06.06.2023, 16:45
1167
Қызылорданың аптап ыстығы жылдағыдан ерте басталды. Дәл қазір жердің қызуы дән тастауға қолайлы болғанымен, Сырдариядағы судың аздығы Қызылқұмда қауын-қарбыз егетін диқандарға қолбайлау болып тұр. Дегенмен бірі насос тартып, енді бірі су жетер еңіске тұқым тастап, қолдан келер қарекетті жасауда.
– Су жетіспеушілігі барлық өңірде байқалып отыр. Біз Жаңадария арнасынан су алатын диқаншыларға қалыпты мөлшерден бөлек 5 текше метрге дейін су бөлуді көздеп отырмыз. Су мәселесі күнделікті назарда болғандықтан, Сырдың бренді болар қауын-қарбызды сусыз қалдырмаймыз, – деді Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев.
Ал жаңақорғандық шаруалар болса егілген күріш дәнін бастыратын су таппай, шығынға шаш-етектен батқанын айтып, мұңын шақты. Бүгін-ертең дән себілген атыздарға су келмесе өнімсіз қалатындарын айтып, дабыл қағуда.
– Көктемнен бері еткен еңбек рәсуа болайын деп тұр. Су болмағаннан кейін жер қаңсып кетті. Бір ғана атыздың өзін тегістеп, оған дән себуге бақандай 500 мың теңге шығын кетеді. Мысалы, менің 400 млн кредитім бар қазір. Күріш болмаса, ертең мен кредитті қайтіп төлеймін. Су бермесе екпей-ақ қоятын едік, – дейді шаруа қожалығының төрағасы Құлмағанбет Исаханов.
Биыл Сырдария өзенінің деңгейі көтерілгенімен егістікке келіп жатқан судың мөлшері өте аз дейді шаруалар. Олар бұл құрғақшылықты «қолдан жасап отыр» деді.
– Әрбір елдімекенге пәлен гектар егістік егесің деп бөліп берді. Айтқан межесі бойынша егін ектік, енді сол гектарына су тауып бере алмай жатыр, – дейді ШҚ төрағасы Фархат Мәтешов.
Су шаруашылығының мамандары болса күріштікке тиесілі мөлшерден артық су жіберіп жатырмыз, бірақ берілген су алқаптарға тез сіңіп кетіп жатқанын айтады.
— Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан Жалағаш, Қармақшы және Қазалы аудандары да су тапшылығының зардабын тартып отыр. Мысалы, Жалағаш ауданның өзінде жоспарға сәйкес суды ала алмай отырған шаруа қожалықтар бар. Суды осы бірқалыпты деңгейде сақтап отырсақ, 10-на дейін біз егінді толық сумен басып бітіреміз деп күтілуде, – дейді «ҚазСушар» Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы Айдос Асанбаев.
Өкініштісі сол – бұл уақытта суы жоқ дән себілген алқаптар құстардың мекеніне айналған. Су келгенмен енді бұл жерлерден мол өнім алудың өзі екіталай. Өйткені себілген дәндердің біразы құстардың қорегі боп кетті.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР