Қордаланған қоқыс мәселесі қашан шешімін табады

Алмасбек ЕРБОЛАТҰЛЫ

22.09.2020, 10:02

1280

     Жыл сайын елімізде 5-6 миллион тонна тұрмыстық қалдық шығады. Ал қала мен ауыл сыртында, ен далада бей-берекет шашылып жатқан қоқыс 100 миллион тоннаға жеткен. Ай сайын қала тұрғындарынан қоқыс үшін ақша жинап алғанымен, оны қала сыртына шығарып, төге салуға ғана шама жетіп отыр. Өкінішке қарай, ары қарай қатты қалдықтарды өңдеп, сұрыптап, кейбір қалдық түрлерін жойып жіберу қолдан келмей тұр. «Күн сайын 2000 тоннаға жуық қоқыс шығарылатын Алматыдай қаланың өзінде қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт жоқ. Сондықтан үстіне құзғын-қарға үймелеп, тышқаны жорғалаған қоқыс полигоны қалаға күн сайын жақындап келеді» деп мамандар дабыл қағуда.

Жүздеген жыл жер қыртысында шірімей жата беретін бұл шикізат түрлеріне талай ел баяғыда тыйым салса, біздің қоқыс полигондарында пластик құтылар шашылып жатыр, ал полиэтилен пакеттер ен даламызда пойыздармен жарысып, ұшып жүр.

Қоқыс іріктеуді игере алмай жатқан – дамушы елдер. Негізінен, көптеген дамыған елдер қоқыс мәселесін әлдеқашан шешіп алған. Францияда қоқысты селекциялық жинау әдісімен қайта өңдеу арқылы 30 пайыз алюминий, 50 пайыз әйнек, 50 пайыз газет қағазын өндіреді. Жапондықтар өртелген қоқыс күлін арнайы құрылғылармен тығыздап, құрылыс заттарын өндіреді, ғимараттар тұрғызып, тіпті бүтін жасанды аралдар салып жатыр.

Мамандардың айтуынша, тазалығымен көз тартатын, барған туристер тәртіптің сақталуына тамсана қарайтын Түркияда қоқыс тазалаушы ең беделді әрі жалақысы жоғары мамандыққа жатады екен. Тіпті қоқыс тазалаушы орта буынды банк менеджеріне қарағанда жақсы табыс табатын көрінеді. Сондай­-ақ тазалыққа жауапты қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қолдау жолға қойылған.

Ал әр нәрсенің соңын ойлап тұратын Германияда кез келген сусын бағасына ыдыс құны қосылады. Ыдыс сусыннан босаған кезде оны өткізіп, ақшасын кері қайтарып алуға болады. Сонымен қатар осы елде тұрғындарды қоқысты сұрыптауға тәрбиелеу жұмыстары да жақсы жолға қойылған. Берлинде жасөспірімдер қоқыс жинап, оны өткізсе, қаржылық марапатқа ие болады­. Мұндай жұмыстар біздің елімізде де жүргізілсе, халықтың бұл мәселеге деген көзқарасы өзгерер ме еді.

Көрші Қытайда қоқыс жинаушыларға төлемақы күнбе­-күн төленетіндіктен, қолма-­қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар бұл іске үйір келеді. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді.

Дамушы елдерде тұрмыс қалдықтарын өңдейтін технологияның жолға қойылмауы, қажетті ресурстардың тапшылығы, күнделікті шығатын қалдықтардың үлкен көлемі, сонымен қатар адамдардың қоқыстан болатын залалды, экологияға әкелетін қауіпті толық сезінбеуінен қоқыс мәселесі дамушы елдерде күрделеніп келеді. Яғни дамушы елдер үшін қоқыс бас ауыртар мәселе болса, дамыған елдер үшін қоқыс табыс көзіне айналып отыр. Әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, қоқысты тиімді табыс көзіне айналдырып, қоршаған ортаға да қамқорлық танытып отырған елдердің тәжірибесі талайға үлгі боларлықтай. Дамыған елдерде қоқысты  қайта өңдеуден түскен ақша қоршаған ортаға да, ел қазынасына да пайда әкелуде. Қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдері, ағаш және темір секілді тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуден өткізіп отырған елдерден біз де үлгі алып, кәдемізге жарата білсек, мемлекетіміздің экономикасына да елеулі үлес қосар едік. Осы орайда, айта кетер жайт, тіпті ашып кететін тамақ қалдықтарынан биогаз өндіретін мемлекеттер де бар екен.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Зияда АХМЕТЖАНОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы профессорының міндетін атқарушы:

— Қазір бүкіл әлемде қатты қалдықтарды жинауға арналған резервуарлары бар қарапайым сұрыптауды шығарды. Алайда оны жинау жергілікті халықтың мәдениеті, сана-сезімі мен патриотизміне байланысты. Алматыда бір тұрғынға күніне орта есеппен екі келі қатты қалдық шығарылады. Қатты тұрмыстық қалдықтардың қазіргі жағдайы көңілге қонымсыз. Кез келген оқулықтан табуға болатын тұрмыстық қалдықтардың қоршаған ортаға келтіретін зиянын ескеруіміз қажет.

     Экологиялық қауіп-қатер Голливудтың қорқынышты фильмдерінің суреттеріне ұқсас қалаға айналып кетуі бек мүмкін. Сондықтан да біз экологияға зиянын тигізбей, өңделетін қоқысты барынша өңдеп шығуға тырысуымыз керек. Бұл тек біздің еліміздегі ғана емес, бүкіл әлем басты назар аударып отырған проблема.

Тегтер: қоқыс экология мәселе түйін тұрмыстық қалдық мәдениет қоғамдық орта

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.10.2020, 14:28
Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 20.10.2020, 11:03
Қару-жарақ ұрлау оқиғасының құпиясы
Айжан БҮРКІТБАЕВА 20.10.2020, 10:38
ҚазАТК кімнің "жеміне" айналмақ?
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 11:17
Уланған маскалар туралы фейк таратылуда
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 10:16
ПТР тест тапсыру бағасы арзандады
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 09:52
Коронавирус бойынша ең көп өсім тіркелген өңірлер аталды

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38