Құқықтық мәдениет қалыптасып келеді

Ерзия ЕРСҰҢҚАР

30.09.2021, 09:57

455

      Азаматтар құқығының қорғалуы, құқықтық мәдениеті олардың құқықтық білімі мен құқық бұзушылыққа қарсы тұра білу деңгейіне байланысты анықталады. Құқықтық мәдениеттің қалыптаспауы салдарынан болмашы нәрсе үшін соттасып, тіпті ұсақ-түйек заңбұзушылық жасап, құқықтық мәдениеттің төмендігінен оған мән  бермейтіндер де болады. Сондықтан мемлекетіміздің алдында құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін, гуманизм мен әділеттілік қағидаттары арқылы әрекет ететін құқықтық, азаматтық қоғам құру міндеті тұр. 

Өркениетті заманда дау-жанжалды реттеудегі мәдениеттің де орны бөлек. «Ел даусыз болмас» дегендей, дауласқанның бәрін сотқа сүйрей беру, екі көршінің келіспеушілігін де сотқа дейін жеткізу дұрыс емес екенін тәжірибе көрсетуде. Ал біздің қоғамымызда көбінесе дау-дамайды тек сот арқылы ғана шешу керек деген көзқарас қалыптасып қалған. Әр нәрсенің алтын аралығы болатыны, ақиқат біреу болғанымен, әркімнің көзқарас тұрғысынан өз шындығы болатынын да ескеру қажет. Елімізде азаматтық қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруда сот жүйесі негізгі рөл атқарады. Сондықтан соңғы кездері елімізде медиациялық институтты дамытуға аса көңіл бөлінуде. Медиациялық кабинеттер ашылып, бітімгершілік жолдары жеңілдетілуде. Өйткені даудың барлығын бірдей сотта шешу мүмкін емес. Сот екі тараптың да талаптарын бірдей қанағаттандырып, екі жақты бірдей риза қыла алмайды. Ал медиатор мүмкіндігінше екі тарапты да риза қылудың жолын іздейді. Әрине, сотқа жүгіну заңды құқығымыз. Алайда іске нүкте қойылғанша, бір емес, бірнеше сот отырысы өтуі мүмкін. Бұл айтарлықтай уақыт та алады. Сот саласының қызметкерлері үшін де, азаматтар үшін де уақытты ұттырғаннан гөрі істің дер кезінде шешімін табуы маңызды екенін ескерсек, істі сотқа дейін жеткізбеудің маңызы зор.

Екіншіден, сот – материалдық тұрғыдан шығын. Мемлекеттік баж төлемінен бөлек, сот шығыны, әр сот ісіне келіп кету жол қаражаты, заңгерлерді жалдау қаржылық шығынды қажет етеді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, дамыған елдерде дауды шешу уақыты да ұзақ, сот шығыны да қымбат. Сондықтан дамыған елдердегі даудың саны көп емес. Соттан гөрі медиациялық жолмен істің шешімін табу тиімді болғандықтан, тараптар бітімге келеді немесе істі сотқа жеткізбей шешуге ұмтылады. Ең бастысы, құқықтық қоғамда өмір сүргеннен кейін кез келген қарым-қатынасты дауға ұластырмауға тырысып, даудың алдын алудың жолдарын қарастыру қажет. Сондай-ақ қандай да бір құқықтық қарым-қатынас жасаудың алдында кәсіби заңгерлердің көмегіне жүгіну арқылы дұрыс шешім қабылдаған жөн. Бұл халық арасында құқықтық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын білдіретін басты қағида. Жалпы, құқықтық мәдениет ұғымының ауқымы зор.

