Қазақстан журналистерін орыс тілінде еске алу

Еңлік АРЫҚБАЙ

29.10.2021, 16:13

891

Қазақстан журналистер одағы ЮНЕСКО қамқорлығындағы халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығымен бірлесіп, отандық БАҚ-тың қалыптасуына елеулі үлес қосып, өмірден өткен қазақстандық журналистерді еске алуға арналған акция өткізді. Шара ЮНЕСКО-ның білім қоғамдарын құру жөніндегі идеяларын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында дүниежүзілік даму туралы ақпарат күні ұйымдастырылды.

Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың айтуынша, акцияны ұйымдастыруға ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов қол ұшын созды. Одан бөлек, шараға марқұм болған журналистердің жақын туыстары, қазақстандық баспасөз ардагерлері, ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов қатысты. Сөз кезегін алған қоғам қайраткері:

– Өздеріңізге белгілі, 1972 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы дүниежүзілік дамудың ақпарат күнін белгілеу туралы шешім қабылдады. Оның мақсаты –  қоғамның назарын даму мәселелеріне, сондай-ақ аталмыш мәселелерді шешу үшін әртүрлі елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Ассамблея бұл атаулы күнді 24 қазан – БҰҰ күнімен сәйкес келуі керек деп шешім қабылдады, – деді.

Өз кезегінде Сейітқазы Матаев Нобель сыйлығын алған «Новая газета» редакторы Дмитрий Муратовты құттықтап, «Новая газета – Казахстанның» ашылу тарихына аз-кем тоқталды. «Біз өмірден өткен журналистердің қоғам мен мемлекеттің дамуына қосқан үлесін есте сақтауымыз қажет», – деген ол бақилық болған журналистердің есімін оқып, бір минут үнсіздікпен құрмет көрсетуді өтінді.

«Көбі туралы естеліктер бар. Бұл күні біз өзімізге және әріптестерімізге жұмысты одан ары жалғастыру керектігін еске саламыз. Мемлекетке қажет емес еңбек болса да, ол қоғамға қажет. Оқырмандар жүректен шыққан, адал сөзге зәру», – деді О.Сүлейменов.

Сондай-ақ ол БҰҰ Бас Ассамблеясы ақпарат таратуды жақсарту және қоғамдық пікірді жұмылдыру, әсіресе жастар арасында даму проблемаларын түсінудің маңызды факторы болып табылатынын айтып, даму арқылы жақсы және тұрақты болашақты құру кедейлік, теңсіздік, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның нашарлауы, бейбітшілік пен әділеттілік сияқты жаһандық мәселелерді шешуге септігін тигізетінін жеткізді.

Одан бөлек, журналист Иван Хромовтың жесірі Валентина Хромова, қазақ журналистикасының ардагері Гүлжан Ерғалиева, «Дат» газетінің редакторы Ермұрат Бапи, «Новая газета – Казахстанның» бас директоры Александр Краснер, Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, журналист Сергей Пономарев және тағы басқалары сөз алды. Олар өткізілген акцияның жақсы бастама екенін айтып, оны жыл сайын дәстүрге айналдыру туралы ұсыныстарын жеткізді.

Осымен шараның ресми бөлігі тәмам делік. Десек те, жақсы шараны құртып тұрған дүние – орыс тілінде өткені. Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев акцияны жап-жақсы қазақ тілінде бастап еді, бірақ екі-үш сөйлемнен соң орысшаға көшті. Екіншіден, жиналғандардың дені  орыстілділер. Соның ығына жығылды деген күннің өзінде, қазақ тілінде жазатын журналистер де болды емес пе? Отыз жылғы тәуелсіздігімізде қазақ тілінің, қазақ журналистикасының деңгейі осы ма деген ойға еріксіз қаласың.

Сондай-ақ аты дардай, қазақтың датын айтады деген «Дат» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапидың өзі орысша сөйлегені ше? Сөз кезегі шындық деп шырылдап, әділ сөзді қылыш еткен Бапиға берілгенде қазақша сайрар деген үміт бар еді. Ол да үзілді...

Жиын барысында орыстілді журналистерді мақтап жатыр, кеудесіне «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін тағып жатыр. Құдай-ау, сонда солардан басқасы журналистикада еңбек сіңірген жоқ па? Олардың қазақтың әп-әдемі «Олжас» есімін, «Алжас» деп қайта-қайта айтқаны белгілі ақынымыз Олжас Омарұлын толғандырмайтын да сияқты. Бұл – біздің айтқанымыз емес, сонда отырған, қазаққа жаны ашитын жанашыр жанның ойы.

Олжас Омарұлы жүрген жерде Амантай қажы да жүретініне осымен тағы бір рет көз жетті. Азан шақырылғанда «намаз уақыты болды ма?» деп бір-бірімізге сұрау сала қарағанымыз сол еді, «қажымыздың» телефоны екен шырылдап жатқан. Әлде қария жиын барысында телефонды үнсіз режимге қою керектігін ұмытып кеткен сияқты. Ол да елден қалыспай сөз алды. Ешкім құлақ асып, парқын түсінбейтін батасын берді. Олжас Сүлейменовтің әр сөзіне айқайлап қолдау білдірді.

Сонан соң «Ақ Жайық» газетінің негізін қалаушы Әбділдә Мұқашевтің әпкесі Гүлжан Мұқашева тізімнен інісінің есімін таппағанда таңданысын жасыра алмады. «Тізімде «Ақ Жайық» газетінің негізін қалаған Әбділдә Мұқашевтің есімі жоқ. Ол 58 жасында онкологиялық аурудан көз жұмды», – – дегені сол еді, Сейітқазы Матаев: «Тізім әлі толықтырылады. Тәуелсіздік алғаннан бергі белгілі-белгісіз себептермен көз жұмған журналистердің бәрі  енгізіледі. Шамамен бір апта ішінде тізім толықтырылып, газеттерге жарияланады. Тек алматылықтарды ғана емес, облысты да қосамыз», – деп құтылғандай болды. Әу баста солай ойланды ма, әлде реніш білдірушілер пайда бола бастаған соң осындай шешімге келді ме? Ол жағы белгісіз.

Бір қуанарлығы – қазақ журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Бақытгүл Мәкімбайдың атынан журналистер сыйлығы тағайындалмақ. Келесі жылдан бастап республиканың барлық журналисі бағын Бақытгүл Мәкімбай атындағы байқауда сынап көрмек. Бұған Сейітқазы Бейсенғазыұлы уәдесін берді. Сөзінде тұрар-тұрмасын уақыт көрсетер.

Тегтер: пайым парасат қоғам пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:54
Қайта құрудан егемендікке дейін: Теміртауда «Өзгерістер уақыты» көрмесі ашылды
Сайт әкімшілігі 12:52
Жезқазғанда «Мен – Жас Қазақстандықпын» қала жастарының форумы ұйымдастырылды
Сайт әкімшілігі 11:15
«Экопатруль» жобасы Семей қаласының экологиялық проблемаларына назар аударады
Сайт әкімшілігі 10:02
"Омикрон" штамы туралы алғаш хабарлаған дәрігер жаңа симптомдарды айтты
Сайт әкімшілігі 08:52
Коронавируспен ауырып жатқан 397 адамның жағдайы ауыр
Сайт әкімшілігі 08:32
Лицензиясынан айырылған университет студенттердің құжаттарын қайтармай отыр

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30