесін анықтайтын  мемлекеттік   бағдарлама жоқ. Еңбек кодексі де әлсіз. Екіншіден, әлеуметтік-экономикалық мәселенің төмендігі. Мәселен, жоғары білікті мамандардың жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасалмайды. Жалақылары төмен әрі көтерме қаламақы қаралмайды. Сонымен қатар кадрды көтермелеу жоқ.  Үшіншіден, сыбайластық, тамыр-таныстық белең алған. Төртіншіден, бюрократиялық кедергілер жетеді. Олай дейтінім, жұмысқа қабылдау конкурсы көптеген білікті маманның жұмысқа орналасуына үлкен кедергі келтіреді. Осы конкурсты шебер пайдаланған әкімдер мен басшылар өздерінің таныстарын жұмысқа алып, білікті мамандар өтпей қалады. Мұның  ақыры  өз  елінде  опа таппаған  маман шетелге  кетуге   тырысады, – дейді қоғам белсендісі.

     Жалпы айтқанда, жоғарыда айтылғандардың көбісі нағыз шындық саналады. Сол себептен де Қазақстанда білікті мамандардың шетелге кетуі үйреншікті нәрсеге айналған.  Елде мамандардың талабына сай жағдай жасалмағандықтан, мамандардың кетуіне еш реніш жоқ.  Тек бір өкініштісі, кеткендердің тең жартысы білікті мамандар. Бұл жағдай әрі қарай жалғаса берсе, келешекте елімізде ысылған,  тәжірибелі мамандардың тапшылығы  анық  сезілері  хақ. Ал білікті мамандарсыз елдің дамуы неғайбіл.

Тегтер: білім қаражат мемлекет мәселе онлайн оқу жоба ғалам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 12:27
Қазақстан – БҰҰ: мүгедектердің құқықтарын қорғау туралы заңнама
Сайт әкімшілігі 11:19
ҚазҰУ-дағы жатақхана құрылысының анық-қанығы
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:40
Бекшин мен Қиясовтың қаулысы елді індеттен құтқара ма?
Еңлік АБАҒАН 04.08.2021, 13:22
Қарасай ауданы: Қоймалжың батпақ пен қою шаң
Нұрболат ӘЛДИБЕК 03.08.2021, 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58