Ең өкініштісі, көп жағдайда қоғамымызда азаматтарымыздың құқықтық мәдениет сақтаудан хабарсыз екенін аңғарамыз. Жеке адамның шекарасына өту арқылы тіл тигізіп, кейбір лауазымды тұлғалар қызметтік дәрежесін асыра пайдаланып, азаматтардың жеке басына қатысты құпия болып табылуы керек мәліметтерді жария етіп, абыройын төгіп, ар-намысына тиіп, іскерлік беделіне нұқсан келтіріп, қоғамдық тәртіпті бұзып тұрғанына мән бермей жатады. Тіпті құқықтық мәдениетінің төмендігінен істі болып кету қаупі де зор. Ал көп жағдайда құқықтық мәдениет ұсақ-түйектен басталады. Мүмкіндігінше көпшілік орында халық бір-біріне адамгершілік, сыйластық қарым-қатынас қағидаларын ұстанып, түсінуі, бір-біріне жанашырлық танытуы қажет. Сондай-ақ құқықтық мәдениет дегеніміз тек өз құқығыңды пайдалану ғана емес, өзгенің құқын да сақтау екенін жадымызда ұстаған жөн.

Ашығын айтқанда, құқықтық тәрбие негізі отбасынан басталады. Адамдардың жасөспірім шағынан тәртіп бұзуының бір ұшы отбасында алған тәрбиеде жатыр. Көбінесе біздің қоғамымызда отбасы әрқилы: маскүнемдікпен күн өткізетін, ұрыс-керістен көз ашпайтын, басқалардың, мемлекеттің есебінен арам жолға барып қалғысы келетін отбасылар да кездеседі. Осындай отбасында өскен баланың оқуға, еңбекке қалай қарайтыны өз-өзінен түсінікті. Мұндай отбасында тәрбиеленген балалар көбінесе қылмыс жасауға біртабан жақын тұрады. Алайда заңды білмеу – құқықтық мәдениеттің елеулі кемшілігі. Яғни заңды білмеу, оны бұзу  жауапкершіліктен құтқармайды. Құқықты құрметтеу, әділдікті, борышты, жауапкершілікті, заңдылықты сезіну адам тұлғасының жоғарыдан көрінуі екенін атап өтуіміз керек. Осыдан келіп заңдылықты сезіну құқықтық мәдениеттің құрамы екенін түсіну қиын емес. Қазіргі кезеңде қоғамның бірте-бірте демократиялық дамуы жалпы білім беретін орта мектептерде мектеп басшыларынан, мұғалімдерден құқықтық тәрбиені зор шеберлікпен, шығармашылықпен іске асыруды талап етеді. Мектеп кезінен құқықтық мәдениеттің маңыздылығын оқушылар бойына сіңіру қажет.

Айта кетер жайт, халықтың құқықтық сауаты бүгінде бұрынғысынан әлдеқайда жоғарылады. Қоғамдағы ұсақ құқық бұзушылыққа тұрғындардың өзі төзбейтін дәрежеге жетті. Қазіргі уақытта шетелдерден келген қонақтар  елде тәртіп барын, тұрғындардың құқықтық санасы жоғары екенін бірден байқайды. Осындай жоғары мәдениет, бірыңғай тәртіп еліміздің заңын сыйлау, соған сөзсіз мойынсыну нәтижесінде келгені мәлім. Сондықтан заң талаптарын түсіндіру, құқықтық сауатты одан әрі көтеру бағытындағы жұмыстарды одан әрі тоқтаусыз жүргізе беруге тиіспіз. Сонда халқымыздың құқықтық сауаты артып, тәртіп бұрынғыдан да нығая түседі. Ал тәртіп – елдіктің ең басты қағидасы.

Тегтер: сот жүйесі цифрландыру бастама шешім шара

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:15
Қазақстан халқының саны туралы мәлімет жаңарды
Сайт әкімшілігі 09:58
Зейнетақыны Kaspi Gold картасына алу жеңілдей түсті
Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ 09:03
Ұлы даланың болашаққа жеті арманы
Бифат ЕЛТАЕВА 09:02
"Мен қазақ қыздарына қайран қалам"
Қуаныш ЕРМЕКОВА 16.10.2021, 15:38
Балаға қамқорлық - болашағымызға жасалған жақсылық
Нұрай РАХЫМ 16.10.2021, 14:34
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасынан үміт көп

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29