Қоқыстағы сәби: қылмыс па, әлде теріс қылық па?

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

10.09.2020, 09:28

671

    

«Анашым-ай,Құлақ салшы, құрсағыңда бүрлегем, Шаранаңмын бір күн өмір сүрмеген.Сыртқы әлемнің салқындығын сезуші ем, Бірақ мұнша суықтығын сезбегем».      Талай жүректі тебіренткен бұл жыр – сәбидің жанайқайы. Бұл өлеңді Оюлы Қуаныш деген атпен елге танымал болған ақын шығарған. Ақын бұл өлеңін 2016 жылы Жамбыл облысындағы жол бойында ақ қар, көк мұздың үстінде өлі күйінде табылған сәбиге арнапты. Нәрестені тірі туғанына қарамастан, көлікте босанған оныншы сынып оқушысының өгей анасы бейкүнә сәбиді  көлік терезесінен  сыртқа лақтырып жіберген. Осыдан кейін де елімізде бауыр еті баласын керегі жоқ зат сияқты қоқысқа тастап кететін «көкек» аналардың қатары азайған емес.

                                          Кезбеге кезіккен сәби

      Жақында Қарағандыда  тоғыз ай бойы жүрегінің астына көтеріп, айы-күні жеткенде дүниеге әкелген сәбиін қоқысқа тастаған әйелге сот үкім кесті. Бұрынғы жылдары нәрестесін балалар үйіне қалдырған безбүйректердің қылығына ішіміз ашушы еді, енді ХХІ ғасырда сәбилерді керексіз жейде тәрізді қоқыстан табатын болдық. Иә, бұған қоғам азды ма, әлде адам азды ма деп, жаға ұстаймыз. Сорақысы сол – бұл сұмдыққа етіміз үйреніп бара жатқандай.

     Сәуір айында Майқұдықтағы №12 ықшамауданда  кешкі сағат алты шамасында қоқыстан нәпақасын іздеп жүрген үйсіз жан жылап жатқан баланы тауып алған. Ол дереу бұл жайтты тұрғындарға хабарлаған. Абырой болғанда, нәресте аман қалды. «Біздің ауладағы қоқыстан бала табылды, жағамызды ұстадық. Сәбиді аса тола қоймаған қоқыс жәшігіне тастаған. Көрер жарығы бар бала екен, қайта баланың үстіне қатты заттар тастап үлгермеген. Жедел жәрдемдегілер «бала қатты тоңып қалған» деп айтып жатты», – дейді №12 ықшамауданының Салтанат есімді тұрғыны.

                                                 «Асырай алмаймын»     

  Осы оқиғадан екі күн өткен соң, полиция қызметі баланың анасын тауып алған. Ол 22 жастағы Майқұдық тұрғыны, екі баласын жалғыз өзі өсіріп отырған жалғызбасты әйел екен. Бұл әйел пәтердегі жуынатын бөлмеде босанған. Кейін туыстарына айтпастан, ұйықтап жатқан баланы жаялыққа орап алып, көршілес орналасқан үйдің ауласындағы қоқыс жәшігіне тастап кеткен. «Көкек» ана сотта бұл қылығын үшінші баланы асырай алмайтындай қиын жағдайда қалғанымен түсіндірген. Бүгінде сол нәресте балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Әйел сотта балалар үйінде қалған сәбиінен жылап, кешірім сұраған. Нәрестесін қауіпті жерде қасақана қалдырған ананың ісін қараған Октябрь ауданының соты әйелге 55 мың теңге айыппұл салды. Әйел Қылмыстық кодекстің 119-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сот барысында прокурор баласын тастап кеткен анаға айыппұл кесіп беруді сұрапты.       «Мұндай қылмыстық құқық бұзушылыққа айыппұл кесіп беру, түзету жұмыстарына және  қоғамдық жұмысқа тарту жазалары қарастырылған. Сот үкім кесер кезде әйел адамның бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағанын және оның кәмелетке толмаған екі баланы асырап отырғанын ескерді», – деді Октябрь аудандық сотының баспасөз қызметіндегілер.

                                                  «Түрме түземейді»    

  Әлеуметтік желідегілердің бірі бұл сот үкімін тым жеңіл десе, енді бірі «қателескен әйелді түрме түземейтіні рас қой» деп, даулы пікір айтып жатты. Жаза басқан адамның тағдырын шешетін сот саласының мамандары 22 жастағы ананың қылмыстық құқық бұзушылығы қылмыстық теріс қылыққа жатады дегенді алға тартып отыр. Заң бойынша мұндай теріс қылыққа бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылмаған. «Қазақстан Республикасының қолданыстағы Қылмыстық кодексінде қоғамдық қауіптілік пен жазаланушылық дәрежесіне қарай, қылмыстық құқық бұзушылықтар «қылмыстар» және «қылмыстық теріс қылықтар» болып бөлінеді. Бұл азаматшаның әрекеті  қоғамға қауіп төндірмейді. Бұл жерде соттың қылмыстық істі тағылған айып бойынша заң аясында қарайтынын ұмытпаған дұрыс», – дейді қылмыстық істер бойынша үйлестіруші судья  Еркеш Маукен.     Баласын қауіпті жерге қалдырған әйелге қатысты сот үкімі бүгінде заңды күшіне енді.

Тегтер: қоғам мәселе бала ата-ана сот үкімі заң заңсыздық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 13:50
Қазақстанға құс тұмауын жабайы құстар әкелген болуы мүмкін
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 11:16
Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:34
Өткен тәулікте пневмониядан 1 адам қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:38
Ұшақ құлап, 25 адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:35
Пневмония: науқастар саны тағы артты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:26
Өткен тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43