Құтқарушыларды кім құтқарады?

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

11.02.2021, 09:35

3222

Алматыдағы 109 қызметінің  құтқарушылары жалақы төленбесе, жаппай жұмыстан кетуге арыз жазуға дайын. Құтқарушылардың айтуынша, оларға бірнеше айдан бері жалақыға қосылып берілетін жәрдемақы мүлде төленбеген.  Ал желтоқсан, қаңтар айларының жалақысын 109 қызметкерлері  әлі алмаған. «Жалақы көрмей зарықтық» деген құтқарушылар 9-шы ақпан күні мән-жайды айту үшін қалалық Төтенше жағдайлар бөлімінің алдына жиналды.

«Қарызға баттық, бәрімізде несие бар»

Жалпы, 109 қызметкерлерінің  айтуларынша, құтқарушылар осы уақытқа дейін қаншама адам өміріне араша түсіп,  көмекке мұқтаж жандардың алғысын арқалаған. Бірақ қазіргі сәтте сол құтқарушылардың өзін құтқару керек болып тұр. «Біз төтенше жағдайларда жұмыс істегеніміз  үшін қосымша үстемақы алатынбыз. Бірнеше ай болды осы төлемдермен мәселелер туындады.  Сол кезде бізге «қаражат Арысқа жіберілді» деп айтты.  Ал осы жолы төлемдерге қол қоюы керек адамның шетелге демалуға кеткенін және одан басқа ешкімнің қол қоюға құқығы жоқ екенін айтып отыр», — дейді сала қызметкерлері.

Өзі қызмет етіп жүрген саланың кері кетіп бара жатқанына налыған Ұмар Мұсаев: «Жігіттердің бәрінде несие бар, біз шамамыз келгенше күн көреміз, қосымша ақша табамыз, таксист боламыз,  біреу қарызға ақша алады, біреудің туыстары көмектеседі.  Қазірдің өзінде банктерден қоңырау шалуда, коммуналдық төлемдерге де қарыз көбейіп жатыр», — дейді. Оның айтуынша, қолдарына тиетін жалақылары да аса көп те емес. Негізгі жалақы 75 мың, қосымша төленетін үстемемен 110-130 мың теңге.

«Балға мен қашау ұстап көмекке барамыз»…

Құтқарушылардың жалақыдан бөлек, арнайы киіммен қамтамасыз етуге қатысты да сұрақтары бар.  Олар өткен жылы бірыңғай киіммен қамтамасыз етілмеген. Ереже бойынша  жазғы киім жылына бір рет ал қысқы киім екі жылда бір рет берілуі керек. Бұл ретте атын атағысы келмеген құтқару қызметінің мамандары: «Жыл сайын жабдықтарға ақша бөлінеді, бірақ олар бізге тау-кен техникаларын, құтқару құралдарын, апаттық жағдайдағы көліктерді сатып алып жатқан жоқ.  Сонымен бірге, басшылық жаңа көліктерді жүргізушілерімен айдайды.  Біз ескі ГАЗельдерді айдаймыз, біз оны бұзылса, өзіміз жөндейміз.  Шақыртуларға барсақ, бізге ескі құралдармен — балға мен қашау ұстап келгенімізге күледі.  Формаға келетін болсақ, ол 30 адамға сатып алынған, ал біз, жедел құтқарушылар 80 адамбыз.  Қыс бойы жазғы етікпен (бертцы) жүрдік»,-дейді.  

Құтқарушылар кейде шақыртуларға шығу үшін сэконд-хэнд дүкендерінен киім сатып алуға тура келетінін айтады.  Сондай-ақ ауру немесе жарақат пайда болса, өз қаражатыңмен емделу керек. 

«Біз 102, 103, тоғызыншы бригадаға көмектесеміз, суицид жағдайларына,  тауға, жол апатына шығамыз, сүңгуір жұмыстарын жүргіземіз.  Пандемия басталған кезде адамды үйден жедел жәрдемге ауыстыруға көмектесу керек болса, бізді шақыртатын.  Бірақ біз мұндай қызметтерге ешқандай қосымша төлемдер сұрамадық. Біз тек жалақы сұраймыз», — дейді құтқарушылар.

Осылайша «әбден тарықтық» деген олар Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтан сауға сұрап отыр.

     Ресми деректер не дейді?!

 Атап өтетін басты мәселе,  Алматыдағы төтенше жағдайлардың 98 пайызы өрт салдарынан туындап жатады. Қалада жылына орта есеппен 600-ге дейін өрт шығады. Салдарынан адам өлімі орын алып, жекелеген мүліктер мен құрылыстар қирап жатады. Мұндай жағдайда қаладағы өрт сөндіру қызметінен бөлек, осы 109 қызметкерлері де құтқаруға жұмылдырылады. Сондай-ақ, Алматы таулы аумақта орналасқандықтан сел жүру қатерінің қаупі де жоғары. Бұдан бөлек таудан түсе алмай қалғандарды құтқаруға да 109 қызметкерлері бірінші болып жетеді. Ұсақ-түйекіт айтпағанда 109-дың жұмысы қауырт, еңбегі адал. Статистикаға жүгінсек,  аталмыш қызметтен көмек сұрап жылына 500 мың қоңырау соғылып, жұмыстың 99 пайызы орындалады екен.

Міне, осылай бастарын қауіпке тігіп жұмыс істейтін құтқарушылардың жағдайын жасай алмай отырғанымыз әрине өкінішті-ақ. Өркениетті елдерде мұндай  қызметкерлердің жұмысы «қауіпті мамандық иесі» ретінде жоғары бағаланады.  Мысалы, ЮНЕСКО-ның есебінше, өз міндеттерін атқару барысында әлем бойынша бес жылда 372 құтқарушы көз жұмады екен.

Мамандардың айтуынша, біздің елде құтқарушыларға қарсы бағытталған оқиғалардың бәрін олардың кәсіби қызметіне байланыстырудан қашады, керісінше, ол оқиғаларды төтенше жағдай ретінде қарауға тырысады. Бұл ретте заңгер, Ермек Ниязов:

  – Құтқарушы – қауіпті мамандық. Керек кезінде керекті жерінде табылып, от пен судың ортасында жүретін  олардың ісін неге бағаламаймыз? Сондықтан осыбір қауіпті әрі жауапты мамандықты меңгеріп жүрген қауымға мемлекет тарапынан  құрмет көрсетілуі керек,-дейді.  

Ал алдағы уақытта аталмыш сала мамандарына қандай көмек көрсетілетініне қатысты Алматы қаласы құтқару қызметінің ресми өкілі былай деді:

– 2021 жылдың 20 қаңтарында қалалық әкімдікпен авариялық-құтқару қызметтерін ұсыну туралы келісім жасалды, соған байланысты «р айдың басынан бастап Алматы қаласы құтқару қызметі, прейскурантқа сәйкес, барлық растайтын құжаттармен орындалған жұмыстар актілерімен жабылатын қызметтер үшін ақы алады, содан кейін кәсіпорынның банктік шотына қаражат есептеледі, нәтижесінде қызметкерлерге жалақы төленеді. Қазіргі уақытта орындалған жұмыстар актісі рәсімделді. Жақын арада жалақы қызметкерлердің есепшотына түседі.

Сөйтіп,  Алматы құтқару қызметінің баспасөз қызметі бұл жағдайға  осылайша түсініктеме беріп, қызметкерлерге жалақы төлеу мәселесі шешіліп  жатқанын айтып, осы аптаның соңына дейін жалақыларды төлеп береміз деп уәде етіп отыр.  Сондай-ақ  құтқару қызметінің ресми өкілі «құтқарушылардың қызметкері арнайы киіммен және техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген, болашақта та қамтамасыз етеміз» деп те сендірді....

Тегтер: құтқару қызметі жалақы несие кредит мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан Арын 07.05.2021, 09:02
Сот жүйесіне жасанды интеллектінің көмегі бола ма?
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 07.05.2021, 08:49
«Жас қазақ» әні қалай туған?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 06.05.2021, 13:34
Көпбалалы отбасыны орталықтар шынымен қолдай ала ма?
Сайт әкімшілігі 06.05.2021, 10:32
Бауыржан Байбектің өкілі Мамайға қатысты азаматтық іс қалай жүріп жатқанын айтты
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 05.05.2021, 13:17
Бензин бағасы «безілдеп» тұр оны қалай ауыздықтаймыз?
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 05.05.2021, 08:45
Ғылым саласы өлді, қайтпек керек?

Аңдатпа


  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06
  • Орыс қазақтың ішер асына дейін жармасқалы отыр
    29.04.2021, 08:56