05.08.2021, 11:19
1434
«Жас Алаш» газетінің өткен санында (№62, 3 тамыз 2021 жыл) журналист Қуаныш Әбілдақызының «Азаматхан Әміртай: ҚазҰУ-дағы дау: студенттер жатақханасыз қалмақ па?» тақырыбымен кәсіпкер Азаматхан Әміртаймен жарық көрген сұхбатына қатысты «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚтөмендегіні хабарлайды:
Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың студенттерге білім алу үшін қолайлы жағдай жасау туралы тапсырмаларын жүзеге асыруды университет өз құзыреті мен мүмкіндігі деңгейінде толығымен орындауға күш салып келеді.
Оқу орнындағы жатақханалар негізінен 1973-1979, 1980-1989 жылдары пайдаланылуға берілген, тозығы әбден жеткендіктен, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Қазіргі сәтте университет білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ-мен біріге отырып, қатаң қолданыстағы заңнама шеңберінде тозған жатақханаларды қайта салу немесе жаңадан салу жұмыстары бойынша кешенді шараларды қарастыру үстінде.
Сұхбатта айтылған уәждер біржақты берілген және тапсырыспен дайындалғаны байқалады, дербес шаруашылық субъект ретіндегі университеттің мүддесін толығымен ескермеген және құқықтарын жоққа шығарған.
Шындығында, жатақхана құрылысы жайлы мәліметтер төмендегідей:
Осы ретте айта кететін жайт, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Типтік жобалық-сметалық құжаттамасына» сәйкес, 1200 орынға арналған студенттік жатақхана құрылысының сметалық құны 3 млрд 120 миллион теңгеден аспауы тиіс. Ал келісімшартта көрсетілген жатақхана құрылысының құны мемлекет бекіткен бағадан 4,4 есе, яғни 10 млрд 636 млн 940 мың теңгеге артық.
Бұл келісімшартмемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалуына әкеп соғады және университет қазынасына елеулі дәрежеде экономикалық залал тигізеді, 10 млрд 636 млн 940 мың теңгені негізсіз, ешқандай ақылға қонымсыз жағдайда артық төлеуге мәжбүрлейді.
Конкурстық рәсімдер жүргізіліп, 13 млрд 756 млн 940 теңгеге келісімшарт жасасқан жағдайда «Самұрық-Құрылыс» ҚК» ЖШС әлеуетті инвестор ретінде конкурстық іріктеуден өту талаптарына мүлде сәйкес келмейтіні айдан анық.
Келісімшарттың өн бойынан, барлық мәтіннен теңдік принципі сақталмағаны анық байқалады, университет құқықтары барынша шектетіліп, ал инвесторға университет мүддесінен анағұрлым артық басымдық берілген.
Консорциум құру жөніндегі келісімшарттың 15-бап, 15.3 тармағында «Келісімшартты толықтай жарамсыз деп тану немесе бөлшегін бұзу тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі. Егер осындай келіссөздер нәтижесінде тараптар ортақ шешімге келмеген жағдайда, онда осындай даулар Стокгольм қаласы Сауда палатасы жанындағы халықаралық коммерциялық арбитраждың қарауына беріледі» деп көрсетілген.Басқаша айтқанда, түсініксіз себептермен бұл келісімшартта осы дауды шешу үшін шарттық соттылық қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 32-бабындағы міндетті нормаларда «Шарттық соттылық: осы кодекстің 31-бабында белгіленген соттылықты тараптардың келісімімен өзгертуге болмайды» деп бекітілген. Сонымен бірге ҚР Азаматтық процестік кодексінің 31-бабы бойынша (Айрықша соттылық) «Жер учаскелеріне, ғимараттарға, үй-жайларға, құрылыстарға, жермен тығыз байланысты басқа да объектілерге (жылжымайтын мүлік)… жылжымайтын мүлік кепілінің шартын тоқтату не жарамсыз деп тану туралы талап қоюлар осы объектілердің орналасқан жері бойынша беріледі».
Жер учаскелері, ғимарат, үй-жайлар, құрылыстар және басқа жылжымайтын мүлікпен тікелей байланысты нысандар ҚР территориясында, Алматы қаласы, Әл-Фараби, 71 мекенжайында орналасқан.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ келісімшарт жасалған сәтте Республикалық мемлекеттік кәсіпорын болатын. 2011 жылғы 2 наурыздағы ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» №413-IV заңының 136-бабы 1-тармағына сәйкес, мүлiктiк кешен ретiндегi мемлекеттiк кәсiпорын құрамына оның қызмет етуіне арналған мүліктің барлық түрлері (ғимараттар, құрылыстар, жер учаскесi) кіреді.
ҚР Азаматтық процестік кодексінің 31-бабына сәйкес, мұндай талап арыздар объектілер орналасқан Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралуы тиіс.
Келісімшарттың барлық мәнісі инвестор ҚР қолданыстағы заңнамаларының өрескел бұзылуы мен қол қойылған күннен бастап заңды күші жоқ келісімшарттың қитұрқылығын жасыру үшін университетке шарттық соттылықтың шетелде қаралуын міндеттеуде жатқандай көрінеді.
