13.08.2021, 09:59
4697
Қанымыз таза, дініміз берік, ата-баба дәстүрінен алшақтай қоймаған деген қазақ қоғамының ішінде кездесіп жатқан жынысын ауыстырушылар жақсылықтың нышаны емес. Шынымен бұған қарсы қоғам тарапынан ешқандай қимыл, іс-әрекеттің жасалмай жатқаны байқалады. Өзі қалаған тәніне өтіп, жалғанды жалпағынан басып жүргендердің тіршілігі шынымен адам қызығарлық па? Тек алдына келгенмен жұмыс жасап отырған арнайы орындар былайғы азаматтардың бойындағы «бұлқыныстарға» қайтіп қарайласады?
Осы орайда, елімізде жыныс ауыстыру отасын жасайтын маманның бірінен сұхбат алған болатынбыз. Алайда дәрігер аты-жөнін жарияламауды өтінді. Маңыздысы оның аузынан шыққан мәліметтер ғой.
– Жынысын өзгерткісі келетін қазақстандықтар жиі кездесе ме?
– Қазақстанда дәрігерлер көмегіне жүгінетін адамдар саны көп емес. Елімізде жынысты ауыстыру мәселесі нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі: 2011 жылдың 7 желтоқсанында үкімет осы бағытты реттейтін 1484 нөмірлі қаулысын қабылдаған болатын. Оған сәйкес, ең басты шарт – адамның жеке дербес шешім қабылдай алатын кәмелеттік жасқа толуы. Бұл – бір. Екіншіден, мұндай адам бір ай ішінде психиатриялық клиникада сәйкес психиатриялық тексерістен өтуге міндетті. Бұл жерде қажетті талдаулар мен зерттеулердің толық кешені жүргізіледі. Осыдан кейін жынысты ауыстыру туралы мәселе комиссия қарауына беріледі, егер комиссия шынымен де пациентте транссексуализм деп таныса, онда жынысты ауыстыру туралы шешім шығарылады. Бұл тұста транссексуализм мен гомосексуализмің айырмасын анық білгеніміз жөн. Бұл мүлдем бөлек түсініктер. Транссексуал – бұл өзін өзге денеде туғандай сезінетін адам деуге болады. Тағдыры осылай болды. Ол бала кезінен өзін басқа жыныстағы адам тәрізді ұстайды. Мінез-құлқы, әрекеттері, киінуі мен жүріс-тұрысы да соған ұқсас болады. Гомосексуализм – бұл басқа ұғым. Егер адам тәрбиесінің, сәннің немесе басқа да себептердің салдарынан біржынысты интимдік қатынастарға түсе бастаса, бұл ауытқумен жыныс ауыстыру арқылы емес, басқа жолдармен күресу қажет.
— Сіздерге көп жағдайда қай жастағы транссексуалдар жүгінеді?
– Бізге көбіне жастар – 30 жас шамасындағы адамдар келеді. Басым көпшілігі сондай. Ал батыста операцияны жасататындардың көбі қырыққа жақындап қалған азаматтар. Бірқатар елдерде дәрігерге келуден жынысты ауыстыруға дейінгі процедура 5-7 жылға дейінгі уақыт алуы мүмкін. Одан ерте мүмкіндік берілмейді. Бізде бәрін уақтылы жасаған жағдайда екі жылға жуық мерзім кетеді. Бәрі өтініш берушіге, оның қаржылық мүмкіндіктеріне, ағзасының жекелеген ерекшеліктеріне, операция жасайтын орын таңдауға байланысты жүреді. Гормоналды терапияға орта есеппен бір жыл кетеді. Оның ұзақтығы да әр адамға бөлек есептеледі. Бұл мерзім әртүрлі себептерге, біріншіден, пациенттің өзінің жауапкершілікті болуына байланысты, себебі кей адамдар бір кезеңде тоқтап қалса, кейбірі қандай да бір жағымсыз әсерлер мен асқынуларға байланысты үзіліс жасайды. Екіншіден, бұл адамның эндокриндік фоны, яғни сәйкес эндокриндік сырқаттардың, қандай да ерекшеліктердің бар-жоғына байланысты. Пациент басқа жыныста, басқа денеде өмір сүруге дайын болуы үшін психологиялық жұмыстар жүргізіледі. Гормоналды терапиядан кейін көпсалалы комиссия қайта жиналады. Ол психиатрлар, урологтар, гинекологтар, психологтар, эндокринологтар, терапевтер, невропатологтардан тұрады. Олар пациенттің жынысын хирургиялық жолмен өзгертудің мүмкіндігіне қатысты шешім шығарады.
— Транссексуалдар операцияны Қазақстанда жасата ала ма?
– Иә. Операция бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен сүт бездері ауыстырылады, олар алынып тасталады немесе салынады, кейіннен біраз уақыт өткеннен кейін жыныс органдарына пластикалық операция жүргізіледі. Операция құны айтарлықтай қымбат, 10-15 мың долларды құрайды. Құрама Штаттарда бұл баға 40 мың долларға дейін барады.
– Өздерін әйел адам ретінде көретін ерлер көп пе немесе керісінше ме?
– Қай топтың көп екенін нақты айта алмаймын. Жалпы алғанда, мен комиссия құрамында болған кезде ер адам болғысы келетін әйел азаматтарды көп байқадым. Бұл бірқатар факторларға байланысты болса керек. Өзін ер адам ретінде көретін әйелдер батыл, ер мінезді болып келеді. Сәйкесінше өз алдына қойған мақсаттарға қол жеткізуде табанды болады. Алайда статистикаға сүйенсек, бірқатар басқа да елдерде әйел адам болғысы келетін ерлер жиі кездесіп жатады. Бұл жағдайдың нақты себебін айта алмаймын.
Әлемдік деңгейде халықаралық аурулар жіктемесінен орын алған бұл дертке көптеген мемлекеттер заң жүзінде оң көзбен қарап, өзгеріске енулеріне рұқсаттарын беріп қойған. Сондықтан ол, мейлі, қандай ауытқушылықпен болсын, одан кейін ресми тіркеліп пе, жоқ әлде жеке клиникалардың қызметіне жүгініп жатыр ма – бәрібір, әркім өз дегеніне жетуге мүмкіндіктер молынан жасалуда. Оның үстіне осы қадамға бару қолжетімді жағдайға айналғандай.
Ота жасаушы маманның сұхбатынан кейін бүгінгі заманда халықаралық деңгейде «модаға» айналған транссексуализм ұғымы дерттен гөрі «ерекшелікті» дәріптейтіндей әсер сыйлайды. Табиғат берген қалыпқа «қасқая» қарсы тұрып, еркектің әйелге немесе тумысынан нәзік жанның еркектік тәнге өтуі жаратылыстың бергеніне көнбей, дегеніне қол жеткізген «жанкештінің» әрекеті сынды.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР