Қоғамдық кеңес жемқорлықпен күреседі

Б. ЕРНАЗАР

22.04.2022, 17:17

1220

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды тетігіне мемлекеттік органдардың жұмысына қоғамдық бақылау орнату кіреді. 2017 жылдан бастап республиканың өңірлерінде шешім қабылдау барысында қоғамдық пікірді ескеру, дәлірегі халықтың үніне құлақ асу мақсатында Қоғамдық кеңестер құрылған. Алайда  кеңестер алдына қойған міндетін ойдағыдай атқарып отыр ма?

 Жуырда халыққа арнаған жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қоғамдық кеңестердің жұмысына бұған дейін де сын айтқанын, енді олардың жаңаша форматта жұмыс істеуге көшетінін мәлім етті. Бұдан кейін 2021 жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндамада Қоғамдық кеңестердің жұмысына кең көлемді талдау жасалды. Осы баяндамаға қарағанда, азаматтық қоғамның пікірін қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша қоғамдық бақылаудың әртүрлі нысандары (қоғамдық тыңдаулар, қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелері туралы есептерді тыңдау) арқылы білдіру Қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты болып табылады. Алайда жұртшылықтың басым бөлігі ол туралы жартымды ештеңе білмейді. Тіпті сарапшылар:

— Әкімдіктердің жанындағы Қоғамдық кеңестер мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде халықтың пікірін ескеретін және қоғамдық бақылайтын тиімді институттар бола алмады, – деген қорытындыға келген. Кеңестің құрамын жасақтауда дербестік пен тәуелсіздік жеткіліксіз. Мүшелерінің үштен екісі азаматтық сектордың өкілдері болғанымен, көбінесе әкімдерге ниеттестік білдіретін бұрынғы шенеуніктер, депутаттар ұсынылады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қоғамдық кеңестердің жұмысына қатысты бірқатар бастамаларды қолға алып отыр. Дәлірегі Қоғамдық кеңестер енді өзгереді.

Өзгерістер Шымкентте басталып та кетті. Алдымен қала әкімі Мұрат Әйтенов қайта жасақталып жатқан Қоғамдық кеңес мүшелерінің үштен біріне кандидат ұсыну құқығынан бас тартты. Жаңа құрамның ішіне бірде-бір мемлекеттік қызметкер немесе депутат енген жоқ. Түгелдей, қоғам, саяси белсенділер. Бұдан бөлек Кеңес төрағасын әр үш ай сайын ауыстырып отыратын тәртіп енгізілді.

Қоғамдық кеңестің құрамында бірнеше комиссиялар жұмыс істейді. Солардың бірі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия мүшелері іске қызу кірісіп кетті. Өткен аптаның жұмасында олар Шымкенттегі №24 мектептің акт залында мегаполистегі білім беру мекемелерінің бірінші басшыларымен кездесіп, қалалық білім беру басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның есебін тыңдады.

Комиссияның жұмысын бірінші кезекте білімнен бастағаны бекер емес. Себебі Шымкенттің білім саласында сыбайлас жемқорлық фактілерінің тыйылмай отырғаны рас. Қарамағындағы қызметкерлерден ақша жинаған, пара дәметкен директорлар заң алдындағы тиісті жазасын алды. Енді осындай жайттардың қайталануына жол бермеу үшін не істеуге болады? Жиында баяндама жасаған қалалық білім беру басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мектепке маман қабылдау процесі арнайы бағдарлама арқылы жүргізіліп жатқанын және бұл жүйенің оң нәтиже бере бастағанын мәлім етті. Шымкентте қазір төменгі сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі. Мектеп асханасындағы сыбайластықты болдырмау үшін ыстық тамақты оқушының ішкен-ішпегені арнайы карта арқылы есептеліп отырады. Осы жүйеге көшкен мектептердің саны алпыстан асқан. Алдағы уақытта оның саны көбейеді. Ж.Тәжиева сондай-ақ «мектеп басшыларын мемлекеттік сатып алу рәсімдерінен босату қажет» деген ұсынысын да білдірді. Жиында қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері де сөз алып, пікірлерін білдірді.

— Алдағы уақытта комиссия мүшелері қалалық мәдениет басқармасы басшыларының есебін тыңдап, мәдениет қызметкерлерімен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін талқылауды жоспарлап отыр, – деді бізге берген сұхбатында аталған комиссияның төрағасы Жанысбек Өтеген.

Соңғы уақытта қалалық мәдениет саласында келеңсіз әңгіме көп. Біраз жауапты басшының үстінен сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айыптармен қылмыстық іс қозғалды. Былтыр Наурыз тойына, басқа да мәдени шараларға бөлінген қаражаттарға, кадрлар арасындағы тұрақсыздыққа қатысты теріс пікірлер әлеуметтік желіде аз жазылып жатқан жоқ. Осы жайттардың салқыны шығар, жуырда мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенованың қызметінен кетіп қалғаны белгілі болған. Яғни комиссияға мәдениетте талқылайтын, таразылайтын, соның нәтижесімен ұсыныс беретін мәселе көп деген сөз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01