Қазақстанда қызық қалмады...

Әділ АҚЫЛБАЙ

15.09.2021, 07:55

1521

       Соңғы бес жылдағы статистика көрсетіп отырғандай, Қазақстаннан жыл сайын кемінде 15 мың адам қол бұлғап кете барады, ал Қазақстанда тұрамын деп көшіп келушілер саны жыл өткен сайын азайып келеді.

        Мәселен, ресми деректер 2021 жылдың қаңтар-маусым аралығында Қазақстанға 4595 адам келіп, есесіне 14 192 адамның көшіп кеткенін көрсетеді. Қазақстаннан неге халық қаша бастағаны жайлы туралы пікірімен отандық баспасөздің бірінде әлеуметтанушы Ольга Симакова бөліскен екен. Оның ойынша, қолынан іс келетін мамандар Қазақстанның қазіргі күйіне қарап, бұл елдің ертеңінен үміт үзе бастаған екен.  

     – Қазақстанда орташа жалақы көрсеткіші елдегі ең жоғары айлықтар мен ең төменгі табысты санау әдісімен есептеледі. Нәтижесінде елде халықтың жалақысы жоғары деген жалған статистика шығады. Бірақ пандемия кезінде мемлекеттік қызметте жүргендердің, дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы шынымен де көп көтерілді. Дегенмен халықтың елден көшіп кетуіне жалақысы төмен болғаны себеп емес, негізінен, еңбек нарығында өзінің лайықты орнын таппағандар кетіп жатыр. Ел тұрақты жұмыс орнында өз білімі мен тәжірибесін кәдеге жаратқысы келеді, бірақ Қазақстанда ондай мамандар керексіз боп жүр. Мәселе – жалақының аздығында емес, кәсіби тұрғыдан өсіретін, білім-тәжірибе беретін жұмыс орындарының жоқтығында.

         Айтпақшы, шетелге барып оқыған студенттердің бәрі дерлік Қазақстанға қайта оралғысы келмейді. Қазақстанның тұла бойын жемқорлық жайлағанын басқа елге барып салыстырғанда түсінеді. Қазақстанда қызметтің бәріне тек тамыр-таныстық арқылы тұрасың, әділ бәсеке ешбір салада жоқ. Аға-көкең, крышаң болмаса, біздің елде өсіп-өнуің өте қиын. Меніңше, халықтың Қазақстаннан көшіп кетуіне басқа елдегі өмірдің сапасы мен ол жақтағы жұмысының бағалануы себеп. Шетелде әлеуметтік қолдау жағы жақсы, өсуге болады, тұрақтылық бар. Шетелде сұранысқа ие болатын мамандардың Қазақстанда жұмыссыз қалып, босқа қаңғып жүргені жасырын емес.

        2017 жылдан бері Қазақстаннан кетушілер саны күрт көбейіп, келушілер саны азайды. Бұл дегеніміз – Қазақстанның адам тұратын жер ретіндегі қызығы мен қасиеті қашты деген сөз. Күші кеше президент ең төменгі жалақы деңгейі көтерілетінін айтса, экономистер ел бюджеті мұндай салмаққа шыдай алар ма екен деген күдігін жасырмайды. Екінші жағынан, Қазақстан онсыз да әлеуметтік мемлекет. Сонда да ең төменгі жалақы көлемін көтеру туралы тапсырманы үкіметтің енді қалай орындайтыны мен үшін түсініксіз. Бюджет түсімі көбіне салықтар мен қосымша құн салығына тәуелді. Ал бизнестің көптеген салалары пандемияның кесірінен тұралап қалды. Халықтың табысы өсіп жатыр, экономиканың өсімі көтеріліп жатыр деген статистикалар, шындығында, өте күмәнді. Ертеңге ешкім сенбей отыр, содан шығар, халықтың Қазақстаннан кетіп жатқаны, – дейді сарапшы.

Тегтер: миграция өсім демография қоғам пікір пайым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АБАҒАН 15:30
Тағы да саяжайлықтар мәселесі
Сайт әкімшілігі 12:16
«Astana Media Week – 2021» биыл жаңашылдыққа толы болмақ
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39