Осының барлығын университетке келтірілетін залалды жасыру, Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын ашық және жасырын түрде бұзу, жоғары пайда түсіру, сондай-ақ келісімшартты дайындау, қол қою және орындау барысындағы заңсыз әрекеттер үшін көзделген жауапкершіліктен жалтару мақсатында жасалған шаралар деп санауға болады. Бұл құрылыс пен қаржылық сипаттағы заңбұзушылықтарға жол беретін алаң болуы әбден мүмкін.
Жатақхана құрылысы бойынша жұмыстың тоқтауы келесі ресми құжатқа байланысты: «Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі хатында (қысқартылып және түсініктемелерсіз алынды):
Басқарма тапсырыс беруші «Самұрық-Құрылыс» ҚК» ЖШС (ары қарай – Тапсырыс беруші) қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Жоғарыда көрсетілген мекенжайдағы (Алматы қаласы, Әл-Фараби, 71) «Жатақхана құрылысы» нысанын жоспардан тыс тексеру нәтижесінде Тапсырыс берушінің белгіленген тәртіппен жобалық сараптамадан өтпеген жобалық-сметалық құжаттаманың бекітілуінсіз шұңқыр қазып, құрылыстық-монтаждық жұмыстар жүргізіп жатқандығы, авторлық және техникалық қадағалау қолға алынбағаны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органдарға тиісті хабарлама жіберілмегені, ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» заңының 17-бабы 1 тармағының 4,4-1,5,6 тармақшалары және 68-баптың 12-тармағының талаптары бұзылғаны анықталды.
Осыған байланысты Тапсырыс берушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316-бабының 1-бөлігіне сәйкес, «Техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, объектiлердi және олардың кешендерін, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынсыз не сараптама жүргізу талап етілетін, белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша салу (реконструкциялау, реставрациялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделi жөндеу), ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 321-бабының 1-бөлігіне сәйкес, «Техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, құрылысты техникалық және авторлық қадағалауларды қатар жүргізбей жүзеге асыру», ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес, «Тіркеу, рұқсат беру, хабарлама жіберу мiндеттi болған жағдайларда, тiркеусiз, рұқсатсыз, сол сияқты хабарлама жібермей, кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру» бойынша хаттама толтырылып, материалдар Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына қарау үшін жіберілді.
Азамат Азаматхан Әміртай университетке келіп, өзін үлкен байланыстар мен мүмкіндіктерге ие танымал «блогер», «қоғам белсендісі», «кәсіпкерлерге жан-тәнімен жаны ашитын қолдаушы» ретінде таныстырып, өзінің келісімшарт пен инвесторға ешқандай қатысы жоқтығын жеткізді. Университет қабырғасында айналасындағыларға дөрекілік танытып, арандатушылық әрекет жасауға тырысты, ешкімді сыйламайтынын көрсетті. Оның «айрықша жан-жақтылығы» да назар аудартады: бірде ол сотферлік компаниялар қауымдастығын басқарады, енді бірде «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсын басқарады және басқа міндеттері жетіп-артылады. Ал аталмыш мақалада аяқастынан жатақхана құрылысын жүзеге асырып жатқан кәсіпкерге айналады.
Азамат Азаматхан Әміртай тілші сұрақтарына жауап бере отырып, тексерілмеген, анықталмаған деректер келтіреді, университет абыройы мен беделіне нұқсан келетін айыптаулар тағып, болжамдар жасайды. Университет Азаматхан Әміртайдың таратқан барлық дәйексіз ақпараттарын негізге ала отырып, ҚР заңнамалары аясында оны жауапқа тарту мақсатында құқық қорғау және сот орындарына арызданатын болады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары білім беретін және жоғары оқу орнынан кейінгі маман даярлайтын көшбасшы оқу орындарының бірі.
Оқуға түсу кезінде дәстүрлі жоғары іріктеу конкурсы сақталып отыр, қазіргі таңда білім алушылар саны 25 мыңнан асады. Университетте ондаған жылдар бойы шешілмеген, жолға қойылмаған қордаланған проблемалар жеткілікті, оларды бір мезетте шешіп тастау мүмкін емес.
Соған қарамастан, университет басшылығы білім сапасын арттыру, қызметкерлер мен студенттер жағдайын жақсарту мақсатында кешенді шаралар жүргізуде. Қысқа уақыт ішінде техникалық-материалдық базаға түбегейлі талдау жасалып, ЖОО инфрақұрылымын дамыту жоспары түзілді. Ең алдымен барлық санитарлық, қаржылық, құрылыстық нормаларды сақтай отырып, студенттерге арналған алты жатақханаға құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделуде.
Университет БАҚ тек бір жақтың позициясын бұра тартып көрсететін тексерілмеген және нақты емес ақпаратты жариялау алаңы емес, сындарлы сын немесе ашық пікірталас алаңы болуы керек деп санайды. Кейбір мақалалар қоғамдық теріс пікір қалыптастыру, заңсыз әрекеттерге мәжбүрлеу үшін қысым көрсету мақсатында жазылатынын жоққа шығаруға болмайды.
Университет өз кезегінде сіздің басылым өкілдерімен кездесу ұйымдастыруға және қолда бар құжаттармен таныстыруға дайын.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР