«Құдай маған форточкадан береді»

Жарлы БАЙҒАНИН

17.05.2022, 05:08

1560

Неше күннен бері «Жаңа Қазақстанды» былай қойып, жарты әлем жар салып жатқан жағымды жаңалық туралы мен де жазып тастағым келіп тұрса да, «қазақы балалығым балағымнан тартып», тартыншақтай бергенмін.

Иә, иә, астаналық үш жасар періштені ажалдан арашалап қалған қызылордалық Сәбит пен Сағидың батырлығы һәм адамгершілігі туралы.

Бір қызығы, осы азаматтардың келіншектерін, достарын бәрін-бәрін сөйлетіп, бір-бірінен асып түсуге талпынған жорналшы деген ағайынға Шынар Омарова атты қарындасымның: «Баланың әкесінің сөзін естіп, риза болдым. Осында салайын десем, таппай отырғаным. Балаң ерлік жасады дегендерге, «Ерлік емес, адамгершілік жасады», – деді (дәл осылай болмауы да мүмкін, мағынасы осы). Нағыз адамды тәрбиелейтін осындай әкелер. Журналистер, әйелдерінен әсерін сұрай бермей, әкесінен сұрасаңдаршы. Айтары бар адам сол! – депті. Қалай келіспессің.

Әрине, ананың орны бір бөлек. Бірақ әкені де әсте ұмытуға болмайды. «Әке балаға сыншы», «Әкеге қарап ұл өсер», «Әке көрген оқ жонар», – деп мақалдатып жатсақ та, туған күндерде де тек аналарымызды құттықтаумен шектеліп жататынымыз, тіпті, «Жыр жазсақ та, анамыз сүйенген шарбаққа ғана сүйене» беретініміз неліктен?.. Сонда әкенің орны, қоғамдағы рөлі, қайда қалды? «Қазір мектептерде еркек мұғалім жоқтың қасы, туғаннан сол, бақшада да, мектепте де, ер балаларды кілең әйелдер тәрбиелейді, әйелдер оқытады, сосын, қандай еркек шығады ол баладан», – деген сарындағы әңгімелерді соңғы кездері жиі естіп жүргеніміз де жасырын емес қой. Олай болса, Шынар қарындасымның сөзі ойланарлық!

Кемпірдің баласы болсақ та, бізге жалғыз жетімегімнің жалғасы деп емес, болашақ азамат деп қарай білген сол әжелердің өзі: «Әйел құсап, әтір сепкенше, темекі шек, еркектің исі шығып жүрсін», – дей келе, сәл айна алдында айналғаныңды көрсе: «Өй, әдірәмқалғыр, мәтөк неме, к@тің басына қызыл шүберек байлап алсайшы одан да!», – деп шыр-пыр болатын. Ал атқа мінгенде, тіпті: «Орыс құсап қопаңдамай, тақымыңды қысып отыр!» Қамшымен нұқып қояр ер мінез, соғыс салған ылаңнан өздері еркек болып кеткен қайсар қара кемпірлердің тәрбиесі кеткелі өбектеумен өскен өрімдер көктеректердей, көбейіп барады. Жо, жоқ, «Әтірдің орнына шылым шек», – дегенді тура мағынасында түсініп қалсаңыздар, жаңағы қамшы жон арқаңда ойнайды. Олай ойлай көрмеңіз! Ол әжемнің метафорасы. Әлгі қызыл шүберек те солай! Ал тақымың бос болса, ол енді бөлек әңгіме… Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қара жаяу. Аттан айырылып қалған! Ондай орын бос тұрушы ма еді? Оның орнын қауға сақалды «сақабалар» басқан. Бұрынғы педагогикада өткінші кезең деген түсінік болатын. Сол «өліара» кезеңнен өзіміз де өттік. Білеміз. Қиындау. Осындай кезде Құдайдың өзінен сутенер жасап алған әлгі сужұқпас сақалистер: «Өмірдің көкесі о дүниеде. Құдай қойныңа 40 сұлу қатынды салып береді» – деп, бармен қылып, бал шарапты теңіз қылып, ағызып қояды, – деп у ағызады. Әрине, анадай әңгімеге елтитіндер аз емес...  Біз ше? Ұлттық идеология тұрмақ, ұлттық педагогиканың өзін жоғалтып алып, әліппемен әупірімдеп, қайта табысып жатқанымызға мәзбіз. Игіліктің ерте, кеші жоқ. Оған да шүкір дейміз. Енді аз болмағанда, ышқырсыздығымыздың өзін қытайдың резеңкесінен көруге де шақ қалғанбыз. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деген бабаларымыз. Бұл жердегі бесік те жаңағы «әжемнің әңгімесі» секілді мағынада. Олай болса, бүгінгі біздің бесігіміз қайсы? Ендеше, соның бәрін түзетуіміз керек. Шұғыл! Енді кешігуге болмайды. Уақыт жоқ!

«Ойды ой қуады» демекші, осы бір шағын «тәлімтрендтің» тууына себеп болған тақырыпқа оралсақ, «маған Құдай форточкадан береді» деген сөзді Сәбит батыр анасына еркелеп көп айтады екен. Иә, қазақ әдебиетінде желдеткіш деп тәржімалағанымызбен осы «портішкі» туралы екінің бірі жиі қолданатын тіркестің бекер еместігін өмірдің өзі бүгін дәлелдеп бергендей. Яғни не айтсақ та жақсы ой айта білейік. Ниеттер міндетті түрде қабыл болады, тек соған сене білу керек! Тек, Құдай портішкіден береді екен деп, төбеге түкіріп жата беру емес, қарекет те керек. Қарекет түбі – берекет!

Екі батырға көрсетілген құрметке көңіл қош! Тек, санамның сонау түкпірінен, пәтерді жеке адамдар емес, мемлекет беру керек еді ғой, деген бір ой сыбырлайтындай. Неге? Өйткені соңғы жылдары жақсылықтар мен жамандықтардың бәріне мемлекет емес, халық көмектесетін болды. Былтырғы құрғақшылықта да халық жұмылды. «Харекет», ROI деген қоғамдық қорлар халықтан ақша жиып, кедей-кепшік пен жарлы-жақыбайларға үй алып беріп жатыр. Осының бәрі халықтың емес, мемлекеттің міндеті еді ғой. Неге мемлекет халықтың мойнына мініп алды? Халықтың салығын санап алуға келгенде, есептен жаңылмайтын үкімет – жақсылық жасауға келгенде, неге «сөлкебаймен» ғана шектелетін болды? Осы жағын да ойлай жүрген жөн болар.  

Бәрібір, Құдай шынымен де поршкіден берді, міне! Періштеге де екінші өмірді сол портішкіден сыйлады. Екі азамат та үйлі болды. Астананың төрінен, ойып тұрып! Бұл жердегі ең басты мәселе тек үйде немесе жабылған кредиттерде ғана емес, сол екі азаматтың қазақ деген ұлтты айдай әлемге паш етіп, соңдарында әдемі аңызға бергісіз тәрбие қалдыра білуінде. Олай болса, «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», – деп жүргендер «Біздің елдің жігіттерін» де жиірек әнге қосып жүрсе екен деген ниет қана. Өйткені әннің құдіретін, «Қуан сен, қуана бер, Әкетайым, Мен сенің өміріңнің жалғасымын!», – деп әндетіп өскен ұрпақ жақсы біледі.

Р.S.

Айтпақшы, осы бір аңызға бергісіз оқиғаның ел құлағына ілінуіне ең бірінші себепкер болған, бейнежазбаны түсірген астаналық қарындасымыз: «Мен елеусіз қалдым. Маған ешкім рақмет те айтпады», – дегендей наз білдіріпті. Орынды да шығар, қарындасымыз ғой. Оның үстіне, аяғы ауыр екен. Үкінің балапанындай үлпілдеген үш қызғалдақты мәпелеп отырған айналайынға «мәмесі» іспесін деген оймен «төртіншің сол батыр ағаларындай азамат Ұл болсын!» – деген батамызды берейік...

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлия ТАУКЕНОВА 24.06.2022, 12:50
Мерғалиға ауылдың бір көшесін неге қимадық?
М.СӘУЛЕБЕК 23.06.2022, 16:40
Түркістан медицинасы үздіктердің қатарында аталды
М.СӘУЛЕБЕК 22.06.2022, 16:50
Мегаполис атанған Шымқалада не өзгерді?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.06.2022, 11:00
Флораға жұтаң Қарағанды шөлейттегі шаhар ма?
М.ЖӘНІБЕКҰЛЫ 22.06.2022, 08:36
Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 21.06.2022, 11:40
«Билайн» балаларды неге соттайды?

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33