26.05.2023, 09:51
3337
Қытайдың tuliu.com деген сайты бар. Сөзбе-сөз қазақшаласаңыз, «топырақ ағыны» деп аударылады. Ақпарат әлемінде он шақты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан портал. Сайтта Қытайдағы және шетелдердегі сатылатын жер телімдері туралы ақпарат енгізілген. Бірнеше жылдың алдында осы порталда Қазақстандағы сатылымға шыққан жер телімдері туралы ақпарат таралып, қоғам белсенділері мәселе көтеріп еді, кейін басылып қалды.
Өткен аптада осы тақырып қайтадан қоғам талқысына түсті. Әлеуметтік желіде Қытайға қатысты жаңалықтар жариялап тұратын Ерлан Мазан деген желі қолданушы аталмыш сайтта жарияланған Қазақстан жері туралы мәселе көтерді. Бір қызығы, бұл жолы ақпарат оттай лаулады. Оны кейбір желі қолданушылар президенттің Қытайға жасаған сапарымен байланыстырып жатты. Ал анығында бұл сайт бұрыннан бар, ондағы метериалдар да бүгін ғана салынған жоқ. Ол жерден Қытайдағы ғана емес, шетелдердегі қымбат жер телімдері туралы да ақпарат таба аласыз.
Қазақстаннан «Топырақ ағымына» үш жер телімі жарияланыпты. Соңғысы сәуір айында ілінген көрінеді. Жалға берілетіні де, сатылатыны да бар. Мәселен, көлемі 900 000 му (Қытайдың жер өлшемі, 1 гектар 15 муға тең) деп тұрған әлгі үш жердің біреуін алайық. Мұның 1 муының 1 жылдық ақысы 19 июань деп көрсетілген. Ал 900 мың мудың бағасы 17 млн 100 мың июань болады. Оны теңгеге айналдырсаңыз, 1 млрд теңгеден асып жығылады екен. Қалған екі жер телімін де осылай есептеп шығара аласыз. Тағы бір ерекшелігі порталда жер телімдерінің құны ғана емес, суармалы немесе тақыр дала екені де анық көрсетілген. Соған сай бағасы да нақтыланған.
Әлеуметтік желіде осы мәселе жарияланысымен, ауыл шаруашылық министрлігі жауап берді. Комитет төрағасы Мұрат Теміржанов желідегі жұртқа жауап қатып, аталған ақпараттың жалған екенін мәлімдеген. Мәлімдемеде шетелдіктерге жер телімдері сатылмайтынын, жалға да берілмейтінін айта кетіп:
«Әлеуметтік желіде жарияланған Қытай елінің сайтындағы Қазақстан аумағындағы жерлердің сатылатындығы туралы ақпарат жалған екендігін мәлімдейміз», – депті комитеті төрағасы. Министрлік мәлімдеме жасағанмен, осыны жариялап отырған сайтқа қатысты қандай да бір шара қолданылатыны туралы тіс жармады. Министрлік өкілі жалған ақпарат деп атаған Қазақстан жері әлгі порталда әлі ілініп тұр.
Жер – қазақтың жанды жері. Ал шетелдіктерге жер сату немесе жалға беру туралы әңгіме талқыланбайтын тақырып. Қытай сайтына жер телімін кім салып, кім сатып жүр? Бұл сұрақ әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр. Сайтты жоққа шығарып, ақпараттың жалған екенін айтқан желі қолданушылар порталға ілген адамның «Баха Ағасы» деген атпен тіркелгенін айтыпты. Журналист Алмат Әбдіраман өзінің фейсбук парақшасында жерді порталға ілген адамның қазақ екенін және Қытайда тұратынын меңзеп жазған. Оған бірнеше түрлі дәлел-дәйек те келтірген. Ол жер сатушының Қазақстанда тұрмайтынын да айтады.
Бұрын сайтта жер сатушының телефон нөмірі тұратын, қазір арнайы код қойылыпты. Сондықтан порталдан материалды салушыны да, сатушыны да табу қиын шаруа. Оған қоса біздің құзырлы органдар бұл жағдайға қатысты ләм-мим демей, өзі де екі дай болып тұрған қоғамның діңкесін құртады.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР