Қуатты өңірлерді дамытудың міндеті айқын

Нұрай РАХЫМ

22.10.2021, 19:23

654

Президент Қасым-Жомарт 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшу туралы тапсырма берген болатын. Сәйкесінше, биылғы 13 қазанда мемлекеттік органдар әзірлеген 10 ұлттық жобаны бекітті. Әрқайсысы да елімізді дамытудың барлық дерлік саласын қамтиды. Мысалы, 10 ұлттық жобанының бірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсартып, баспана құрылысын дамытуды, көліктік-транзит әлеуетін жақсарту және соның есебінен адамдарға өмір сүруге қолайлы орта құруды, базалық қызметтерді халыққа тең дәрежеде қолжетімді етуді көздейді.    

2021-2025 жылдар ішінде іске асыру жоспарланып отырған жобаға 7 жарым трлн теңге қарастырылып отыр. Аталған ұлттық жобаның бағыттарының бірі – көлік байланысын қамтамасыз ету еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін және ішкі көлік байланысын 2025 жылға дейін дамытуға жол ашпақ, сондай-ақ, өз алдына «ішкі көлік желісін дамыту» мен «аумақтардың байланыстылығын арттыру» қажет деген 2 міндет қойып отыр.

Мәселен, бірінші міндет бойынша ұзындығы 12 мың шақырымдық республикалық жолдарды салу әрі реконструкциялау, 11 мың шақырымнан астам республикалық деңгейдегі автожолдарды жөндеу, 27 мың шақырымдай жергілікті маңызы бар автожолдарды салу әрі жөндеу жұмыстары қолға алынып отыр. Сонымен қатар, жол бойындағы сервис нысандарын дамыту және оларды ұлттық стандартқа сай келтіру жоспарланған. Себебі бұл еліміздің транзиттік автомобиль дәліздерінің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Ал екінші «аумақтардың байланыстылығын арттыру» міндетіне келсек, еліміздегі аумақтардың сыртқы байланысын арттыру үшін бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылатын болады.

Соның ішінде, Алматы облысындағы «Достық-Мойынты» темір жол учаскесіне электр энергиясын енгізу және екінші жол салу жұмыстары жүргізілмек. Соның арқасында Қытай-Еуропа маршрутының өткізу қабілетін 5 есе ұлғайтуға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, Сарыағаш станциясының өткізу қабілетін 2 есеге арттыратын жаңа «Дарбаза-Мақтарал» желісі мен жүктерді тасымалдау мерзімін 2 тәулікке қысқартуға мүмкіндік беретін Алматы станциясының айналма темір жол желісінің құрылысы қолға алынады. Байқап отырғанымыздай, тындыру қажет шаруа шаш етектен. Енді оған жүйелі түрде кірісіп, сапалы нәтиже көрсету маңызды.

Жоғарыда атап өткен Қазақстанның Оңтүстік өңірлеріндегі құрылыстардан бөлек, Батысымыздағы Ақтау портында контейнерлік хаб құру, кеме қатынасын дамыту, сондай-ақ авиаинфрақұрылымды, оның ішінде, 5 әуежай мен 8 ЖӘЖ (жергілікті әуе желілерінің) әуеайлағын жаңғырту бойынша тиісті шаралар атқарылады.

Тұтастай алғанда, аталған жобаларды іске асыру нәтижесі бойынша транзит көлемі 2025 жылы 30 млн.тоннаға дейін (2020 жылы — 22,7 млн. тонна) жетеді деп болжанып отыр, оның ішінде контейнерлік тасымалдар 2020 жылғы көрсеткіш 876 мың ЖФЭ-ден (жиырма футтық эквивалент) 2025 жылы 1,6 мың ЖФЭ-ке дейін ұлғаяды деп жоспарлануда. Сондай-ақ, Транскаспий бағытындағы контейнер ағыны 100 мың ЖФЭ-ге дейін ұлғаюы тиіс.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, Нұр Отан жол картасы мен Мемлекет басшысының Жолдауы негізінде «Нұрлы жер» бағдарламасын одан әрі іске асыру мәселелері енді «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында көзделген екен. Бұл бұрынғы мемлекеттік бағдарламалар сияқты ұзақ мерзімді 10 жылға емес, қазір орташа мерзімге – бес жылға бағытталған. Оны бірнеше министрлік пен ұйымдар бірлесіп іске асырады.

Мысалы, тұрғын үй-коммуналдық жағдайларды жақсарту және адамдарға жайлы баспана салу жөніндегі серпінді жобаларды іске асыру үшін 2,9 трлн. теңге бюджеттік және жеке инвестициялар жаратылмақ. Бұл төрт жыл ішінде, яғни 2025 жылға қарай еліміздегі 977,1 мың адамның тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қалалар мен ауылдардағы жұртшылықты су жеткізу қызметтерімен 100% қамтамасыз етуге, сарқынды суларды тазарту деңгейін және тұрғын үйлерді приборизациялауды 100%-ға дейін жеткізуге көмектеседі. Оған қоса, «екі қолға бір күрек» демекші, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жобалары бойынша 50 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. 

Бұл бағыттағы«Инфрақұрылымды кешенді дамыту» деген 1-міндет бойынша мынадай істер атқарылатын болады: 16 мың км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу; 7,5 мың км жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта қалпына келтіру; 46 топтық су тартқыштар және ауылдық елді мекендерде су тазартатын 1 129 кешенді блок-модулін орнату. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының 785 километрге жететін нөсер кәрізі мен арық жүйесінің желілері жаңғыртылмақ (410 км нөсер және 375 арық желілері). Жалпы алғанда, қазір республикамыз бойынша  қалпына келтіруді қажет етіп тұрған 1368,87 км нөсер және арық желілері бар екен. Оның ішінде 875 километрі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына қатысты.

Кәріз-тазарту құрылыстарының 53 нысанын салу және қайта қалыпқа келтіру жұмыстары да қарқынды жүретін болады.  

Ал «Жайлы тұрғын үй» деп аталатын 2-міндетке 1,9 трлн.тенге қарастырылып отыр және осынау қомақты қаражаттың арқасында бірқатар мәселелер шешімін табады деген үміт бар. Біріншіден, алдағы 5 жылда барлық қаржыландыру көздері есебінен Қазақстанда 103 млн.шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.

Екіншіден, еліміздегі азаматтарға жеке тұрғын үй салу үшін берілетін 237 мың жер учаскесі инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етіледі (ауылдық жерлерде 110 мың учаске және облыс орталықтары мен шағын қалаларда 125 мың учаске).

Үшіншіден, әкімдіктер әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды аяқтайтынына байланысты 2022 жылдан бастап жеке тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау және кезекте тұрған табысы төмен 185 азаматқа қолдау көрсету мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл механизм бойынша Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы қызмет көрсететін болады.

Төртіншіден, аталған оператор әкімдіктердің әлеуметтік несиелік тұрғын үй салуына қаржы бөлуді жалғастырмақ. Соның негізінде алдағы 5 жылда кезекте тұрғандар үшін 86 мыңнан астам пәтер салу жоспарланып отыр.

Бесіншіден, Отбасы банкі арқылы халыққа 2% және 5% жеңілдікпен несие беру жалғасын табады. Жалпы ол үшін ұлттық жоба аясында 400 млрд. теңге бөлу және осы тетікпен кезекте тұрған 404 мың адамға қолдау көрсету көзделген. Айта кету керек, мегаполис қалаларда жұмыс істейтін жастар үшін әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйлер ары қарай да салына береді. Ал өңірлер тұрғын үй қорын ұлғайту мақсатында «ескі кварталдарды» жаңарту бағдарламаларын қабылдайтын болады. Сондай-ақ, 5 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан қызметкерлері үшін тұрғын үй салатын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тетігі енгізіледі. Нәтижесіне жұмыс беруші шығындарының 50%-на дейін өтелетін болады. 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:43
Ақмола облысында ауыл тұрғыны көлікке оқ жаудырды
Әділ АҚЫЛБАЙ 09:13
Қазақтардың түсіне де кірмейтін заң
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 14:40
Мұғалімдердің жалақысы қысқара ма, БҒМ пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:35
Тоқаев: Финтех саласындағы аймақтық көшбасшы Kaspi.kz капитал нарығы динамикасын арттыруда
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 11:07
«Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінің басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды – заңгер
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 09:12
Коронавирус жұқтырғандардың саны 900 мыңнан асты

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14