ҚазАТК кімнің "жеміне" айналмақ?

Айжан БҮРКІТБАЕВА

20.10.2020, 04:38

1281

Тоқсанды алқымдаған білім ордасы 38 жастағы министрдің қолынан құрдымға кетпек.  Шынашақты шынтақтан айыра алмайтын Білім және ғылым министрлігі академиядан бөлек, шаңырақ астындағы адамдар тағдырын таразыға салып отыр.

6-қазан күні Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі еліміздегі ең көне ЖОО-ның бірі – М.Тынышбаев атындағы ҚазККА-ның бас лицензиясынан айрылғанын хабарлап, жұрттың жағасын ұстатқан еді.  Тағып отырған айыптарын теріп алуға болады. Сондағысы, «ЖОО профессорлық-оқытушылық құраммен, қажетті әдебиеттермен, өндірістік практика базаларымен тиісті түрде қамтамасыз етілмеген, ал түлектер жағы жұмысқа орналаса алмайды» деген жағымсыз жала ғана.  Сонымен қатар БҒМ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының шашбауын көтеріп, ҚазККА білім беру бағдарламаларының 60 пайызы жұмыс берушілердің талабына сәйкес келмейді деп көрсеткен рейтингін растап отыр.  

Бұл тұрғыда профессор Бауыржан Досқараев тағылған айыптардың желеу сөз екенін айтады:

– Университетті тек формализм үшін ғана жауып отыр. Оның біріншісі, конкурстың кешіктіріліп өткізіліуі.  11 қыркүйек күні өткізіулі тиіс жиын, 28-күні орын алған.  Бұл шараның кешіктірілу себебі ректордың ауысуы болып отыр. Екіншісі, маусым айында болған конкурстан өтпей қалған 2 ұстаз университетке жала жауып, арыз жазған. 2 адамның қателігі үшін, конкурс кешіктірілді деген желеумен академияны лицензиясынан айырып отыр. Басқа айтқан сылтауларының барлығы шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар «Атамекеннің» берген мәлімдемесін басты назарға ұстап отыр. Бізден диплом алған түлектердің жыл сайын 90 пайызы жұмысқа орналасып кетеді. ҚазККА –  Қазақстандағы ең мықты ЖОО-ның бірі. Мысалы, былтыр Мәскеу көлік инженерлер институтына жол түсіп барғанда, университет ректоры осы сала бойынша «Орталық Азиядағы мықты маман дайындайтын білім ордасы ҚазККА» деп көрсеткен болатын. Осындай дәрежеге  10-20 жылда қол жеткізу мүмкін емес. Бұл үлкен тарихы бар жоғары оқу орны.

Америкада Вирджиния штатындағы профессор Олжас Таниветтің айтуынша, ел министрлігінде 26 ғана адам қызмет етеді екен. 8 жылдың ішінде университетті бірде бір рет тексермеген. Бірақ АҚШ ЖОО-лары білім деңгейі бойынша алғашқы орындарды иеленеді. Бізде тексеріс шамадан тыс көп, алайда оң нәтиже беріп жатқан жоқ.

Аудандық, облыстық өңірлерде талапқа мүлдем сәйкес келмейтін ЖОО жетерлік. Олардың шаңын сүртуге министрліктің шамасы жетпейді ме? Алдымен, тексерісті біліктілігі төмен университеттерді жабудан бастау керек.

Қазір министрлік 5000 студент пен 500 білім берушіні алаңдатып қойды.  «Студенттерді басқа университетке орналастырамыз» деп мәлімдеме жасап отыр. Қаншама жастар ҚазККА-ны армандап, осы ЖОО-ның дипломын аламыз деп оқуға түсті ғой. Осы тұрғыда БҒМ жастардың болашағына балта шабуда.

– Онлайн білім алып жатқан студенттеріміз жағымсыз жаңалықты ести сала, университет алдына келіп, митинг ұйымдастыратындарын айқан болатын. Сабырға шақырып, әрең ұстап отырмыз. Егер алаңға жастар шықса, арты жақсылыққа ұласпайтыны белгілі,  –  дейді Бауыржан Досқараев.

Сыныққа сылтау іздеген министрліктің талаптарын негізсіз деп тануға болады. Себебі, бүгінде ҚазККА практика базаларына байланысты  300-ден астам келісімшарт жасаған. Оның ішінде, белгілі кәсіпорындар да бар. Мысалы, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы, «Транстелеком» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Алатау Жарық компаниясы» АҚ және т.б.

Өткен жылы білім ордасын 1189 түлек тамамдап, 71 пайызы жұмыспен қамтамасыз етілген. 

Академия кітапхансында миллионға жуық кітап қоры бар. Оның 5000-нан астамы электронды кітаптар.

2019-2020 оқу жылында ҚазККА мен «Атамекен» ұлттық Кәсіпкерлер палатасы бірлесіп өткізген бакалавриаттың 14 білім беру бағдарламасы бойынша М.Тынышбаев атындағы академия жетекші орынды иеленген. 

2020 жылғы Акредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі өткізген Қазақстандағы барлық ЖОО ұлттық  рейтінгі бойынша ҚазККА 13-орынға жайғасқан. Ал бакалавриат, магистратура, докторантуралық білім беру бағдарламалары бойынша университет 1-3 орында қанжығасына байлаған.

Сонда, Аймағанбетов басшылық ететін аттылардың айласы тырнақ астынан кір іздеу емес пе? Талаптарды қанағаттандырып отырған ЖОО-ды жабудың министрге ғана айқын басқа себебі болса керек-ті.

Бұл тұста белгілі кәсіпкер, «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай аталған жағдай министрліктің тағы бір құйтырқылығы дейді:

– Талай жылдық тарихы бар академияны біреу қолға алғысы келіп тұрған секілді. Сол үшін министрлік ҚазККА-ны бас лицензиясынан айырып, жекеменшікке өткізуі әбден мүмкін.

Қазақстанда теміржол саласында 141 мың адам жұмыс істейді. Ал осы сала айналасында жүрген бизнес компаниялар 60 мыңды құрайды. Сонда 200 мыңдай адам, тек қана, теміржол саласында қызмет атқарады екен. Қазіргі таңда транспорттық мекемелерде теміржолшылар үлкен сұранысқа ие. Соны біле тұра, университетті неліктен жапқаны түсініксіз. Мысалы, қазір жаңа жолдар ашылды, жаңа паравоз,  локомотивтер қойылып жатыр. Яғни, теміржол саласына мамандар қажеттілігі жыл сайын артуда деген сөз. Сондықтан  ҚазККА-ны жабудың артында бір шикілік бар. Оны арнайы лицензиясынан айырып, қалтасы қалың біреу өз меншігіне алып алмақшы.

Университетте білім сапасы нашар деп жазыпты. Сапалы мамандар дайындаған кезде, оның үстіне, көлік, теміржол мамандарын даярлайтын білім ордасында білім сапасының төмен болуы мүмкін емес жағдай. Оны объективті ой деп санамаймын. Қазіргі таңда елімізде саяси дағдарыс белең алуда. Соны пайдаланып біреулер ойын жүргізіп отыр. Осы университетті қолды қылу үшін ойларын іске асыру үстінде. Бұл – нағыз сұмдық, сорақы нәрсе. Мұны тоқтату керек. Мәселе, университет қожайыны кім болғанда емес. Мәселе бүгінде университет 5000 студентке білім беріп,  қаншама ғалымдарды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар 60 мың шаршы метр ғимараты бар. Соңғы  3-4 жылдың ішінде ҚазККА-ны жақсарту мақсатында 15 млн қаражат инвестиция құйылған. Бүгінде университет нарыққа сай білім ордасына айналды. 

Бұл ел болашағына қарсы шабуыл жасау. Өйткені 5000 бала ауылдық жерде онлайн оқып отыр. Бұл жаңалықты естіп, бәрі абдырап қалды. Оларды басқа университетке жібереміз дейді. Қай униерситетке жібере алады. Теміржол, көлік саласында сапалы білім беретін университеттер жоқ. Егер шынымен, талаптарға сәйкес келмей жатса, ректорды ауыстырсын. Бірақ университетті жабуға болмайды.

 – Кезінде білім министрлігінің өзінде ұрланған кандидаттық жұмыс жазылып, «плагиат» деген әңгіме болған. Бізде министрлікте отырғандардың  білімдері төмен. Бұл тағы да Қазақстанның ілгерілеудің орнына шегініп жатқанын көрсетіп отыр. Мен ҚазККА-ның білім сапасына сенемін. Керісінше, министрліктің сапасына сенім білдірмеймін,  – дейді Азаматхан Әміртай.

Соңғы уақытта Білім және ғылым министрлігі сынға көп ұшыраған мемлекеттік органдардың біріне айналды.  Еліміз індет ілмегіне ілінген тұста, оқушыларды онлайн оқыту министрлікке оңайға түспеген еді. Сол сепбептен, кемшіліктің алдын алу үшін 10  шілде күні Қ.Тоқаев БҒМ-ға оқу жылының басталуына бір жарым ай қалғанын ескертті. Алайда Аймағанбетовке оқу жылына түбегейлі дайын болу үшін 3 ай жетіспеген. Себебі, онлайн оқудағы олқылықтар шаш етектен. Есесіне, қателіктермен жұмыс істеу орнына министрлікте талай жылдық тарихы бар білім ордасын жабу идеясы пайда болған сыңайлы.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айжан БҮРКІТБАЕВА 12:54
«Мен орысша сөйлеуге міндетті емеспін»
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 12:41
Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10:53
Әкімдік мамандары жәрдемақы есептерде жіпке тізгендей тергеп түгендейді-көп балалы ана
Сайт әкімшілігі 09:40
Ақмола облысы коронавирус бойынша "қызыл" аймаққа кірді
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 15:58
Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылысқа қатысты жаңа деректерді жарияланды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 13:40
Нұр-Сұлтандағы дәмханада болған жарылыс: үш адам жансақтау бөлімінде жатыр

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56